2025 жылы тұрғын үй кезегіңізді жиі-жиі тексермесеңіз болмайды

Бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр.

2025 жылы тұрғын үй кезегіңізді жиі-жиі тексермесеңіз болмайды Фото: canva.com

Тұрғын үй кезегіне қатысты ең маңызды жаңалық ел тұрғындарын екіге бөлетіні анық, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2024 жылдың 4 желтоқсанында күшіне енген норма арқылы қазақстандықтар жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру арқылы баспаналы бола алады. Одан өзге ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайы ескеріліп, 8 категорияға жататын тұлғаларға арендалық және кредиттік тұрғын үйден кемінде 70% үлеспен бірінші кезектегі құқық берілмек. Мұндай сүйінші жаңалық еліміздегі тұрғын үй саясатын реформалау арқылы өз жемісін беруге жақын.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев осыған дейін Үкімет отырысында тұрғын үй алуды қолжетімді ететін заң қабылданғанын ерекше толқыныспен хабарлаған еді.

– Тұрғын үй саясатын реформалау шеңберінде, жергілікті атқарушы органдардың есепке қою және үйлерді бөлу функцияларын ұлттық даму институты "Отбасы банкіне" беруді көздейтін заң қабылданды. Бұл саясат тұрғын үй алуды қолжетімді етеді, – деген болатын министр.

Бұл заңның көп уақыт бойы кезекте тұрған ел азаматтарын үймен қамтуға мүмкіндігі бар. Жауапты ведомство 50 мыңнан аса тұрғынның баспаналы болатынын хабарлады.

– Бұл ең алдымен ұзақ уақыт бойы кезекте тұратын азаматтарды үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Бұл норма биыл 4 желтоқсанда күшіне енді. Осы шараның арқасында 50 мыңнан астам азамат үйлі болады. Жалпы, реформалау бойынша қарастырылған жаңа өзгерістер келесі жылдың мамыр айында күшіне енгелі отыр, – деді министр Шарлапаев.

Министрдің айтқаны – мынау. Яғни, 2024 жылдың 22 қарашасында Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді.

Демек, әлеуметтік жағдайына байланысты 8 категорияға жататын тұлғаларға арендалық және кредиттік тұрғын үйден кемінде 70% үлеспен бірінші кезектегі құқық берілетін болады.

Бұл категорияға кімдер кіреді?

– Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

– Жетім балалар;

– Көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;

– 1 және 2 топтағы мүгедектер;

– Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

– Ұлы Отан соғысына теңестірілген ардагерлер;

– Басқа мемлекеттер аумағында әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер;

– Жесірлер.

"Отбасы банкінің" жаңа функцияларына қатысты Заңның ережелері ресми жарияланған күннен кейін алты ай өткен соң, яғни 2025 жылдың 24 мамырынан бастап күшіне енбек.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстандағы тұрғын үйге кезекте тұрғандардың тізімін өзектендіру қажеттігі туралы мәлімдеген-ді.

–  Мен тізімдерді түгендеуді тапсырдым. Көптеген аймақта ол әлі аяқталған жоқ. Бұл жұмысты тездету керек. Тұрғын үй кезектерінде бірінші кезекте нақты мұқтаж азаматтар болуы тиіс, – деген болатын Премьер-министр.

Тұрғын үй кезегіне қатысты ең маңызды жаңалық ел тұрғындарын екіге бөлетіні анық. Себебі, елімізде бұған дейін тұрғын үй кезегі тізімін өзектендіру жылына бір рет ғана жүргізілетін еді, алдағы уақытта ол жылына төрт рет жасалмақ. Бұл не деген сөз? Яғни, тұрғын үй алғандар, басқа өңірге көшкендер, тағы сондай секілді нақты себебі бар азаматтар тұрғын үй кезегінен шығарылады. Есесіне баспанаға мұқтаж жандардың кезегі тез жылжи түспек. Сондықтан, 2025 жылы ел азаматтары тұрғын үй кезегін жиі-жиі тексеріп тұрмаса болмайды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов осы кездің өзінде көптеген қазақстандықтың тұрғын үй кезегінен шығарылғанын растап отыр.

– Тұрғын үй саясатын реформаланғанға дейін үй кезегімен әкімдіктер айналысты және тізімді өзектендіру жұмысы жылына бір рет жүргізілді. Бұл тұрғын үй кезегі, тізім және тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша көптеген сұрақ туғызды. Бүгінде тұрғын үй саясатын реформалау шеңберінде тұрғын үй кезегін өзектендіру тоқсанына бір рет, яғни жылына төрт рет жүргізу көзделген.

Қазір 650 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр және тізімді өзектендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 50 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінен алынып тасталды. Олар – баспана алғандар, басқа өңірге көшкендер және жаңа орында тіркеуге тұрмаған азаматтар. Олардың орнына баспанаға мұқтаж басқа жандар кезекке қойылды, – деді вице-министр.

Жалпы, 50 мыңға жуық ел тұрғынының кезектен шығарылуы көп нәрсені айғақтайтындай. Жасырып қайтейік, үй кезегіне тұру үшін ажырасатын отбасылар да бар. Ал бір жылда 4 рет тұрғын үй кезегі тізімін реттеп отыру өз нәтижесін беретіні анық. Әрі 50 мың ел тұрғынының кезектен шығып қалуы баспанаға мұқтаж басқа азаматтар үшін тиімді болары сөзсіз.

Жаңа заңда "Отбасы банк" тұрғын үйді бөлуде баспанаға мұқтаж азаматтардың кезекке тұрған күні мен қазіргі табыс деңгейімен санасады. Әлбетте, бұл тұрғын үй кезегінде көп жыл бойы тұрғандарды бірінші қамтуға мүмкіндік сыйлайды. Заң жобасының авторлары, реформа мемлекеттен баспана алу құқығынан айырылған жандарға қиындық тудыратынын кесіп айтты. Десе де, Үкімет мұның бәрі шын мәнінде баспанаға мұқтаж адамдар үшін жасалып жатқанына басымдық беріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу