"Адал бриллианттар" әлемде сәнге айнала бастады

669

Осыған орай әйеліңіздің саусаңындағы гауһар жүзікті болашақта бір тексертіп алу артық болмас.

"Адал бриллианттар" әлемде сәнге айнала бастады Фото: canva.com

Encyclopedia Britannica энциклопедиясында "Қанды алмас" деген ұғым пайда болды. Оған сәйкес, бұл ұғымға – елдің халықаралық мойындалған, заңды үкіметіне қарсы көтерілген қарулы күштердің бақылауындағы аудандарда өндірілетін, сондай-ақ заңды үкіметке қарсы әскери ұрыс қимылдарын қаржыландыру мақсатында сатылатын кез келген алмаз жатады.

Ал, арам қаннан арылмаған нәрсе "халал" бола алмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында айтылғандай, Құранда: "Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды", – делінген ("Мәидә" сүресі, 3-аят).

Осының негізінде енді сарапшылар бриллиант-гауһарды "арам" және "адал" деп бөле бастады. Euronews осыны анықтау үшін асыл тастың шахтадан нарыққа дейінгі жолын қадағалай алатын технология ойлап табылғанын хабарлады.

"Бүгінде әлемде қарулы шиеленіс жағдайындағы елдерде өндірілген гауһарды саудалауға тыйым салынған. Алайда бағалы тастардың шығу тегін сенімді түрде айқындау күрделі болатын. Польшадағы зертхана мұның шешімін тапты. Қазіргі уақытта мұны анықтайтын және болашақта алмастар мен гауһарлардың заңсыз айналымына тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін технология бар. Ол Польшада еуропалық жоба аясында әзірленді", – деп хабарлады Euronews.

Телеарна тілшілері Польшаның Познань қаласында бриллианттар саудасымен айналысатын бизнесвумен Барбара Дембовскаядан сұхбат алды.

Оның айтуынша, бағалы тастарды оған Бельгиядағы, Франциядағы немесе Италиядағы "тексерілген жеткізушілер" өткізеді. Алайда оның айтуынша, тіпті жеткізушілердің еуропалық сертификаттары да бұл асыл тастардың шығу тегін, яғни, адал екенін 100% кепілдендіре алмайды.

Бұл тұрғыда Вроцлавтағы Nanores лабораториясында жасалған жаңа технология "революциялық" деп танылды. Соның негізінде "Diamond ID", яғни, гауһар және алмастардың түпнұсқалылығы мен шығу тегі туралы куәлік беріле бастайды деп күтілуде.

"Diamond ID – бұл алмастардың ішіндегі нанотехнология. Оның көмегімен біз микромаркировкалаудың (ұсақтаңбалаудың) инновациялық технологиясын әзірледік. Сол арқылы гауһар-бриллианттың өндірілген жерінен бастап әшекейге кіріктірілгенге дейінгі толық тарихын індету мүмкін болады. Біз бриллианттың ішінде бұзылмайтын, өшірілмейтін микротаңба түсіру үшін фемтосекундтық лазерді пайдаланамыз", – делінген Nanores түсініктемесінде.

Ұйым мұндай микромаркировка бағалы тастың құнына ешқандай теріс ықпал етпейтініне сендіреді.

Микротаңба арнайы құралсыз, қарапайым көзге көрінбейді екен.

Болашақта Еуропалық Одақ өндірушілерден және өткізушілерден гауһардың шикізаты саналатын қырланбаған алмасқа осындай микротаңба түсіруді талап етуі мүмкін. Мұнда әр елдің өз таңбасы бекітілуге тиіс.  

Соның негізінде таңбасыз алмастардың жаһандық нарықта ашық сатылуына тыйым салынуы ықтимал.

"Біз әрбір алмасты ерте кезеңнен, соның ішінде кеніште өндірілген мезетте сол елдің таңбасымен таңбалап, шығу тегін растай аламыз. Маркировка бриллиантта бытырай орналасқан микронүктелердің бірегей картасынан құралады. Соның негізінде асыл тасты оптикалық микроскоптың көмегімен кез келген уақытта идентификациялауға болады. Сондықтан оның тарихы төл бастауынан-ақ таза, адал болады", – деп түсіндірді Nanores мамандары.

Олар таңбаның қырлау, тегістеу, зергерлік бұйымға орнықтыру сияқты процестер кезінде бүлінбейтінін жеткізді.

Nanores 2,2 миллион еуродан астам қаражат шығындаған бұл жобаға Еуроодақ 1,75 миллион еуродай көмек берді. Жоба аясында 500x500 микрометрлік ауданда таңба түсіру технологиясы сыналды. Микрометр дегенімін – метрді миллион үлеске бөлгендегі бір үлесі.

"Қазіргі кезде алмастар тек қырланғаннан кейін ғана таңбаланады. Содан соң тастың беткі қабатына белгі (клеймо) түсіріледі. Басқаша айтқанда, бастапқы циклде, асыл тас жаңа өндірілгенде оған ешқандай айқындаушы белгі соғылмайды. Салдарынан ол алмас дүниежүзінің кез келген жерінде, соның ішінде бүлікшілер қолындағы аудандарда, соғысшыл мемлекетте өндіріліп, одан түскен қаражат қақтығысты қаржыландыруға бағытталуы мүмкін. Сондықтан алмастың шығу тегін ең бастау-қайнарынан бастап қадағалаған өте маңызды", – деді жоба басшысы Магдалена Колда.

Жаңа жобаның мақсаты – алмас өндіруші компанияларға кеніштен шыға сала, бағалы тасының ішіне арнайы жабдықтың көмегімен микроскопиялық деңгейдегі таңбаны басуына мүмкіндік беру болып табылады.

Егер технология өзін ақтаса, бұл мүмкіндік болашақта міндетке айналады.

Бүгінде қанды немесе лас гауһарға тек соғыс жүріп жатқан аймақтарда ғана емес, сонымен бірге адам құқықтары өрескел бұзылатын, санкцияға іліккен елдерде өндірілген шикізат пен бұйымдар да жатқызылуда.

Қанды гауһар-алмас саудасына қарсы тұру мақсатында "Кимберли процесін сертификаттау схемасы" деп аталатын халықаралық тетік құрылды. Ол өндірушілерге, өткізушілерге, зергерлерге бриллианттардың шығу тегін қадағалау бойынша қатаң талаптар қоя бастады.

Осы субъектілер тексеруші құрылымдарға шикізатты заңды және адал жеткізушілерден алатынын растайтын құжаттарын көрсетуі шарт. 

Еуропа Diamond ID-мен қоса "Цифрлық егіз" технологиясын дамытуда. Бұл жоба гауһарлардың таңбаларының цифрлық көшірмесін сақтайтын арнайы деректер базасын құруды қарастырады.

Технология патенттеуден толық өтіп, нарыққа шығуы үшін бірер жыл қажет болатыны айтылды. Содан кейін осы таңбалар гауһарлардың "қанды" емес, "халал" екенін кепілдендіреді деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу