2030 жылы еліміздің 56 пайызы газбен қамтылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10735

"Сарыарқа" магистральді газ құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

2030 жылы еліміздің 56 пайызы газбен қамтылады

Бүгінге дейін ұзақтығы 1081 шақырымды құрайтын құбырдың 531 шақырымы салынды.

Жылына 2,2 млрд текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар магистральді құбырдың құрылысына 2 мың адам мен 800 бірлік техника жұмылдырылған.

Қазіргі уақытта мамандар Жезқазған–Атасу учаскесін игеруде. Олар CRC Evans заманауи дәнекерлеу қондырғысы арқылы бір тәулікте 7-8 шақырымға құбыр тартып жатыр.

Магистральді құбырдың 820 шақырымы Қарағанды облысын басып өтеді. Нәтижесінде Орталық Қазақстан өңіріндегі Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Шаxтинск, Саран, Абай қалалары мен 119 ауыл табиғи газбен қамтылады.

"ҚазМұнайГаз" ҰК" басқарма төрағасының мұнай тасымалдау, халықаралық жобалар және "Сарыарқа" газ құбырын салу жөніндегі орынбасары Данияр Берлібаевтың мәлімдеуінше, аталмыш газ құбыры 2,7 млн адамға көгілдір отын жеткізеді.

"Сарыарқа" магистральді газ құбыры "Бейнеу-Бозой-Шымкент" құбырына қосылады. Осы құбыр арқылы Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Нұр-Сұлтан бағытындағы елдімекендерде газ пайда болады. Тұрғындар көмірден газға көшкен кезде өңірлердің экологиялық ахуалы жақсарады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, табыс көзі пайда болады",– деді Данияр Берлібаев.

Айта кетейік, "Сарыарқа" газ құбыры Қызылорда облысындағы "Қараөзек" компрессорлық стансасынан басталады. Жоба 4 кезеңнен тұрады. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, 1 кезең 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Көрсетілген уақытта Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша 1 081 шақырым қашықтыққа 820 миллиметрлік магистральды газ құбыры тартылады. Бұған 267,3 млрд теңге жұмсалады. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жобаның екінші кезеңінде Астана- Көкшетау бағыты бойынша 276 шақырым қашықтыққа 630 миллиметрлік магистральды газ құбыры тартылады. Жобаға 48,2 млрд теңге бөлінеді. 2024-2025 жылдары магистральды газ құбырының Көкшетау-Петропавл бағытындағы үшінші кезеңі басталып, 177 шақырым қашықтыққа 426 миллиметрлік құбыр салынады. Солтүстік Қазақстан облысын тұтас қамтитын жобаға 18,9 млрд теңге қарастырылған. 2028-2031 жылдарға жоспарланған төртінші кезеңде Жезқазған, Теміртау қалаларында газ өткізу мүмкіндігін арттыратын компрессорлық станция салынады. Оның құрылысына 35,5 млрд теңге жұмсалады.

Біле жүріңіз, 2014 жылы үкімет елімізді 2015-2030 жылдар аралығында табиғи газбен қамтудың бас жоспарын құрды. Соған сәйкес газдандыру деңгейін қазіргі 47%-дан 2030 жылға қарай 56%-ға жеткізу міндеті қойылды.

Кеңес үкіметі кезінде Қазақстан "Орта Азия - Орталық" газ құбыры, "Бұхара-Орал" және "Ташкент-Бішкек-Алматы" магистралі сынды 3 газ құбырын пайдаланды. Егемендікке қол жеткен кезде "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральды газ құбыры салынды. Ал 2016 жылы "Алматы-Талдықорған" магистральды газ құбыры қолданысқа енгізілді. Ол шамамен 170 мың тұрғыны бар облыс орталығын таби­ғи газбен қамтыды. Бүгінгі таңда "Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай" магистральды газ құбыры еліміздің транзиттік-экспорттық әлеуетіне серпін беріп тұр.

"Сарыарқа" магистральды газ құбыры Нұр-Сұлтан қаласына жеткен кезде 192 жекеменшік, 48 коммуналдық жылу қазандығы, 22 мың жеке тұрғын үй, ЖЭС-1, ЖЭС-2 және құрылысы жүріп жатқан ЖЭС-3 көгілдір отынға көшеді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу