9 млн теңге кредиті бар сарбаздар бар – Министрлік әскердегі суицидті немен ақтайды

1500

Орталық коммуникациялар қызметінде бүгін Қорғаныс министрлігінің жауапты өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Негізгі тақырып "әскердегі цифрландыруды дамыту және жетілдіруге" арналғанымен, журналистер спикерлерден әскердегі суицидтің, өлім-жітімнің көбейіп кетуіне байланысты сұрақты көбірек қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

9 млн теңге кредиті бар сарбаздар бар – Министрлік әскердегі суицидті немен ақтайды Фото: Максим Морозов

Алғашында Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев бұл сұрақтарға жауап бергісі келмеген. "Мен басқа салаға жауап беремін" дегенімен, тілшілердің бірінен кейін бірі қойған сұраққа жауап беруіне тура келді. Логикаға сүйенсек, әскердегі өлім-жітім көбейіп, қоғамда көп сұрақ туындап жатқан уақытта Қорғаныс министрлігі шын мәнінде сол бағытта баспасөз мәслихатын ұйымдастыруы керек еді.

Алайда бұл проблеманы министр Жақсылықовтың командасы жас орынбасар Дархан Ахмадиевке ысыра салса керек.

"Қолымда стаститика бар. Басты медициналық басқару бастығының жинаған мәліметін келтірейін. Шын мәнінде, статистика көзге жас келтіреді. Осы жылдың 5 айында Қазақстанда 4 318 адам өзіне қол салған. Оның ішінде Қарулы күштерінің қатарынан 4 адам бар. Тағы 4 942 адам суицидке бармақ болған. Оның ішінде Қарулы күштері қатарынан 7 адам бар. Яғни Қарулы күштердегі суицид жағдайларының үлесі 0,1 ғана шығар. Бірақ мен бұл сандармен ақталғым келмейді", – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Дархан Ахмадиев Қорғаныс министрлігінде басқа салаларға жауапты екенін айтады. Дегенмен өз пікірін де келтіреді. Оның сөзіне қарағанда, қазір арнайы топ құрылып, әскердегі өлім-жітім жағдайын нөлге жеткізу мақсаты тұр. 

"Бұл – амбициясы зор мақсат. Тіпті қарапайым автокөлік шығаратын кәсіпорындардың өзінде де өлім-жітім жағдайлары кездеседі. Ал біз бұл жерде Қарулы күштер туралы айтып отырмыз. Онда азаматтар қаруды қолданады. Әлбетте, қайғылы жағдайлар орын алып қалуы мүмкін", – дейді ол.

Вице-министр әскердегі өлім-жітім жағдайлары бойынша динамика өсімі байқалмайтынын атап өтті.

Айтуынша, суицидтердің көбею жағдайлары тіркелмеген.

"Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Кешенді жұмыс", – дейді ол.

Дархан Ахмадиевке әскердегі өлім-жітім жағдайлары туралы журналистер бірнеше рет сұрақ қойды. Вице-министр арнайы топ құрылып, оның құрамына жауапты органдармен қатар азаматтық қоғам өкілдері де кіргенімен жағдайды түсіндіргісі келді.

Бағдарлама осы проблеманы егжей-тегжейлі зерттеуге бағытталғанын мәлім етті. Кейстердің бәрі талданатынын да айтып түсіндіргісі келді. Әскердегі тәрбиеге жауапты басшылар да жұмысты күшейтіп жатқанын қосты.

"4 жағдай бойынша екеуіне – отбасылық-тұрмыстық ұрыстар себеп болған. Қалған екеуіне байланысты қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай ол істер бойынша бірдеңе деп айта алмаймын. Сіз бәлкім, менің де пікірімді естігіңіз келіп тұрған болар. Бізде 18 жастағылар мерзімді әскери қызметке келеді. Ол жас сарбазда 9 млн теңге несиесі болады. Бұл бір себеп. Осындай әлеуметтік проблемалар сондай қайғылы жайттарға себеп болып жатады. Бірдеңе деу қиын. Әр жағдайды жеке зерттеу керек. Сондықтан суицидке осы жайт себеп болды деп біреуін ғана жеке атауға келмейді", – дейді Дархан Ахмадиев.

Еске сала кетсек, Қазақстанда кейінгі айларда әскердегі сарбаздардың өлімі жиілеп кеткен болатын. Нақтырақ айтқанда, 23 сәуірде Жамбыл облысы Гвардейский кентіндегі әскери бөлімде әскерге шақырылған Әлібек Қалбай қызмет басталғанына төрт күннен кейін қайтыс болған. 4 маусымда Бейнеу шекара отрядында әскери борышын өтеген 19 жастағы сарбаз Еділ Тешебаев таңғы сағат 5-те асылып қалған күйінде табылды.

9 шілдеде Айбын президенттік полкінде қызмет еткен 21 жастағы келісімшарт бойынша сарбаз Дархан Мәлік Нұр-Сұлтаннан 60 шақырым жердегі Майлан полигонында қаза тапты. 19 шілде күні маңғыстаулық 19 жастағы әскери қызметкер Медет Амангелді әскерде аға сержант өзін қатты соққыға жыққанын айтты. Сол күні Абай ауданында Қарулы Күштердің Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметкері өзін-өзі атып өлтірді.

Ал 29 шілдеде Степногорскта мерзімді әскери қызметші Ұзақбай өз-өзіне қол салды. 30 шілдеде келісімшарт бойынша әскери қызметші Мерғалиев да суицидтен кетті.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу