Елімізде "7-20-25" бағдарламасына балама жаңа қолжетімді ипотеканың шарттарын талқылау басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жоба "Ашық НҚА" сайтында жарияланған.
Құжатқа сәйкес, тұрғын үй заемы тек жаңа пәтерлер мен құрылыс сатысындағы нысандарға рәсімделеді. Атап айтқанда, Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының кепілдігімен салынып жатқан баспаналарға (үлестік) беріледі.
Бұл жерде мынаны түсіндіру керек: қазақстандықтар үшін банктердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекет төлейтін болады. Шарттарға сәйкес, банктің сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен 5% аспауы керек. Яғни егер қазір Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 14,5% болса, біз 5% қосамыз, соңғы 19,5% ипотекалық мөлшерлемені аламыз. Мемлекет 7% төлейді, соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме бүгінде жылдық 12,5% болады.
Сонымен қатар жобада тағы екі шарт қарастырылған. Оның бірі тұрғын үйді соттан тыс сату туралы келісімнің болуы. Яғни қарыз алушы шарт талаптарын орындамаса, онда кепілге қойылған мүлік сотқа жүгінбей-ақ сатылады. Екіншісі субсидиялаудың максималды мерзімі 10 жылдан аспайды. Несие 20 жылға берілсе, онда қарыз алушы 10 жылға толық мөлшерлемені төлейді.
Бұл ретте krisha.kz сарапшылары аталған жоба бойынша ипотека рәсімдеген жағдайда ай сайынғы несие төлемі және жалпы артық төлем қанша болатынын есептеді.
Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов жоба талаптары халыққа қолжетімді емес деп есептейді.
"Қазақстандықтарға 3-5%-дық субсидияланатын "халықтық" ипотека керек. Ал ұсынылып отырған құжаттағы 11-12% мөлшерлеме мүлде қолжетімді емес, өте жоғары. Бұған 5% банк маржасы қосылады, негізі ол 2%-дан аспауы шарт. Мұндай талаптар бойынша әлеуметтік аз қамтылған топтағыларға да қарыз алу қиын", – дейді сарапшы.
Сондай-ақ Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті үлескерлік үйге ипотека беру де көпшілікке ыңғайсыз екенін айтады.
"Жеңілдетілген ипотека жылжымайтын мүліктің барлық түріне берілуі керек. Себебі қазір жылжымайтын мүлік нарығы тұралай бастады. Осы арқылы нарықта даму болады. Ал несие жаңа үйлер мен үлескерлік үйлерге берілсе бұл халыққа ыңғайлы болмайды. Мәселен, ипотека алған адам үйіне бірден көшкісі келеді. Ал үлестік қатысу туралы шарт арқылы рәсімделген тұрғын үйдің құрылысы 1-2 жылдың ішінде бітеді. Әлі қоныстанбаған пәтерге ипотека төлеу әділетсіз емес пе? Бұндай талаптарға кез келген адам көне қоймасы анық. Сондықтан жаңа жоба бойынша максималды сома, бастапқы төлем сынды шарттарды қабылдағанның өзінде пайыздық мөлшерлеме мен тұрғын үй түрлеріне қатысты түзету енгізу керек", – дейді сарапшы.
Еске сала кетсек, былтырғы жылдың мамырында биліктегілер "7-20-25" бағдарламасының аяқталатынын хабарлаған. Алайда жобаға бөлінген қаржы әлі бітер емес. Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы жылдың 29 қыркүйегіндегі жағдай бойынша қарастырылған бағдарламаға 1 трлн теңгенің небәрі 701,5 млрд теңгесі игерілген. Бұл 298,5 млрд теңгеге әлі ипотека рәсімделеді деген сөз. Алайда "7-20-25" аяқталмай жатып Индустрия министрлігі оған балама ипотекалық бағдарлама басталатынын мәлім етті.