2024 жылдың соңына дейін үй алып үлгермесеңіз, ренжімеңіз

2519

Жыл соңы таяғанда экономикада сан қилы өзгеріс болып, нарықты бір сілкіп алды. 

2024 жылдың соңына дейін үй алып үлгермесеңіз, ренжімеңіз Фото: inbusiness.kz

Мәселен, Үкімет те, сарапшылар да 2025 жылы тұрғын үй қымбаттай беретінін айтып жүр еді, қарашада теңге құлдырап, жұрт қолда жиғанын жылжымайтын мүлікке салуға құмартты. Онсыз да қымбаттауға бейім баспана нарығы ақыры сұраныс әсерінен одан әрі өсетінін аңғартты. Енді үйлі болудың машақаты көбейді десек болғандай.

Құнды қолдан өсірмедік пе

Тұрғын үй құны өсіп жатқанын ресми деректер де растауда. Биыл Қазақстанда жүргізілген жалпы құрылыс атаулының 14,3 пайызы тұрғын үйлер үлесінде. Жаңа баспаналар сол баяғы үш мегаполис – Астана мен Алматы, Шымкентте және Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облысында көп салынған екен.

Үй көбірек салынып жатыр дегенмен, арзандай қоятын нарық жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бір жылда жаңа тұрғын үй бағасы 2,3 пайызға артыпты. Жаңа баспаналардың ізінен ескілері де қалмай келеді. Екінші нарықтағы үйлер Атырауда (24,7% өсім), Астанада (11,3% өсім) қымбаттаған. Жалға алу бойынша Орал (24,2% өсім), Шымкент (21,9% өсім), Петропавл (21% өсім) көш бастады.

Бұрын мәселенің барын жасыруға тырысатын шенділер қазір жағдайды бүкпей, шындығын айтуға мәжбүр болуда. Яғни, алдағы жылы үй қымбаттай береді. Теңгенің әлсіреуі, құрылыс саласындағы импортқа тәуелділік және ең бастысы – салық кодексіндегі өзгеріс осыған көндірмек.

Орта есеппен 2025 жылы баспана 10-15 пайызға қымбаттайтыны жөнінде болжам бар. Жоғарыда үкіметте қаралған құн салығын бекерге ерекше түртіп айтпадық. Жаңа салық кодексінде құрылыс компанияларына арналған 12 пайыздық құн салығы туралы тармақ бар. Әрине, бұндайда құрылыс компаниялары ауыртпалықты бағаны көтеріп, халықтың қалтасы арқылы жабады.

Кейінгі 2 жылда Үкіметтің бас ауруына айналған, жауыр етіп қайталауға мәжбүр бюджет тапшылығы тақырыбының кемшілігі енді салықтар арқылы қалыпқа келмек сыңайда. Тапшылық 50 пайызға жетті, алғашқы жартыжылдықта жоспар 20 пайызға кем орындалды. Жыл соңындағы деректер де көңіл көншітер емес.

Рас, бұған дейін де бюджет тапшылығын жиі қозғадық. Экономистер салық кодексін қайта қарауды ұсынып жүрді. Бірақ шағын және орта бизнеске жасалған негізсіз әрі елеусіз көрінетін жүздеген жеңілдіктерді алып тастау жағын сұраған, қосымша салықтар енгізуді емес.

Басқасы басқа, дәл осы құрылыс саласына қосымша салықтар жүктеуді мамандар орынсыз санауда. Біріншіден, қымбатшылық тудырады, екіншіден, соның әсерінен нарықтың теңселуіне соқтырмақ. Бұған дейін Қазақстан құрылысшылар одағы Астана филиалының директоры Вячеслав Лазарев құрылыс компаниялары әзірден пәтердің шаршы метрінің бағасын өсіруге көшіп жатқанын жеткізген.

– Қазір құрылыс компаниялары үй салған соң орта есеппен 15 пайыз пайда табады. Егер 12 пайыздық салық енгізілсе, компаниялар минусқа жұмыс істейді деген сөз. Сондықтан оларда екі-ақ бағыт бар: пайдасыз жұмыс істей береді немесе шаршы метр бағасын көтереді, – деді.

Дегенмен Үкімет бұндайда том-том ескі құжаттардың қатпарында қалған тұстарын қайта жарыққа шығаруда. Құрылыс компаниялары 2001 жылға дейін де аталған салық түрін төлеген-мыс. Ал 2001 жылдан кейін үй бағасын арзандату үшін аталған салықты алып тастапты. Бұдан соң салық органдары жеңілдіктерді компаниялар табысын арттыруа ғана пайдаланып келгенін алға тартып, қайта енгізуге көшкен. 2001 жылдан бергі 14 жылға жуық уақыт ішінде баспана бағасы 21 есе өсіпті.

Бұл амалдың реттілігі түсінікті, бірақ компаниялар бағаны одан әрі өсіруге асық. Жаңа пәтердің бір шаршы метрі 494 мың теңге болып тұр, өткен жылдан 2 пайызға көп. Ал Астана, Алматы қаласында жаңа үйдің шаршы метрі 570-592 мың теңгеден асуда.

Қай салада да импорттың әлегі

Бізде экономикадағы мәселелерді қозғағанда айналып келіп импортқа соқтығамыз. Құрылыс саласында да осы жағдай. Тұрғын үй салуға қажетті барлық материал өзімізде өндірілмейді. Ал шетелден келетін затыңыз міндетті түрде доллар бағамымен есептеледі. Доллардың қымбаттағаны іспетті, материалдардың құны да, соған сай құрылыс компанияларының шығыны да өсе береді. Түйінінде бәрі халық қалтасына салмақ. Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов де таяуда импортқа тәуелділік кесірінен шығын еселеніп жатқанын айтқан еді.

– Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісі жоқ. Тек құм, тас, шиыршық, цемент бар. Сондықтан құрылыс материалдары Ресей, Қытай секілді елдерден әкелінеді. Там-тұмдап тапқан ақшаны құрылыс материалын сатып алу үшін басқа елге береміз. Жыл сайын ел бюджетінің 20 пайызға жуығы құрылысқа жұмсалады. Оның жартысы шетелге кетуде, – деген еді мәжілісмен.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров та құрылыс саласындағы импортқа тәуелділіктің барын жасырмаған болатын.

– Бізде құрылыстағы ішкі әрлеуге қатысты проблема бар. Дегенмен, мұнда да шаралар қабылданып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне импортқа тәуелділіктен тезірек арылу үшін Қазақстанда нақты ішкі әрлеу материалдары бойынша құрылыс саласын дамыту жөнінде тапсырма бердік. Баспана нарығында импорталатын құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бағаның өзгеруі ықтимал. Мұны жоққа шығармаймыз, — деген шенеунік.

Бірақ саланы дамыту бір күндік іс емес. Қорытындыда келер жылы баға өспей қоймайды. Тек бұл құрылыс компаниялары арасындағы жаппай үрдіске айналып, баспаналы болуға асыққандарды арманынан алшақтатпаса игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу