42 500: өспейді, не өшпейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9623

2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, келесі жылы мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері мен түрлі әлеуметтік төлемдерді, айыппұл мен салықты және жәрдемақыны есептеу кезінде қолданылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көбейеді.  

42 500: өспейді, не өшпейді

Ал ең төменгі жалақы мөлшері не өспей, не өшпей – 42 500 теңге көлемінде қалады. Бұл көрсеткіш 2019 жылдан бері өзгерген емес.

Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 2021 жылдың алғашқы айынан бастап қазіргі 17 641 теңгеден 18 524 теңгеге ұлғаяды. Бір жылдық өсім – 883 теңге. Ең төменгі зейнетақы 40 441 теңгеден 43 272 теңгеге жетеді. Мұндағы айырмашылық – 2 831 теңге.

Былтыр айлық есептік көрсеткіш қаңтардан сәуірге дейін 2 651, сәуірден кейін 2 778 теңге болған. Келесі жылы 1 АЕК – 2 917 теңгені құрайды. Бұл жердегі өсім – 139 теңге.

2021 жылғы базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болып белгіленді. Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңгені құрады. Бұл – жаңа жылда ең төменгі күнкөріс деңгейі 1 634 теңгеге өседі деген сөз. Яғни келесі жылы ел азаматтарының белгілі бір тобы бір ай 34 302 теңгеге күнелтуге мәжбүр болады.

Естеріңізге салайық, өткен айдың соңында сенат депутаттары еліміздің басты қаржы құжатына 39 түзету енгізді. Ал қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімі 11,4 трлн теңге болатынын, шығыс 14 трлн теңгені құрайтынын жариялады.

"Халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық беріледі. Бұл мақсатқа 2021 жылы 4 трлн теңге қарастырылған. Қаражаттың 96,3% зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жекелеген санаттағы азаматтарға біржолғы қаржылай өтемақы төлеуге жұмсалады", – деді министр.

Оның айтуынша, 2021 жылы бюджеттен медицина қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайтуға 1,6 трлн, білім мен ғылымды дамытуға 1,3 трлн теңге бөлінеді.

"2021-2023 жылдарға арналған бюджеттен экономиканың нақты секторын қолдау мен дамытуға 3,2 трлн теңге қарастырылды. Келесі жылы бұл мақсатқа 1,7 трлн теңге жұмсалады. "Нұрлы жол", "Нұрлы жер", индустриялық-инновациялық даму, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға басымдық берілген. Үш жылдық кезеңде өңірлерге 6,2 трлн теңге субвенция бөлінеді. Оның 2,1 трлн теңгесі 2021 жылы игеріледі", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұдан шығатын қорытынды: министрдің мәлімдемесін тыңдасаң, құлағыңның құрышы қанады, ал ең төменгі жалақыны санасаң, халықты әлеуметтік қолдау шынымен жүріп жатыр ма дегенге миың жетпей қалады.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу