3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалды

3060

Ал "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ мәліметтері бойынша ел халқының 83,6%-ында немесе 16 млн-нан астам адамда сақтандыру мәртебесі бар. Оның ішінде, 11 млн адам жеңілдігі бар санатқа кіреді. Сәйкесінше олар үшін мемлекет төлейді.

3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалды

"Тағы 4,9 млн адам – бұл жалдамалы жұмыскерлер, олар үшін жарналар мен аударымдарды жұмыс беруші төлейді. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар негізінде еңбек қатынастарында тұратын 736 мыңға жуық жұмыскер МӘМС үшін жарна төлеген. Сонымен бірге 571 мыңнан астам жеке кәсіпкер, 250 мыңға жуық дербес төлеуші жүйеге төлем жасады. 256 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтушы бірыңғай жиынтық төлем төлеген", – деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

Ал қалған 3,1 млн-нан астам азамат бұл жүйеден тыс қалып отыр. Олардың сақтандыру мәртебесі жоқ. Қордың деректеріне сәйкес, олар еңбекке қабілетті тұрғындар. Олар ресми түрде жұмыс істемейді, өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз тұлғалар.

"Олар үшін жұмыс беруші медициналық сақтандыруға аударым жасамайды да, жұмыскерлердің сақтандыру мәртебелері болмайды. Ал жұмыссыздарға келер болсақ, олар өз өңіріндегі жұмыспен қамту орталығына барып ресми түрде тіркеле алады. Бұл жағдайда осы азаматтар жеңілдік санатына кіреді де, олар үшін төлемдерді мемлекет жасайды", – деп түсіндіреді Сақтандыру қоры.

Сол себепті де қорға төлем аудармайтын жандарға толыққанды медициналық көмек көрсетілмейді. Былайша айтқанда, денсаулығында кінәрат бола тұра, төлем жасап, сақтандыру мәртебесін аламын дегенше бірқатар медициналық қызмет түрлері қолжетімсіз. Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтарға тек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміндегі медициналық қызмет түрлері ғана көрсетіледі. Оған шұғыл медициналық көмек, учаскелік маманның қабылдауы, шұғыл операциялар, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіретін көрінеді. Сондықтан да мәртебеңіз анықталғанша (немесе жарна төлегенше) осы қызмет түрлерін тегін ала аласыз деген сөз.

Бұл жүйеге қатысты Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сын айтқан болатын.

"Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды", – деді Президент.

Бұл халықтың МӘМС жүйесіне сенбеуі ме, әлде өз денсаулығына көңіл бөлмеуі ме? Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтардың ішінде қаламен қатар ауыл тұрғындары бар екенін ескерсек, бұл да бір мәселенің шетін шығарады. Үкіметтің ресми сайтында отандық денсаулық сақтау жүйесіне шолу жарияланған. Мұнда шалғайдағы ауыл тұрғындарына көрсетілген медициналық көмек туралы да айтылады. Мысалы, 132 070 ауыл тұрғынының денсаулығынан кінәрат анықталған. Оның ішінде 14 630 ауыл тұрғынынан қант диабеті, 812 адамнан глаукома, 8 850 адамнан қанайналым жүйесі аурулары, 58 әйелден сүт безінің обыры анықталған. Ал 22 557 адам бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйым мамандарының динамикалық бақылауына алынды.

Экономист ғалым Сапарбай Жобаев МӘМС әлемдік тәжірибе болғандықтан, оны енгізудегі негізгі мақсат кейбір мүмкіндігі жоқ адамдардың, осал жандардың медициналық көмекке қол жеткізуін қалыптастыру екенін айтады.

"Өкінішке қарай, бәріміздің де хабарымыз бар. Бұл жүйеде жемқорлық бел алып, бұл жүйенің жұмыс істеуіне үлкен кедергі де болды. Бұлардың екінші себебі бар. Біріншіден, бұл мемлекеттік басқаруда тексеруші органдар да сол мемлекеттік жемқорлыққа бейім органдар болды. Медициналық сақтандыру жүйесінде тек қана мемлекеттік емес ұйымдардың тексеруін кіргізу керек. Ал енді мынау халқымыздың 2-3 миллионы бұл жүйені пайдалана алмай жатқаны –  бұл олардың селқостығы не болмаса жергілікті биліктің осы нәрсені жолға қоя алмағандығы. Әсіресе ауылдағы адамдарға осы медициналық жәрдемнің жетіспеушілігі деп есептесек болады. Бұл мәселені де сол жергілікті органдармен бірлесіп медициналық қызметкерлер бір жолға қойса болады. Бұл соншалықты қиын нәрсе емес", – дейді сарапшы.

Ал экономист Бауыржан Ысқақовтың пікіріне сәйкес, медициналық сақтандыру жүйесінде қаражаттардың игерілу принципі ашық болу керек.

"Жалпы мынау МӘМС қорының құрылу мақсаты медицина мекемелеріндегі әртүрлі заңсыздықтардың алдын алумен, жемқорлықтың туындап кетпеуімен тығыз байланысты. Негізгі құрылу мақсаты дұрыс. Бірақ та, соңғы уақытта сол қордың, жүйенің жұмысына да көңілі толмай жатқандар өте көп. Сын айтушылар да көп. Сол қорға тіркеліп, қордағы көрсетілген қызмет түрлерінің сапасы, оның көрсетілу дәрежесі сияқты қиыншылықтар бар. Көрсетілетін медициналық қызметтің дәрежесі мен сапасы қалада, ауылда бірдей болуы керек. Әр адам өзінің жалақысының бір бөлігін сол қорға аударатындықтан, соған сәйкес сапалы қызметті де күтетіндігі белгілі. Қаражаттардың игерілу принципі ашық болу керек", – дейді Бауыржан Ысқақов.

Қыркүйек айының басында "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заңға бірқатар өзгеріс пен толықтыру күшіне енбек. Осыған сәйкес, жарна төлемеген азаматтар екі тәсілдің біреуін таңдап, сақтандыру мәртебесін ала алады. Бірінші тәсіл бойынша биылғы қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінің 5 пайызы көлемінде төлем жасаған күнінен кейінгі он екі ай кезең үшін төлем жасауы тиіс. 2022 жылы әр айға 3000 теңгеден шығады.

Екінші тәсілге сәйкес, биылғы қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінің 5 пайызы көлемінде төленбеген кезең үшін төлей алады. Әрбір ай үшін төлем күнінің алдындағы он екі айдан асырмау керек (2022 жылы – 3 000 теңгеден, 2021 жылы – 2 125 теңгеден).

Айналып келгенде барлығы да жарнаға келіп тіреледі. Ай сайын жарна төлеп, бірақ медициналық ұйымға мүлдем жүгінбейтіндер де бар. Сол сияқты бейінді маманға жазылып, дәрігердің қабылдауына барамын дегенше өз шағымын ұмытып кететіндер немесе ақылы негізде басқа медициналық ұйымға жүгінетіндер де бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бұның барлығы да МӘМС жүйесінде жетілдіретін тұстардың баршылық екендігін көрсетеді.

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу