Абылай Мырзахметов "Қолдау" жүйесінің кемшіліктерін атады

898

Субсидияға өтінім берудің жаңа жүйесі пайда болуы мүмкін.  

 Абылай Мырзахметов "Қолдау" жүйесінің кемшіліктерін атады

Фермерлердің субсидия алу үшін құжат өткізу процесін оңтайлы ету үшін жаңа жүйе қолданысқа енуі мүмкін. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде талқыланып, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа тапсырылды. "Атамекен" ҰКП-ның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай деп отыр.

"Жалпы "Қолдау" ресурсы бойынша мәселе көп екенін айтқым келеді. Біз ол туралы білеміз және бірнеше мәрте көтердік. Осы сейсенбіде ғана Премьер-Министрге жауапты министрлік өкілдерінің көзінше осы туралы баяндағанмын. Өкінішке қарай, мәселе бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ. Бізде ауылшаруашылық субсидия алушылардың үлкен шоғыры осы "Қолдау" жүйесін пайдаланады. "Қолдау" – бұл  Қаржы министрлігінің жанынан құрылған жүйе. Оны құрудағы мақсат дұрыс болатын. Қашықтан қызмет көрсету арқылы жұмысты автоматтандырып, қағаз жинап жүгіруді жою керек болған. Оның үстіне барлық қызмет ашық көрсетіліп, жер телімдерін цифрландыру қатар жүргізілетін. Бірақ  өкінішке қарай дайындықсыз, ілкімді жобасыз, пікірлерді ескерместен асығыс қолға алынған кез келген реформаның ақауы болады. Осы ақаулар туралы 2019 жылдан бері кәсіпкерлерден шағым алып келеміз. Біріншіден, ауылдардың үштен бірінде интернет жоқ. Соның кесірінен ауылдағы фермерлер субсидяиға өтінім беру үшін аудан оратылқтарына қатынауға мәжбүр",   –деген "Атамекен" өкілі онлайн ресрус қызметінің ақылы болуы орынсыз деген пікір білдірді.

"Екіншіден, бұл жүйеде өтінім берудің формуласы өте күрделі. Әсіресе, гербицидтер бойынша арнайы карта алу керек. Ол картаны басқа жүйеден жүктеу қажет. Осындай қиындықтар ескерілмеген. Ең негізгі ақау, субсидия деген мемлекеттік қолдау шарасы бола тұрып, "Қолдау" жүйесінің қызметін бір күнде алды да ақылы етіп тастады. Фермерлер осыған қатты наразы. Ол наразылықтары әділетті. Біз бұл мәселені жеткіздік. 1 маусымға дейін келіссөздер жүргізілген. "Қолдау" пайдаланып отырған провайдер "Транстелеком" атты жеке компанияға тиесілі. Осы компанияның тарифі жоғары болып тұр. 

Субсидия мемлекеттік қолдау шарасы болғандықтан, шығынды бюджет көтеруі керек деп есептейміз. Біз салық төлеп отырмыз. Фермерлер, әсіресе, ұсақ фермерлер бұл қызмет ақысынан босатылуы керек. Егер "Қолдау" бұл мәселені шеше алмаса, балама ұсынамыз.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқа да тетіктері бар. eGov.kz жүйесі де бар.  Премьер-Министр бұған дейін Ұлттық экономика министрлігіне бағынышты болған Монополияға қарсы комитетке тапсырма берді. Қазір онда тергеу жүріп жатыр. "Транстелекоммен" сот процесі өтуде. Шамамен ай көлемінде бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймыз. Премьер-Министр 15 қазанға дейін бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа бұл мәселенің шешімін табуды тапсырған",  – деді палата басшысы. 

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу