"5-10-20" бағдарламасының жасырын қыры мен сыры анықталды

14141

"Шаңырақ" қатысушылары үшін 25 мың үй салынуда. 

"5-10-20" бағдарламасының жасырын қыры мен сыры анықталды

Қазақстан үшін баспанасыздық мәселесі – елдегі тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін түйткілдердің бірі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны 2,5 млн адамға жеткен. Бұл үлкен наразы күш. Сондықтан мемлекет олардың санын азайтуға барын салып келеді.

2020 жылғы 11 мамырда өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемкомиссияның қорытынды отырысында ел Президенті үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін "5-10-20" жаңа жобасын ұсынды. "Шаңырақ" деген атау берілген бағдарлама таяуда іске қосылды. Оған дағдарысқа қарсы бөлінген қаражат есебінен 390 миллиард теңге жұмсалмақ.

Бұл ретте табысы әрбір мүшесіне шаққанда 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейіне (96,7 мың теңгеге) жетпейтін отбасылар ғана жаңа бағдарламаның игілігін көре алады. Несие 20 жылға 5 пайыздық ставкамен беріледі. Алушы адам пәтер құнының 10 пайызы көлемінде бастапқы жарна енгізуі керек.  

Бір қарағанда, бұл баспананы басыбайлы сатып алуға табысы жеткіліксіз азаматтар үшін тұрғын үй мәселесін шешудің таптырмас тетігі. 5% ипотека – басқа қазақстандықтар үшін қол жетпес арман. Алайда бағдарламаға іліккен азаматтардың қолдарына арзан кредит тигенімен, олар соны жұмсайтын пәтер таппай қиналатын көрінеді.

"Осы "5-10-20" бағдарламасы іске қосылған соң "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының" тізіміне кірген құрылыс компаниялары пәтерлер бағасын көтере қойды. Біз басқа салушыларға жүгіне алмаймыз, осылардан таңдауымыз керек. Бұл бұқараны қолдау үшін қабылданған бағдарлама ма десек, сонда ол құрылыс саласын әлеуметтік аз қамтылған отбасылар есебінен қолдауға бағытталған бағдарлама болып шыққаны ма? Үй кезегіндегі біздер өзгені қолдамақ түгіл, өзіміз қолдауға зәруміз", – дейді бағдарлама қатысушысы Сәния Ибраева.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында өтініші мақұлданған өзге облыстардағы қатысушылар тіпті басқа өңірге көшуге дайын. Тек онда арзандау үй табылса болды екен.

Бір проблемаға екіншісін жамады

С.Ибраева тағы бір проблеманы атады. "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша ипотеканы заем алғаннан кейін бірден төлей бастау керек.

"Ал оған сатып алынған тұрғын үйлер Нұр-Сұлтанда, Алматыда 2021–2022 жылдары ғана іске қосылады. Бұл жерде бағдарламаға қатысушылар әлеуметтік осал топтарға жататыны ескерілмеген. Әйтпесе, онсыз да табысы аз, бар тапқанына жалдаған пәтерінің арендасын төлеп жүрген адамдар оның сыртында ипотеканы төлеуге ақшаны қайдан алады? Бұған қоса, кейін берілетін баспанасына кіру үшін оны жөндеуге де ақша жинауы керек. Сонда күнделікті тіршіліктің шығындары қайда қалады?" – дейді ол. 

"Шаңырақ" қатысушысы "Президенттің аз қамтылғандар үшін қолжетімді бағдарлама әзірлеу туралы тапсырмасын шенеуніктер елеусіз қалдырғанына" қынжылыс білдірді. Соның кесірінен бұл бағдарлама "онсыз да кедейліктен қалжыраған қазақстандықтарды кезекті тұйыққа қуып тығады, борыш батпағына батырады".

Осыған байланысты "5-10-20" қатысушылары біріншіден, баспананы тек "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" мақұлдаған құрылыс салушылардан алу жөніндегі шектеуді алып тастауды сұрайды. Оның үстіне Үкіметтің 2020 жылғы 4 қарашадағы шешімімен бұл қор жойылды: ол "Қазақстан Ипотекалық Компаниясымен" (ҚИК) бірікті. "Өткізу актісіне" және қосылу шартына сәйкес, қордың барлық мүліктік құқықтары мен міндеттері "ҚИК" АҚ-на толық көлемде ауысып жатыр.

Екіншіден, олар ипотекалық несиені тек тұрғын үй қолданысқа берілгеннен кейін төлей бастауға мүмкіндік беруді өтінеді. Азаматтар пәтер жалдаудан босаған қаражатпен кредитін жабуға кірісе алар еді.

Үшіншіден, қатысушылар заем беру мерзімін 20 жылға дейін ұзартуды ұсынады. Себебі, "Отбасы банкі" (бұрынғы ТҚЖБ) үй кезегіндегілерге ең жоғары дегенде 14 жылға ғана несие беруде. Демек, бағдарламаны 5-10-20 емес, 5-10-14 деп атау дұрысырақ сияқты.

"Шаңырақ" үшін 25 мың пәтер салынады

Осы бастаманы ілгерілетуші топ WhatsApp мессенджерінде топтасып, ұстанымдарын ілгерілетуге тырысуда. Олар таяуда ел Президентіне үндеу жолдады. Бұдан бөлек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтің, сондай-ақ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетовтың құлағын шулатып, хат жазуда. Бастамашыл топ Елбасының әлеуметтік желідегі аккаунтына жүгініп, "қайталама нарықтағы" ескі үйлерді де сатып алуға рұқсат етуді өтінген.

Мархабат Жайымбетұлының айтуынша, бағдарлама шартына сәйкес, қатысушыларға тек әкімдіктер мен жеке құрылыс компаниялары сататын жаңа тұрғын үйлерден ғана баспана алуға жол беріледі.

"Бұл шара пандемия жағдайында құрылыс компанияларының кәсіпкерлік белсенділігін қолдау үшін қабылданды. Ол экономиканың өсуіне, жұмыс орындарының сақталуына мультипликативті тиімділігін қамтамасыз етіп отыр. Бұл құрылыс индустриясы, қайта өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету, сауда секілді жапсарлас салалардың дамуына да серпін береді", – деді комитет төрағасы.

Оның мәліметінше, "Шаңырақ" пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 390 миллиард теңге бағытталды. Соның 180 миллиарды әкімдіктерге берілген. Олар соған құрылыс компанияларымен ынтымақтасып, 15 мың пәтер салуға тиіс.

"Бұл баспана құрылысы барлық өңірлерде жүргізілуде. Ең көп саны мегаполистерге тиесілі. Атап айтқанда, елордада – 3 мың 828, Алматыда – 3 мың 472, ал Шымкентте 1 мың 700-ден астам пәтер. Өзге өңірлерде 200–700 пәтер аралығында. Бұған қосымша, әкімдіктер облигациялық заем қаражатқа тағы 10 мың пәтердің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Осы жобаларды жүзеге асыру үй кезегіндегілердің көбісінің мұқтаждығын өтеуге мүмкіндік береді", – деп сендірді Мархабат Жайымбетов.

Оның айтуынша, "Отбасы банкінде" алдын ала тұрғын үй заемы ең жоғары дегенде 8 жылға ғана беріледі.

"Негізі, несие мерзімі ұзартылған сайын үй үшін артық төленетін ақша (переплата) да артады. Себебі борышкер қарызын толық өтегенше банктің несиеге қызмет көрсету сыйақысын төлейді ғой. Сонымен қатар бағдарламаның 5.1.1 тармақшасының 3-1 бөлімінде "кредиттеу мерзімі – 20 жылға дейін" делінген. Тура 20 жыл делінбеген. Олай болса, бағдарлама шарты бұзылмайды", – деді Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетов.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу