2022 жылы Қазақстанда ең сұранысқа ие мамандықтар

Сарапшылар кәсіп таңдау жаныңның қалауымен сәйкес келуі керек екенін айтады.

2022 жылы Қазақстанда ең сұранысқа ие мамандықтар

Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары 2022 жылы әлемде 75 млн адам жұмыссыз қалады деген болжам жасаған. Мұндай қысқартулар технология мен инновацияның дамуы салдарынан орын алмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Осылайша, 2030 жылы жойылып кететін мамандықтар тізімі де жасалған. Оның ішінде есепші, бағалаушы, несие менеджері, статист, стенограф, копирайтер, кітапханашы, мұрағатшы, саяхат бойынша агент сынды 60-тан аса кәсіп бар. Орнына 200-ге жуық жаңа жұмыс түрі пайда болмақ.

АҚШ Еңбек статистикасы бюросының мәліметінше, алдағы он жылда бірнеше мамандыққа сұраныс артады. Тізімде ақпараттық технология саласындағы Java әзірлеуші көш бастаса, одан кейінгі орында тіс дәрігері, бизнес сәулетші, бағдарламалық жасақтамашы тұр.

Ал Қазақстанда қалай?

Egov.kz порталы алдағы жылдары жоғары сұранысқа ие мамандықтардың тізімін бағдарламашы, логист және сәулетшілер бастайды деп хабарлаған.  

Бірақ бұл нарықтағы шынайы қажеттілікке сәйкес келе ме? Электронды еңбек биржасындағы деректерге назар аударсақ, елімізде күзетші, автокөлік жүргізушілері, медбикелер, бала күтушілер мен аспаздар және есепшілерге сұраныс жоғары. Мәселен, мамыр айының көрсеткіші бойынша республикада 1 300 медбикенің орны бос тұр. Бұған қоса, 2 мыңнан аса санитар мен медицина саласы қызметкеріне деген сұраныс тағы бар. Әлбетте, кемінде 200 мыңнан аса жалақы алатын бағдарламашы мен 100 мың теңгеге жұмыс істейтін күзетшіні салыстыруға келмес. Бірақ қазіргі сұраныс пен болашақ мамандығының ара жігін ажыратып алу маңызды.

2022 жылғы түлектер таңдайтын ТОП-10 мамандық анықталды

Осыған байланысты JОО.kz онлайн-платформасында арнайы зерттеу жүргізілген. Мұнда 400 мыңға жуық түлек тестілеуде жинаған балдарының грантқа жетер-жетпесін анықтап көрген. Осы қызметтің көмегімен еліміздегі сұранысқа ие ТОП-10 мамандықтар тізімі жасақталған.

Сонымен тізімнің басында ақпараттық технологиялар саласы тұр. Бағдарламашы болуды армандайтын түлектер 268 мың рет грантқа түсу мүмкіндігін есептеген. Одан кейінгі орында Гиппократ антын қабылдап, адам өміріне араша болуды кәсіп еткісі келетін түлектер бар. Алғашқы үштікті "өзге тілдің бәрін біл" деп шет тілі мұғалімі болуды қалағандар қорытындылайды.  

Бұдан басқа сұранысқа ие ТОП-10 саланың ішінде менеджмент және басқару, ақпараттық қауіпсіздік, аударма ісі, математика мұғалімі, медбике ісі, коммуникациялық технологиялар, биология пәні мұғалімі бар.

Онлайн-платформаның жетекшісі Қанат Өксікбаевтың айтуынша,  жыл сайынғы тәжірибе көрсеткендей, педагогикалық және медицина саласындағы мамандықтарға сұраныс жоғары.

"Жекелеген мамандықтар бойынша айтатын болсақ, ең бірінші орында IT-мамандығына сұраныс жоғары. Одан кейін шет тілін оқыту, педагогикалық мамандықтар бар. Қазақстанның өзіне тән бір үрдіс мамандықты грантқа бола таңдайтындар көп. Яғни қай салада грант көп, сол салаға баратын балалар көп. Себебі әлеуметтік жағдайы төмен өңірлерде грант болашақта өмірден өз орнын табуға көмектесетін жалғыз мүмкіндік деп есептеледі. Көп ата-ана ЖОО-ға миллиондап оқу ақысын төлей алмайды. Сондықтан талапкер ұнатсын-ұнатпасын, отбасына салмақ салмау үшін әйтеуір бір оқуға түсіп алғысы келеді", – дейді спикер.

Әркім "өз орнында" қызмет істегенде ғана, еңбегі жемісті болмақ

Осыдан болса керек жоғары оқу орнын бітіргендердің 40,1%-ы оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Кәсіп таңдауда əр төртінші адамға ата-анасы ықпал етсе, 6,4%-ына оқу гранттарының болуы, 4%-ына достарының ұсынысы түрткі болады. Түлектердің үштен бірінен астамы мамандықты өз беттерінше таңдамайды. Бұл туралы "Қазақстанның еңбек нарығы: жаңа реалия жағдайындағы даму" ұлттық баяндамасында жазылған.

Профориентатор Диас Асановтың пікірінше, өмірлік кәсіп таңдауға "сұранысқа ие болады-ау, грант саны көп бөлінеді" деген болжамдар негіз болмауы керек. Сарапшы бастысы әр адам "өзіңнің өмірлік ісін" табуға тиіс деп есептейді.

"Өкінішке орай, мектептер қызығушылықты анықтау мен мамандықты таңдау жұмысына көңіл бөлмейді. Ең басты себебі – профориентатор мамандардың жетіспеуі. Салдарынан оқушылар болашақ мамандықты дұрыс таңдай алмайды. Бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз", – дейді сарапшы.

Ал профориентолог Гүлзия Байдалы мамандық таңдау өзіңізді танудан басталатынын айтады.

"Басқа нәрсе таңдамас бұрын, бірінші өзіңізге не ұнайтынын, ұнамайтынын, қандай іс, сала қызықтыратынын білген дұрыс. Көбіне жасөспірімдер, ересектер де өздерінің қалауларын білмейді. Себебі көпшілік өзін-өзі танудан қашады", – дейді профориентолог.

Сонымен қатар ол мамандық таңдау 11-сынып аяқталарда басталмайтынын да еске салды.

"Баланың қабілетін, қызығушылығын анасы анықтай алады немесе балаға көп уақыт арнайтын жақыны байқай алады. Перзентіңізге 3 жасқа дейін базалық қажеттілікті қамтамасыз ету маңызды. Ал 4 жастан жоғары, спортқа баулып, музыкаға қатыстырып көруге болады. Бастысы бүлдіршінді түрлі салалармен таныстыру керек. Бұл ретте баланың қалауына құлақ асып, оның шешімін сыйлаған абзал. Айта кететіні, профориентация тек түлектерге ғана емес, ересектерге де өте маңызды. Себебі өмір бойы "өз ісін" таба алмай жүргендер де қаншама", – деп түйіндеді маман.

Бұл ретте Жүсіпбек Аймаутовтың "Психология" кітабындағы мамандық туралы жазбасы ойға оралады.

"Адамның көбі ана жолға бір, мына жолға бір түсіп, өмір бойы өз соқпағын таба алмай, сенделумен күні өтеді. Өз жолымен қызмет істемеген адамның жұмысы берекесіз болғаны өз алдына, ондай адам ісіне көңілі жарымағандықтан өмірге, тағдырға налып, зарланып, бақытсыз жан болып күнелтеді. Әр адамның еңбегі қашан жемісті болмақ? Әркім "өз орнында" қызмет істегенде ғана", – деп жазған еді кезінде жазушы, ғалым.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу