2022 жыл – Қазақ футболы үшін қалай болмақ?

2033

Жылдың басы еліміздегі дүмпумен өріліп, саяси өміріміздің астан-кестеңі шықты. Бұл оқиға Қазақстандағы футболға да қатты әсерін беруі ықтимал. Талқылап көрейік.

2022 жыл – Қазақ футболы үшін қалай болмақ?

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстандағы кәсіпқой футбол клубтарына 1 млрд, 200 млн теңгеден артық бюджет бөлінбесін деп лимит қойған еді. Алайда бірнеше клубтың басшылығы және оларды басқарып отырған әкімдіктер бұл тапсырманы айналып өтті. Айналып өтудің де түрлі заңды әдістерін пайдаланды. Демеуші тартты, қызмет көрсетіп еңбекпен тапты, жалға беру арқылы қаржы алды деген секілді. Ал биыл еліміздің бірнеше аймағы экономикалық тұрғыда қиын жағдайға тап болды. Бұл ең алдымен Маңғыстау облысы. Мұндағы митингтердің салдарынан жергілікті әкімдіктің қазір ФК "Каспийге" көңіл бөлетін шамасы жоқ. Сондықтан да, футболшылары мен бапкерлері кетіп қалған "Каспий" биыл не көрсетері белгісіз. Бұл команданы құрған да, аяққа тұрғызған да Благоевич еді. Ол қазір "Астана" бапкері. Шамасы, мынандай жағдайдан соң "Каспий" 2022 жылы премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін күресетін сыңайлы.

Ақтаудан кейін қиын жағдайға тап болған қала бұл – Алматы. Алайда бұл қаладағы клубымыздың мемлекет бюджетіне күні қарап отқан жоқ. "Қайрат" клубы шет елге ұшса да, әуежайдың қиын жағдайда болғанына байланысты ешқайда ұшпай қалса да дайындалатын жері бар. Өзінің базасы өзіне жетеді. Бірақ жолдастық матчтар ойнау үшін команданың Түркияға барғаны жөн. Құрбан Бердыев маусымға анық мақсаттар қойып, дайындық үшін берілген уақытты молынан пайдаланатыны анық. Себебі өзге клубтардың қазір аяқ-қолы байлаулы секілді.

Қостанай митингтердің кезінде салыстырмалы түрде қатты зардап шеге қоймады. "Тобылдың" да Қостанайда манежі бар. Жаттығу жасап, шекараның ашылуын асықпай күтсе де болады. Бұл командадан бірнеше футболшы кеткенімен, негізгі футболшылар келісімдерін созды. Демек "Тобыл" да маусымға жақсы дайындықпен келеді деген ойдамыз. Ал Қарағанды қаласының мақтанышы "Шахтер" клубы қысылтаяң жағдайда. Бұл командадан 9 футболшы кетіп қалды. "Кеншілердің" Қазақстан кубогін жеңе алмай қалғаны осылай көрініс беріп жатыр. Дегенмен клуб басшылығы қазір жанталасып, әрекеттерге кірісті.

Шымкентте митинг болмай тұрып "Ордабасы" клубының жағдайы онсыз да ауыр еді. Клуб қарызы миллиардтан асып кеткен. Жанкүйерлер жалғыз Бақтияр Байсейітовке сенім артып отыр. Ол кісі таныс-тамырын тартып, құда-жегжаттарына сеніп, солардың арқасында бірдеңе қылып жағдайдан шығып кетіп жүрген еді. Енді жағдай қалай болар екен? "Ордабасы" клубының қаржылық қиындығына қуанса қызылордалықтар қуансын. Бәлкім премьер-лигадағы орнын "Қайсар" алатын шығар?! Себебі Түркістан облысының басшылығы "Тұран" мен "Мақтаарал" клубтарына ғана көңіл бөледі. Ал "Ордабасы" қала бюджетіне тәуелді.

"Мақтаарал" 750 млн теңге бюджет алды. Олар өткен жылы 400 миллионмен Бірінші лига чемпионы атанды. Бұл клуб биыл жанкүйерлерді таңқалдыруы әбден мүмкін. Бас бапкер болып Ферапонтов тағайындалды. Белоруссияда қызмет істеп келген осы маман жайлы көп адам жақсы пікір айтады. Жастарды жақсы тәрбиелейтін маман 10 қаңтар күні БИІК футбол базасында алғашқы жиынды бастамақшы. Оған Шымкенттің күллі мен деген жастары шақыртылады. Бапкердің әсіресе "Академия-Оңтүстік" футболшыларына көңілі түскен сыңайлы. Ал облыстың екінші клубы "Тұран" жайлы дәнеңе деу қиын. Мұнда клуб ішіндегі тартыстар әлі де аяқталмаған сыңайлы. Спорт директоры ретінде Фархадбек Ирисметов тағайындалды. Ал бапкер мәселесі әлі белгісіз.

"Астана", "Атырау", "Ақтөбе", "Тараз" клубтарында да ғаламат өзгерістер орын алып жатыр. Алдайда қалған командалардың Түркияға барып, алғашқы жолдастық матчтарын көрмей қазір бірдеңе деу қиын. Дегенмен биыл Қазақстан футболы аз қаржымен, арзан легионерлермен өтетін сыңайлы. Себебі елдегі жағдай соған әкеліп тіреді. Бұрынғыдай көл көсір қаржыны оңды-солды шашу осымен тоқтайтындай.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу