928 мың борышкерден қарыз өндіріліп жатыр

4236

"Коллекторлық қызмет туралы" заң борышкерлер мәселесін шеше ала ма?

928 мың борышкерден қарыз өндіріліп жатыр

Ұлттық банктің бастамасымен өткен жылдың сәуір айында Парламентке жолданған "Коллекторлық қызмет туралы" заң жобасы төменгі палатада бірнеше рет талқыланды. Ал жыл соңындағы жалпы отырыста Мәжіліс "Коллекторлық қызмет туралы" және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Коллекторлық компаниялардың елімізде қызмет етіп жатқанына 10 жыл болды. Алайда осы уақыт аралығында оның қызметін реттейтін бірде -бір заң қабылданбапты. Борышкерге қатысты коллекторлық компаниялардың қай әрекеті заңға қайшы келмейтінін ешкім тап басып айта алмады. Осының салдарынан коллекторлық компаниялардың өкілдері борышкерлерге ашықтан-ашық қоқан-лоқылық көрсетуді әдетке айналдыра бастаған көрінеді.

Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында біз Бірінші кредиттік бюроның бизнесті дамыту директоры Әсем Нұрғалиеваға жолықтық.

"Бұл ең алдымен әлеуметтік сипаттағы заң жобасы. Ол бірінші кезекте коллектор мен несие алушының арасындағы қарым-қатынасты реттеуге бағытталған. Бұған дейін банктің немесе коллекторлық компанияның коллекторы борышкерге кез-келген әдіспен ықпал етіп, қарызды өндіріп алып жүрді.

Коллекторлардың борышкерге қатысты заңсыз әрекеттері қоғамда олар жайлы жағымсыз пікір мен көзқарастың қалыптасуына түрткі болды. Жаңа заң жобасы коллектор мен борышкердің қарым-қатынасына нақты шектеу қойып, шекара белгілеу үшін қабылданды", - деді директор Әсем Нұрғалиева.

Бұл заң борышкердің де құқын қорғауға бағытталғандықтан, мәселенің екінші жағын ұмыт қалдырмау керек. Яғни жауапсыз борышкер коллекторға қатысты шектеулерге иек арта отырып, қарыз төлеу кезінде түрлі құйтұрқылыққа баруы мүмкін.

"Иә, заң жобасы коллектордың борышкерден қарыз өндіріп алу мүмкіндігін шектейді. Болашақта борыштарды қайтару көрсеткіші төмендеуі ықтимал. Жауапсыз борышкер жаңа заңды жеке басының пайдасына қолдана ма, жоқ па, бұл талас тудыратын сауал. Қалай болғанда да барлығын уақыт көрсетеді. Елімізде 7 млн тұрғын несие көмегіне жүгінген, оның 5 миллиондайы белсенді несие алушы. Яғни, олар бір несиені жауып, екіншісін рәсімдейді. Қазіргі таңда ашық несиелік келісім-шарт жасасқан 5 миллиондай адам бар. Ал, жеке тұлғаларға келетін болсақ, олардың 20%-ында мерзімі өткен несие бар. Менің пікіріміше, бұл заң дәл қазір мерзімі өткен несиелердің санын азайтуға айтарлықтай ықпал етпейді. Дегенмен ол нарыққа шектеу қоя отырып, несие алушылардың құқын қорғайтын болады", - деді ойымызды бірден ұққан Әсем Нұрғалиева.

Сөз арасында Әсем Нұрғалиева жаңа заң коллекторлық компанияларды несие мен борышкер туралы ақпаратты Бірінші кредиттік бюро секілді статистика жинайтын мекемеге жіберіп отыруға міндеттейтінін айтты.

"Бұрын мұндай тәртіп болған жоқ. Негізі, бұл өте маңызды әрі қажет талап. Себебі осы арқылы мерзімі өткен несие мен жауапсыз борышкер туралы ақпарат базасы қалыптасады", - деді ол.

Заң жобасында әлеуметтік қорғалмаған топтарға арналған жеңілдіктер бар. Банктер осы топқа жататын азаматтарға қарыздың белгілі бір мөлшерін кешіруге тиіс. Алайда борышкер қарызын мерзімінде өтемесе, олардың ісі коллекторға жолданады.

Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, борышкер несиесін 3 ай өтемесе, қаржылық қиындыққа тап болады. Кейбір банк борышкерге қарызын өтеуге 6 ай уақыт береді. Осы уақыт аралығында борышкер банкке өзінің қаржылық жағдайы туралы ақпар беріп, несиені өтеудің жолдарын қарастырмаса, қарыз коллекторлық компанияға сатылады немесе өтеуін қамтамасыз ету үшін коллекторға жолданады.

Айта кетейік, Ұлттық банктің мәліметінше, елімізде қазіргі таңда шамамен 60 коллекторлық компания жұмыс істейді. Олар 928 мың борышкерден қарыз өндіріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу