"7-20-25" бағдарламасының әлі 466 млрд теңгесі игерілген жоқ

Несие алушылар пәтерлерді брондау кезіндегі тәуекелдерді ескеру керек.  

"7-20-25" бағдарламасының әлі 466 млрд теңгесі игерілген жоқ

"7-20-25" бағдарламасы бойынша белгіленген 1 трлн теңгенің әлі 466 млрд теңгесі игерілген жоқ. Бұл туралы "Қазақстанның орнықтылық қоры" акционерлік қоғамы мәлім етті

"Қазақстанда "7-20-25" тұрғын үй ипотекалық бағдарламасын іске асыру жалғасып келеді. Ипотекалық бағдарлама белгіленген лимит – 1 трлн теңгеге жеткенге дейін жұмыс істемек. Бүгінгі таңда жоспарланған 1 трлн теңгенің 534 млрд теңгесі берілді. Демек "7-20-25" бағдарламасының әлі 466 млрд теңге резерві бар", – деп жазылған қор таратқан мәліметте. 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, ең көп ипотекалық қарыз Нұр-Сұлтан қаласында берілген – 212,2 млрд теңгеге 14 232 несие. Ода кейнгі орындағы Алматы қаласы – 127,5 млрд теңгеге 8 912 несие, Шымкент – 33 млрд теңгеге 2 843 несие рәсімделді.
Бұл ретте аталған бағдарлама бойынша үй сатып алуды жоспарлағандар мұқият болғаны абзал. Әсіресе бұл құрылысы аяқталмаған нысандарға қатысты. Себебі "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңының талаптарына сәйкес келмейтін пәтер сатып алып, баспанасыз қалып, несие төлеуге мәжбүр болып жүргендер де бар.

"Тәжірибе көрсетіп отырғандай, азаматтардың көпшілігі ақшаны үнемдеу үшін және таңдау көп болғандықтан құрылысы аяқталмаған тұрғын үйді брондауды қалайды. Осы тұста өте мұқият болу керек. Кейбір құрылыс компаниялары сатып алушылардың ақшасын жинап алу мақсатында Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңының талаптарына сәйкес келмейтін тұрғын үй сатып алудың әр түрлі схемаларын ұсынады. Тұрғын үй сатып алудың бұл жолында ақша жоғалту қаупі бар. Осыған байланысты, азаматтардан әр қадамын таразылап барып қана, шешім қабылдауын сұраймыз", – деп жазыған "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ таратқан хабарламада.

Айта кететіні, ипотекалық бағдарламаның талаптарында баға лимиті белгіленген. Сатып алынатын тұрғын үйдің бағасы Нұр-Сұлтан, Алматы (қала маңы аймақтарын қоса алғанда), Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында 25 млн теңгеден, Қарағанды қаласында 20 млн теңгеден және қалған өңірлерде 15 млн теңгеден аспауы тиіс.

"7-20-25" бағдарламасы халықтың барлық санаттарына арналған. Жоба аясында атында тұрғын үйі жоқ, басқа ипотекалық несиелері жоқ, еңбек немесе ресми түрде расталған кірісі бар елдің кез келген азаматы ипотека ала алады.

Құрылысшылар одағы Қазақстанда жылдық 5%-дық ипотеканы іске қосу қажет деп есептейді. Сонымен қатар басқа да тұрғын үй бадарламаларын сақтап қалуды ұсынды. 

"Елімізде шаршы метрлердің бағасы ай сайын 5-6%-ға өседі. Сондықтан барлық ипотекалық бағдарламаларды сақтау өте маңызды. Осылайша, тұрғындардың баспана сатып алу мүмкіндігі артады. Себебі әлі де тұрғын үйге мұқтаж жандар көп", – деді ұйым басшысы Талғат Ерғалиев.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу