Көліктік қадағалаудың аумақтық органдары 2018-2019 жылдар аралығында автокөліктерді міндетті техникалық байқаудан өткізу ісімен айналысатын 152 операторды тексерген. Нәтижесінде заңға қайшы 724 әрекетті әшкерелеп, техникалық байқау операторларына 3 млн 849 мың теңге айыппұл салған.
"Адалдық алаңы" республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирас Қарғабайдың мәлімдеуінше, техникалық байқау операторларының құқықбұзушылығына қатысты 193 әкімшілік хаттама толтырылып, 88 оператор тізілімнен шығарылған.
"2018 жылдың қарашасы мен 2019 жылдың наурызы аралығында автокөліктерге берілетін жалған диагностикалық карталарды анықтау мақсатында 150 рейдтік шара ұйымдастырылды. Іс барысында аталған картаны қолдан жасаудың 84 фактісі анықталды. Техникалық байқау операторларына қатысты 26 әкімшілік хаттама толтырылып, 2 қылмыстық іс қозғалды", – деді Мирас Қарғабай.
Басқосу барысында техникалық байқау операторларының құлқынның құлы болып алғаны, олардың автокөлік жүргізушілерінің қауіпсіздігіне бас қатырмайтыны, ақшасын берсе, қолдарына жалған құжат ұстата салатыны айтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаевтың сөзінше, автокөліктерді техникалық байқаудан өткізу тәртібін қайта қарау қажет.
"Бүгінде іске асырылып жатқан техникалық байқаудан бас тартудың қажеттігі логикасына түсінік бергім келеді. Қазіргі кезде техникалық байқау шаралары бастапқыда жүктелген міндетті орындай алмай жатыр. Біздің ойымызша, аталған байқау әділ әрі ашық болуы үшін жалпы тұжырымды әзірлегенше, өкілетті органдар мәселені шешуі керек. Біз техникалық байқауды сапалы жүргізудің тетігі дайындалғанша, оны уақытша тоқтата тұруды ұсынамыз. Осы орайда өкілетті органмен, қоғаммен, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тақырыпты талқылауды сұраймыз.
Қазіргі күйдегі техникалық байқау бізге қажет пе деген сауалға жауап беруіміз керек. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі техникалық байқау автожүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Бұл ретте агенттіктің ұстанымына тоқталсақ, техникалық байқау стансасынан өту форматын қайта қарастыру керек", – деді Данияр Сабырбаев.
Қанат Махамбет