Абылай Мырзахметов: Элитаға басараздық пен амбицияны қоя тұру керек

7835

"Атамекен" ҰКП басшысы халықты ағартумен айналысатын қор құруды ұсынды. 

Абылай Мырзахметов: Элитаға басараздық пен амбицияны қоя тұру керек

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов әлеуметтік желі арқылы "элитаға" үндеу тастады.

"Бәріңіз көріп отырсыздар. Вирус жаулап жатыр. Өзім шал-кемпірдің қолында өскем. Апамыз соғыс кезіндегі "қара қағаз" туралы көп айтатын. Майданда өлгендер туралы қаралы хабар әкелетін қаралы хатты ел "қара қағаз" деп атаған екен. Мен мына коронавирусты "қара вирус" деп атар едім. Күн сайын бәріміз ақпарат құралдарын қарап, қаралы хабар күтіп отыратын болдық. 

Жағдай бәрімізге мәлім. Енді қызбалыққа салынбай, осыған талдау жасап, не істеуіміз керек деген сұраққа ойланып көрейік. Әркез мұндай жағдайда екі мәселе туындайды. Біреуі, "кім кінәлі" деген сұрақ болса, екіншісі "не істеу керек" дегенге саяды. Әрине, қазір билікке тас лақтыру ең оңай іс. Билікке сын айтылып жатса, оның көбі орынды. Алдағы 1-2 аптаның ішінде жарты жылдықтың қортындысы бойынша Үкіметтің кеңейтілген отырысы болады.Осы отырыста Мемлекет басшысы өзінің соңғы бір жылда көрсетіп жүрген әділдік қасиетімен кімнің қандай жауапкершілігі бар екенін ашық айтып, әділ бағасын беретініне күмәнім жоқ", – деген палата басшысы дәрігерлердің қазіргі жағдайына тоқталды.

"Билікті былай қойып, өзімізге келейікші. Әр азаматтың жаны қиналып жатқаннан кейін айқайлап, ашына сөйлеуін түсінуге болады. Бірақ ақылға салып қарайықшы. Оған өзіміздің де кінәміз бар деп те айтуға болады. Өкінішке қарай, ежелден келе жатқан кеңпейіл, ағайыншылдық салтымыз да "қара вирустың" кең тарауына алып келді.  Аталарымыз бала күнімізде тым қатты асыр салып кетсек, шекеңе тимей қоймайсың дейтін. Міне, шекемізге тиіп жатыр. Тигенде жанымызға бата тиіп жатыр. Көптеген отбасыларға көңіл айтамын. Статистикаға қарасаңыз, жасы келген аталарымыз бен апаларымыз өмірден өтіп жатыр. Ал қазақ ошағының сәні де, тірегі де – ата-ана. Оларды қастерлеп, қамқорлыққа алу – баланың міндеті. Мына вирус соған шамамызды келтірмей жатыр. Осы сабақтан дұрыс шешім шығарайық, ағайын. Менің анам да, әпкем де дәрігер. Дәрігердің қадірін жақсы білемін. Біріншіден, қарапайым дәрігерлерге, күн сайын ел басына тиген ауырлықты ерлікпен еңсеріп жүрген медицина мамандарына құрметпен қарайық. Өз өмірлерін ғана емес, отбасыларын тәуекелге тігіп жүр. Қазір олар жұмысқа емес, майдаған барып жүр. Олар – батыр адамдар. Оған көзіміз жететіндей болды. Жедел жәрдем келмейді деп ашынған кезде осыны ұмытпайық", – деген Абылай Мырзахметов індет өршіп тұрғанда той жасап жүргендерді сынады.

"Бұл вирус бізді тәртіпке үйрете алмады. Оны мойындайық. Көп нәрсеге сенбедік, немқұрайлы қарадық. Өзінің ауласында той жасап жатқандар бар әлі де. Бір жағынан ызаланасың, бір жағынан түсінуге тырысасың. Осындай кезде бет ашып, туған күн жасау – ақылға сыймайтын дүние. Мына қара вирус халқымызды ойландырса екен. Қай қасиетімізді дамытып, қай қасиетімізден арылу керектігін ойланайық", – деді ол. 

Кәсіпкерлер палатасының төрағасы мұндай күрделі кезеңде өзін "элита" атап жүрген қаржылы топтар мен білімді азаматтардың да індетпен күреске ағартушылық сипатта атсалсуы керектігін ашып айтты. 

"Ал лауазымды тұлғаларға қатысты айтар болсақ, "қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым" деген кезең келіп тұр. Карантиннің алғашқы екі айы қиын болса да, шұғыл шешім қабылдап, батыл қимылдадық. Көп өтпей ел шулап, шыдамсыздық танытты.Төрт қабырағаға қамалғанымызға назаландық. Табысымыз төмендеп, кәсібіміз тоқтағанын, ағайынмен араласа алмай қалғанымызды азап көрдік. Ал шектеуді босаңсытып еді, бәрін ұмытып, көшеге шығып, серуендеп кеттік. Бетке тағатын масканы иекке тақтық. Міне осының бәрі қазіргі жағдайға алып келді. Карантинді қайта енгізейік деп жатыр.

Кәсіпкерлер палатасын басқарып отырғаныммен, әріптестеріме адамның амандығы бірінші орында екенін айтып отырамын. Қара вирус бірінші орында адам мүддесі маңызды екенін көрсетті. Экономика да, саясат та соған бағынуы керек. Карантинді күшейту меніңше дұрыс. Бірақ ол қалай болады? 4 миллион адам  тағы да жұмыссыз қалса, оның бәрін 42 500 теңге төлейміз бе? Мемлекеттің оған шамасы келе ме? Осы сияқты сұрақ көп. Мұны мемлекеттің ғана мойнына артып қоюға болмайды. Арамызда қалталылар да, оқыған-тоқығандар да бар. Бұрын интеллигенция деуші едік, қазір "элита" дейміз. Сол "элита" осындайда жауапкершілігін көрсетуі керек. Бірігетін күн туып тұр. Ағарту мәселесін қолға алуымыз керек. Бөлінуді, амбицияны қою керек. Бас бірікпей бұл жағдайдан шығу қиын. Бәрін билікке итеріп қойып, таңнан кешке дейін соны жазғырғаннан ауру жоғалып кетпейді. Билікте де өз қандастарымыз жүр. Ішінде ісіне адалдары да бар. Олардың ішінде де ауырып жатқандар көп. Зейнолла Кәкімжанов, Нұржан Әлтаев сияқты азаматтардың айтып, жазып жүргендері елдің көңілінен шығып жатыр. Соларды қолдап әкетейік. Осындай ниеттегі азаматтардың басын біріктіріп, қоғамдық қозғалыс бола ма, қоғамдық мекеме бола ма, қор бола ма бір ұйым құрайық. Бұған мен азамат ретінде, "Атамекен" ҰКП басшысы ретінде атсалысуға дайынмын. Элита қазір халықпен бірге болып, жол көрсетуі керек", – деді "Атамекен" ҰКП басшысы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу