42 500 теңге үшін кімге, қандай жауапкершілік жүктеледі?

3628

Мемлекеттік жәрдемақыны заңсыз алғандарға қаражатты қайтару туралы талап қойылады.    

42 500 теңге үшін кімге, қандай жауапкершілік жүктеледі?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің мәлімдеуінше, төтенше жағдай кезінде үкіметтен 42 500 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы сұраған 3 млн-ға жуық адамның өтініші қанағаттандырылмады. 

Мұның себебін министр: "Біріншісі, жеке сәйкестендіру нөмірін дұрыс көрсетпеген. 12 цифрды жаңылыспай, тиянақты түрде дұрыс көрсеткендеріңіз жөн. Себебі ЖСН-ді тексергенде сіздікі емес, басқа адамдікі болып шығуы мүмкін. Сондықтан мұндай қателерді түзетіп, қайта жіберу керек. 160 мыңдай адам осындай қате жіберген. Екіншіден, банктердің реквизиттерінен, есепшоттардан көп мәселе туындап жатыр. Азаматтарға өтініш берген кезде KZ деп басталатын 20 цифрды көрсету керек. Кейбіреулер карталарының 16 цифрлы нөмірін көрсетеді. Біз банктегі сіздің 20 цифрлы есепшотыңызға, ал банк картаңызға аударып береді. Осы ретте, сіздердің есепшоттарыңызды қалай тексеретінімізді түсіндіріп берейін. Өтініш келгенде банктік есепшотыңыздың 20 цифрына қараймыз. 19 сан болса дұрыс емес. KZ дегеннен кейінгі сандар қай банктегі есепшот екенін көрсетеді. Егер ол жабылып қалған банк болса, онда өтініштеріңізді кері қайтарып жатырмыз. 20 сан түгел болса ғана төлем тағайындауға жібереміз", – деп түсіндірді. 

Оның айтуынша, төлем тағайындалғаннан кейін, бір жұмыс күнінің ішінде өтініш иесі көрсеткен есепшотқа қаражат аударылады. 

"800 мыңнан астам адамның ақша аударылған есепшотынан банк бізге кері қайтарып жіберді. Сөйтсек, сіздердің бергендеріңіз жабылып қалған есепшоттар екен. Содан кейі, сол банктегі қолданыстағы басқа есепшоттарыңызға аударып бердік. Мұнан бөлек, 70 мың адамның банкте 20 цифрлы есепшоты болмай шықты. Сондықтан сіздерге "басқа, дұрыс банк есепшотын көрсетіңіздер" деген СМС жіберіледі", – деді Біржан Нұрымбетов. 

Министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметшілердің, жабылмаған мекемелердің қызметкерлерінің өтініштері де кері қайтарылып жатыр.

"Мемлекеттік органдарға, ұйымдарға 42 500 теңгенің қатысы жоқ. Себебі олардың жұмысы шектелген жоқ. Олар қашықтан жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік қызметшілерге 42 500 теңге үшін өтінім толтырудың, бірыңғай жиынтық төлем төлеудің қажеті жоқ. Тіпті, мемлекеттік қызметкерге бірыңғай жиынтық төлем төлеуге болмайды. Себебі бірыңғай жиынтық төлем төлейтін адам кәсіпкерлікпен айналысады деген сөз. Ал мемлекеттік қызметкерге кәсіпкерлікпен айналысуға болмайды", – деді ол. 

Біржан Нұрымбетовтің сөзінше, зейнеткерлер мен мүгедектердің де өтініші орындалмаған. Бұл санаттағы азаматтар төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, оларға әлеуметтік төлем аударылды.Олар төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалып, табысынан айрылған болса ғана 42 500 теңге ала алады. 

"Өтініші кері қайтарылған 1 млн-нан астам адам соңғы 12 айда мемлекеттік сақтандыру қорына әлеуметтік төлем төлемеген. Мұндай төлем негізгі шарт болғаннан кейін, өтініштерді кері қайтаруға мәжбүрміз. Қайтыс болған адамдардың немесе шетелге көшіп кетіп, сол жақта тұрып жатқан адамдардың атынан өтініш берген адамдарға да 42 500 теңге төленбейді", – деді министр. 

Бұдан кейін Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақы неге еліміздің барлық азаматына төленбейтінін түсіндірді.

"Неге 42 500 теңге барлық азаматқа бірдей берілмейді? Енді осыны түсіндіріп берейін. Төтенше жағдайға байланысты Үкімет тарапынан біраз көмек қарастырылды, қарастырылып жатыр да. Бір жағынан несиелер, салықтар, қарыздар шегерілді. Зейнетақы мен жәрдемақы тоқтаған жоқ. Олар қайта ұлғайды. Жаңа қаражат төленгенге дейін сәуір айын төлеп қойғанбыз. Сондықтан зейнетақы мен жәрдемақыны көтерілген мөлшерін мамыр айында сәуірдегі қосылған үстемемен бірге төленеді. Халықтың әлжуаз топтарына коммуналдық шығындарды өтеуге 15 мыңнан төлем енгізілді. Оны да осы жерге тиісті мамандар келіп түсіндіреді. Азық-түлік жағынан да көмек қарастырылды", – деді министр.

Оның айтуынша, 42 500 теңге де әлеуметтік көмектің бір түрі.

"42 500 теңгені тағайындаудың шарты бар. Ол төтенше жағдайға байланысты табысынан айрылған азаматтарға көмек көрсету үшін беріледі", – деді Біржан Нұрымбетов.

Министр ел арасындағы: "42 500 теңгені қайтармаған адамдар қылмыстық жауапкершілік арқалайды" деген сөзді жоққа шығарды. 

"Бірде-бір адам 42 500 теңгені алғаны үшін, тіпті жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Тағы да айтамын, 42 500 теңге алғаны, қателескені үшін ешкім қылмыстық жазаға тартылмайды. Бұған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық", – деді Біржан Нұрымбетов.

Осыдан соң ол ел азаматтары 42 500 теңгені қажетіне қарай жұмсай алатынын айтты. 

"Үй-үйді аралап, ешкімді тексермейміз. Уайымдамаңыздар, 42 500 теңге төленді ме, алыңыздар, жаратыңыздар!" –деді  Біржан Нұрымбетов.

Министрдің түсіндіруінше, төтенше жағдай кезінде ақысыз демалысқа жіберілмеген жалдамалы жұмысшылардың 42 500 теңге алуы заңға қайшы.  Болашақта мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақыны кері қайтаруды талап етеді. 

"Жалдамалы жұмыс істеп жүрген қызметкерлер 42 500 теңгені жұмыс берушілері мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа жіберген болса ғана ала алады. Басқа жағдайда 42 500 теңгені алуға болмайды. Оны біз осы күнге дейін түсіндіріп келдік. Егер жұмыстан шығып кетсе, оған жұмысынан айырылуына байланысты 6 айға дейін төленетін басқа төлем бар. Ол үшін ресми жұмыссыз ретінде тіркелуі ғана жеткілікті", – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, әлеуметтік төлем беру ережесі әзірленген кезде жұмыс берушілерге өздерінің жұмысшыларын ақысыз демалысқа жібергені жөнінде бұйрықтарын тіркеу немесе банктік есепшоттарында ақшаларының жоқтығын дәлелдеп құжат ұсыну талабы болған. Бірақ халықтың айтуымен министрлік бұл талапты алып тастап, хабарландыру тәртібіне көшкен. 

"Өтініш берген кезде төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын көрсету қажет болды. Біз сол өтінішке сеніп, төлем жасадық. Біздің түсіндірмелерімізде 42 500 теңге тек ақысыз демалысқа кеткен кезде төленеді деп жазылды. Осы тәртіпті сақтау керек. Сонықтан тағы да айтамын, жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге,  өз бетінше ресми, не бейресми жұмыс істеп жүргендерге қатысты еш проблема жоқ. Ал жұмыс берушілері мәжбүрлі ақысыз демалысқа шығармай тұрақты жұмысы жүріп, тұрақты жалақы алып жүргендердің әрекеті заң бұзушылыққа алып келеді. Ол дұрыс емес", – деді министр. 

Біржан Нұрымбетовтің сөзінше, 42 500 теңгені қайтарғысы келетіндер қайтарады, қайтарғысы келмейтіндер қайтармайды
Себебі мемлекеттік жәрдемақыны қайтарудың нақты мерзімі, белгіленген тәртібі жоқ.

"Қателескеніңізді көріп тұрып, қайтарамын десеңіз, жағдайыңыз келген кезде қайтарыңыз. Қайтармаймын десеңіз, қайтармайсыз", – деді министр.  

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу