"Абай күні" – мемлекеттік мереке емес

2836

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы жоспарланғандай аталып өтіп жатқан жоқ.   

"Абай күні" – мемлекеттік мереке емес

Үш күннен кейін, яғни 10 тамыз күні Қазақстан халқы ел үкіметінің қаулысымен 4 тамызда күнтізбеге мерекелік дата ретінде енгізілген "Абай күнін" атап өтеді. 

"Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндер" туралы заңға сәйкес, бұл күнге "Отбасы күні", "Құтқарушылар  күні", "Мұғалімдер күні" сынды атаулы күн мәртебесі берілген. Ұлттық, мемлекеттік мереке саналмайтындықтан, бұл күн демалыс күніне түспесе, жұмыс күні болып есептеледі. "Абай күні" биыл алғаш рет дүйсенбі күні мереке ретінде тойланады. 

Айта кетейік, бұған дейін "Ашық үкімет" порталында 10 тамызды "Абай күні" деп белгілеп, ресми мерекелер қатарына қосу мәселесі қоғам талқысына ұсынылды. Нәтижесінде 10 тамыз үкімет қаулысымен "Абай күні" болып бекітілді. 

Неге тамыздың оны?

Ел арасында Абай Құнанбайұлының туған күніне қатысты бір-біріне қарама қайшы пікір бар.

Абайтанушылардың бір тобы Абайдың туған күні 23 тамыз десе, ендібірі 10 тамыз дейді. Ал 1995 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланған Абайдың 150 жылдығында ақынның туған күні 10 тамыз деп көрсетілген. Үкімет осыны темірқазық тұтты. 

Бір жыл бұрын...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа қол қойды. Осыдан соң Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Кейін мерейтойдың жалпыреспубликалық жоспары бекітілді. Абайдың 175 жылдығын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ (Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы) аясында тойлау мәселесі пысықталды. 

Президент Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейін кешенді жаңғырту үшін тиісті шара қабылдауды тапсырды. Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланды. Мерейтой аясында Ұлттық аударма бюросына Абай шығармаларының жинағын француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс және итальян тілдеріне аудару міндеті жүктелді. Аударманың әрқайсы 3 мың данамен әлемнің түкпір-түкпіріне таратылуға тиіс болды. 

3 млрд теңге

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов көрсетілген қаражатқа Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған 3 деректі фильм түсіріліп, ЮНЕСКО аясында Парижде бірқатар шара ұйымдастырылатынын мәлімдеді. 

"Абай бабамыздың 175 жылдығына арналған барлық шараға 3 млрд ақша жұмсалады. Бұл – жоспарлы қаражат. Мысалы Абай атындағы опера театрының гастрольдік сапарларына бөлінген қаржы бар. Олар сол қаржыны Абайдың мерейтойына арнап, Мәскеу, Түркия, Қытай мемлекеттеріне барады. Ал Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр және Мүсірепов атындағы балалар театры елді аралайды", – деді министрдің орынбасары. 

Ол кезде вице-министр пандемия болатынын білген жоқ. Сондықтан ол: "Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау жоспары 82 тармақтан тұрады. Оның ішінде ірі халықаралық жəне республикалық қоғамдық маңызды ғылыми-ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттары, поэтикалық жəне əдеби конкурстар, баспасөз турлары сияқты 500-ден астам шара бар. Жаз айында Абай ауданында театрланған қойылымдар, айтыс, дәстүрлі орындаушылардың концерті, сирек кездесетін кітаптар, мұражай экспонаттары, қолданбалы және өнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық спорт сайыстары және басқа да мерекелік шаралар болады. Жидейбай жеріндегі Абай мен Шәкәрімнің кесенелері жаңғыртылады. Ал Құнанбайдың жатқан жерінде музей салынады. Абайдың мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді. Қазан айында осы ұйымның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде ғылыми-конференция, концерт, көрме, кинокөрсетілім және тағы басқа мерейтойлық шаралар ұйымдастырылады. Кембридж сияқты әлемнің жетекші университтері де меретойға атсалысады", – деді. 

"Шетелден әртіс шақырып, концерт өткізудің қажеті жоқ"

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомар Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке Абайдың 175 жылдығын атап өтуге бюджеттен 20 млрд теңге қосымша қаржы сұрағаны үшін осылай деп ескерту жасады.

"Абайдың 175 жылдығында ысырапшылдыққа емес, идеологиялық маңызы бар шараларға басымдық беру керек. Той деген тойлау үшін емес, ой толғау үшін қажет. Шетелден әртіс шақырып, концерт өткізудің қажеті жоқ", – деді Қасым-Жомар Тоқаев.

Оқушы бастаған, Президент қостаған... 

Абай өлеңін жатқа оқу эстафетасы ел аумағынан асып, шетел шарлап кетті. Эстафетаны жалпыұлттық деңгейде Нұр-Сұлтан қаласындағы №73 физика-техникалық мектеп-лицейінің 4-сынып оқушысы, Абайдың 68 өлеңін жатқа білетін Ләйлім Рысқали есімді қаршадай қыз бастады. Ол эстафетаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдайтынын айтқанда ата-анасы қарсы болған.

Кейін қыздарының өлең оқыған сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Президент эстафетаға бірден жауап бермеген. Біршама уақыттан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram-дағы жеке парақшасында Абайдың өлеңін оқып, эстафетаны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан әнші Димаш Құдайбергеновке жолдады. Эстафета трендке айналып, жалпыұлттық сипат алды. Димаш Құдайбергеновтың жанкүйерлері жаппай Абай өлеңдерін оқи бастады. Өз кезегінде әлемге әйгілі актер Джеки Чан қытай тілінде Абай Құнанбайұлының "Желсіз түнде жарық ай" атты туындысын оқыды. 

"Семей қайтадан облыс болады"

Жұрт осылай деп алып-қашпа сөз таратты. Бұл шынайы ақпарат емес, халықтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласындағы: "Менің шешіміме сәйкес, қалаға тарихи орталық мәртебесі беріледі. Тарихи орталықтың тұрғындары үкімет пен басшылықтың назарын сезінуі керек. Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан, елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын!" – деген сөзін өзінше топшылаған болжамы ғана еді.  

Әуежайға Абай Құнанбайұлының есімі берілді

Айтып айтпай не керек, ұлы ақынның 175 жылдығы аясында атқалатын игі іс көп еді. Солардың басым бөлігіне коронавирус пандемиясының кесірі тиді. Дегенмен дәтке қуат бар. Республикалық ономастикалық комиссия қоғам белсенділерінің Семей қаласындағы әуежайға ұлы Абайдың есімін беру туралы бастамасын қолдады. Осылайша Семейдегі әуежайға Абай Құнанбайұлының есімі берілді. 

"Abai tv" телеарнасы ашылды

Мәдени-ағарту бағытындағы "Абай" телеарнасының таныстырылымында Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев сөз сөйлеп, жаңа телеарнаның "Абай" деп аталуы тегін емес екенін айтты. 

"Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру өте орынды. Өйткені ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғасады. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етеді. Бұл турасында ұлы ойшылдың "Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге", "Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан" деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек. Біздің жаңа телеарнамыздың жұмысы қазіргі дәуірдің талабына бейімделеді", – деді Дәурен Абаев.

Өз кезегінде мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова "Abai tv" телеарнасы ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынатынын тілге тиек етті.

"Abai tv" арнасының ашылуы қазақ қоғамы үшін үлкен мереке. Өркениетіміз мен мәдениетіміз үшін маңызды арналардың бірі болады деп сенемін. Мәдениет саласындағы азаматтарды телеарнаға өнімдері мен өнерлерін ұсынуға шақырамын", – деді министр. 

Айта кетейік, телеарна қазақ, орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат хабар таратады. Жаңа телеарнаны "Otau TV" ұлттық спутниктік операторы, "Alma TV", "ID TV" кабельдік желілері арқылы және www.abaitv.kz ресми сайты арқылы тамашалауға болады. 

Абай атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалды 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатынын жазды. 

"Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық, халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады", – деді Президент.

"Абай – мемлекет ісінің мүдделесі"

Ұлы Абайдың 175 жылдығы 2020 жылғы 21 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында салтанатты түрде ашылды. 

Жиында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады. 

"Осыдан ширек ғасыр бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамасымен Ұлы ойшылдың 150 жылдығы аталып өткен болатын.Бұл мерейтой егемен еліміздің еңсесін тіктеуге,ұлттық санасын оятуға зор үлес қосты.Тұңғыш Президентіміз сол жиында Абай халқына қамқор,ұлтына жанашыр бола жүріп, күллі адамзатқа мейірлі гуманистік өреге көтерілді деген еді. Шын мәнінде, кемеңгер тұлғамыздың мол мұрасы адам баласы үшін тағылымды әрі өнегелі деп білеміз", – деді Ақтоты Райымқұлова.

Министр ұлы ойшылдың еңбектері күні бүгінге баршамызға рухани азық болып отырғанын тілге тиек етті. 

"Қасым-Жомарт Кемелұлы "Абай – мемлекет ісінің мүдделесі" деп атап өткендей, ұлы ойшыл бірлігі жарасқан ел болу идеясының жақтаушысы бола білді. Ол ұлтымызды ортақ мақсатта ұйыстырып, әділетті қоғам құру идеясын алға тартты. Бүгінгі халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас. Ұлы Абай шығармашылығының өзегінде елдің қамы, қуанышы мен қайғысы, келешегі, арман-мұраты тұр. Жаңа қоғам мен жаңа адамды қалыптастыру идеясы да Абайдан басталады. Хакім Абайдың ғибратты сөздері тәуелсіз Қазақстанның жаңа серпінмен дамуы үшін қажет. Сондықтан бұл мерейтойдың танымдық және тағылымдық мән-маңызы өте зор", – дедіАқтоты Райымқұлова.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 


Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу