Абыройы тапталған ақ халаттылар айрықша статус сұрап отыр

10522

Медицина мамандарын ұрып-соғу, тіпті зорлау, өлтіру оқиғалары тіркелген. 

Абыройы тапталған ақ халаттылар айрықша статус сұрап отыр Фото: canva.com

Саладағы ахуал отандық медицинаның болашағына балта шабуы да мүмкін.

"Құрысын, дәрігерлікке оқудың қажеті жоқ екен. Мынау не масқара, кім көрінгеннен таяқ жеп жүргені...", – деп жазады әлеужеліде Қарашаш есімді пайдаланушы. Бұл сөз шынында, салада қалыптасқан күрделі жағдайдан хабар береді. 

Таяуда, Алматы облысындағы Талғардың орталық ауруханасының жан сақтау бөлімінде көз жұмған сырқаттың туысқандарының 27 жасар реаниматолог дәрігерді және 21 жасар медицина қызметкерін аяусыз соққыға жығуы ақ халаттылардың ашынысын туғызды. Бүгінде күдіктілер ұсталып, тергеу жүріп жатыр.

Бірақ тіпті айыптылар әділ жазасын алғанның өзінде салада проблема әрі қарай қалады.

"Мен осындай оқиғалардың кесірінен шұғыл хирургиядан кетуге бел буғанмын. Пациенттерді емдеу сонша күрделі емес, күрделісі – науқастың жағдайын олардың туыс-туғандарына түсіндіру, дұрысы – олардың түсіністігіне қол жеткізу. Менің қызым медиктер отбасында өмір сүрудің қандай азап екенін біледі. Сондықтан сыныптастарын мектеп бітірген соң медициналық университетке түспеуге үгіттеген көрінеді", – деді дәрігер Раушан Кочерова.

Қынжылтатыны сол, қазақстандықтардың көбі ауруы асқынғанша төзеді, уақытылы дәрігерге қарала бермейді. Дамыған елдердің тұрғындары сияқты жыл сайын өз бетінше check up жасатпайды, яғни толық, кешенді медициналық тексеруден өте бермейді. Салдарынан дерті әбден ушыққанда ауруханадан бір-ақ шығады. Содан дәрігерден ғажайып жасауын талап етеді. Оның да өзі сияқты ет пен сүйектен жаралған жан екенін назарға алмайды.

Ғажайып болмаса, бар айыпты ақ халаттыларға жабады. Бұған бір жағынан, кейбір медицина қызметкерлерінің де кінәсі бар. Тұрақты түрде біліктілігін жетілдірмейді, өз қызметінде жоғарғы оқу орны берген ескі білімге сүйенеді, салдарынан диагнозды дұрыс қоймай, сырқатты ажалдың аузына салып береді. Мысалы, әлеуметтік желіде осымен екінші баланы өлтіріп отырған жамбылдық дәрігердің мәселесі қызу талқылануда.

Бірақ бұл үшін барлық дәрігерді бірдей кінәлауға болмайды. Оған жол берілсе, онда сала кадрсыз қалады, медицина жойылып, емханалар мен ауруханалар жабылып, халық орта ғасырлардағыдай, немесе тоқсаныншы жылдардағыдай жаппай балгерлер мен тәуіптерге оралатын болады.

Оның алғышарттары да жоқ емес: апта бұрын "Шымкенттегі токсикология орталығында бүгін болған оқиға" деп сипатталған видеода да дәрігермен төбелес түсіріліпті. Дәрігер мен мейірбикеге жұдырық ала жүгірген пациентті өзге куәгерлер тыныштандырды.

Медицина қызметкерлеріне қатысты сорақы істер көп. Оларды зорлау оқиғалары да тіркелген. Мысалы, бұдан біраз бұрын Шығыс Қазақстан облысында ауылдың 45 жасар мас тұрғыны емханадан шақыру бойынша келген мейірбикені бірнеше сағат зорлаған. Сот үкімімен зорлықшыл сегіз жылға сотталды. 30 жасар мейірбике Жанарға 2,5 миллион теңге ғана моральдық залал өтелді.

2022 жылғы 4 сәуірде, Алматыда белгілі гастроэнтеролог дәрігер Юрий Шумковты белгісіз біреу көшеде атып кетті. Артынша күдікті ұсталды, ол бұрын дәрігерде тексеруден өткен пациенті болып шықты. Сот шешімімен 36 жасар Нұржан Тұрсынбаев 18 жылға бас бостандығынан айрылды.

Әрине, әрбір дәрігерге мемлекет оққағар қосып бере алмайды. Дегенмен, қоғам белсенділері еңбекақысы төмен болғандықтан медициналық ұйымдарда күзет қызметкері ретінде негізінен зейнеткерлер алынатынын, олар долданған, өш алу үшін дәрігерге дүлей күшпен ұмтылған еркектерге қарсы қауқар көрсете алмайтынын алға тартады.

"Қоғамдық бақылау мен мониторинг" республикалық бірлестігінің басшысы, "СҚ-Фармация" бақылаушылар кеңесінің мүшесі Саида Таукелева медицина қызметкерлеріне күш қолданылып, зорлық жасалуына қатаң тосқауыл қойылуға тиіс деп санайды. Әйтпесе, дәрігерлер шақырумен үй аралаудан, ал хирургтер пациентінің жақын-жуықтарымен сөйлесуден қорқып, жаппай бас тартатын болады.

"Бірінші кезекте, медперсоналдың қауіпсіздігін кім қамтамасыз етуге тиіс? Ең алдымен, бұған медициналық ұйымның басшылығы жауапты. Ауруханалар жоғарғы террористік қауіп объектілері болып табылады. Алайда олар жете қорғалмаған. Ал заңнамада мұндай объектілерде қауіпсіздіктің кешенді жүйесін қамтамасыз ету нормалары жазылған. Оған сәйкес, медұйымдар дабыл бастырмаларымен, видеобақылаумен, өртке қарсы дабылдатқышпен жабдықталуға тиіс. Ондағы бейнекамералар полициядағы жедел басқару орталықтарына шығарылуы шарт. Соның негізінде полиция ауруханалардағы әрбір инцидентке шұғыл үн қатуы керек", – деді Саида Таукелева.

Ең бастысы, күзеті көзбояушы емес, тегеурінді болуға, елірген кез келген адамды алып жығып, тыныштандыруға қауқарлы болуға тиіс.  

Медицина қызметкерлерін қорғаумен айналысатын заңгер Дәурен Нұрсапа ақ халаттылардың зорлық-зомбылыққа тап болуына қатысты деректерге төл архиві толып тұрғанын айтады. Оның ішінде медиктерді соққыға жығу, денсаулығына ауыр, орта және жеңіл залал келтіру, намысына тиіп, қорлау, зорлау, жыныстық қатынасқа иліктіруге талаптану, қасақана өлтіру деректері бар көрінеді. Медицина қызметкерлерінің қолын сындыру, қылғындыру, басын кірпішпен жару, балталау, түрлі заттармен денесіне зақым келтіру, пышақтап тастау, тапаншамен және аңшылық қарумен ату оқиғалары тіркелген.

"Медицина қауымдастығы кәсіби міндеттемелерін орындау барысында қорғалуы үшін заңнамаға жеке норма қосуды сұрайды. Әйтсе де шенеуніктер бұған өткір қажеттілік жоқ деген пікірде. Мұнымен келіспеймін. Шенділер еңселі кеңселерінің терезесінен жергілікті жерлерде не масқара болып жатқанын көрмейді. Олар ең құрыса, бір апта учаскелік дәрігер, мейірбике болып еңбек етуі, жедел жәрдеммен бірге шақыруға шабылуы керек, сонда түсінеді. Тіпті ота бөлмесіне басып кіріп, операция жасап жатқан дәрігерлерге шабуыл жасау оқиғалары болды. Мәселен, мегаполистегі клиникалардың бірінде науқастың туыстары, шамамен 40 адам дәрігерге тап берген, жолындағысын қиратқан. Тере берсе, мұндай оқиға көп. Таяуда Астанада оқиға орын алды: ауыр жұмыстан шаршап келіп, демалуға даярлана бастаған хирург әйелді әріптестері түн ортасында шұғыл шақыртыпты. Ол өз жағдайын ойламастан, баланы құтқару үшін жұмысына жүгірген. Жұмыс орнында оны ашулы ата-ана соққыға жыққан", – деді Д.Нұрсапа.

Оның айтуынша, ақ халаттылар мұндай оқиғаларға құқық қорғау органдарына шағымдана бермейді. Себебі, медұйымдардың басшылары сыртқа шу шықпауы үшін жәбірлеушілермен бітімге келуге мәжбүрлейді. Есін жиған зорлықшылар медицина қызметкерлеріне қоқан-лоққы жасап, егер құзырлы органдарға шағымданса, оның үстінен сотқа талап арыз түсіретінін айтып, қорқытады. Араға ықпалды ағайындарын, биліктегі таныстарын салады.

Заңгердің пікірінше, медқызметкерлер өз құқықтарын қалай қорғауға болатынын білмейді, әрі соттасып жүруге де уақыты жоқ. 

Сондықтан сарапшының пікірінше, мұғалімдер сияқты медицина қызметкерлерінің де ерекше мәртебесі болғаны жөн. Мысалы, дәрігерлер қауымдастығы өздерін ұрып-соғып, зорламақ түгіл, балағаттау үшін жауапкершілік көзделгені жөн деп санайды.

Тиісті ұсыныс былтырдан бері Парламент қарауында жатқан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына ұсынылды. Бұл ретте медқауымдастық тарапынан "адамдардың, қоғамның қорғанында тұрғандықтан" медицина қызметкерлерінің статусын да құқық қорғау қызметкерлерімен теңестіру ұсынылды. Бірақ қолдау таппаған көрінеді.

Заң жобасының Парламенттен қандай күйде шығатыны белгісіз. Себебі, дәрігерлерді ұлықтап, мәртебесін көтеруге қарсы топ та әлеуметтік желі мен қоғамдық пікірде аса белсенді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу