2019 жылы баспана бағасы қалай өзгереді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
8888

Сарапшылар келер жылы үй бағасының күрт өзгеруі мүмкіндігін жоққа шығарады.

2019 жылы баспана бағасы қалай өзгереді

Елдің экономикалық ахуалы алдымен жылжымайтын мүлік бағасынан байқалады. Осы орайда, 2018 жылы елдің ішкі жалпы өнімінің жылдық өсімі 4 пайызды құрады. Бұл дегеніңіз, инфляцияны қоса есептегенде үй бағасының келер жылы аздап болса да өсетінін көрсетеді.

Баспана құрылысы мен ипотекалық несиелердегі мемлекеттің бағдарламаларының белсенділігін ескерсек, жалпы, нарықтағы жағдайдың тұрақты болатынын болжауға болады. Айта кетейік, биыл жыл қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті жаңа үйлердің 2,2%, қайталама нарықтағы үйлердің бағасының 1,7% өскенін мәлімдеді. Дегенмен, доллармен есептегенде бұл көрсеткіш "минуста" екені белгілі.

Өкінішке қарай, 2018 жыл экономикаға айтарлықтай жағымды жаңалықтар әкелген жоқ. Мұнай қымбаттағанымен, күзден бері қайта құлдырап, доллар бағамы жыл басынан бері 20 пайызға көтеріліп кетті. Халықтың табысы ұлғаймағанымен, тұрғын үй құрылысы қарқын алып, нарықта сұраныс артып, баға аздап болса да өсті.

Мәселен, 2018 жылдың алғашқы 10 айында салынған жаңа үйлердің саны былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 10 пайызға көбейді. Ал халықтың нақты ақшалай табысы тіпті азайып кетіп, жыл соңына қарай қайта көтеріле бастады. Орташа табыс көлемі Алматы, Астана, Атырау мен Маңғыстау облыстарында ғана 100 мыңнан асады, ал қалған өңірлерде 100 мыңнан төмен.

Келер жылы мұнай бағасы айтарлықтай қымбаттай қояды дегенге сену қиын. Ең оптимистік болжамдардың өзі қара алтын құнын 60 доллар деңгейінде болады деген жорамалда. Немесе баға 35 долларға түсіп кетуі мүмкіндігін кей үкіметтік адамдардың өзі жоққа шығармайды. Мәселен, РФ энергетика министрі Новак биыл мұнай 85 доллар болғанда бағаның 50 долларға түсетінін дәл болжаған. Енді ол келер жылы қара алтын 35 долларға дейін арзандауы мүмкін екенін алға тартады.

Келер жылғы болжамға келсек, нарықта жылжымайтын мүлікке деген сұраныстың өсуі ықтимал. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақты қымбаттауына жол ашады.

"Жалпы, 2016-2017 жылдар жылжымайтын мүлік нарығындағы ең арзан кезең ретінде еске қалуға тиіс. Алдағы уақытта бағаның күрт төмендеуі мүмкін деген адам қателеседі", дейді сала сарапшысы Любовь Вансович.

Сарапшылар негізінен келер жылы үй бағасының күрт өзгеруі екіталай деп отыр. Бұл тұрғыда көпшілігі бағаның біртіндеп өсетінін айтады. Олардың пікірінше, экономика тұрақтылығын сақтаса, жылжымайтын мүлік бағасы да тұрақты болады.

Қорыта айтар болсақ, сарапшылар келер жылы нарықта тұрақтылық орнайтынын, дегенмен сұраныстың ұлғаюына байланысты бағаның аздап көтерілетінін, дегенмен, оның өзі инфляцияны қоса есептегенде халықтың төлем қабілеті шегінен аспайтынын айтады.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу