Адамдар арасында "құлдықтың" жаңа әрі "күлкілі" түрі пайда болды

558

Индустрия министрлігінің бұрынғы қызметкері, қазіргі "өзін-өзі жұмыспен қамтушы" Әсия Бегалы (тегі сәл өзгертілді) өзінің "шампунь құлдығына" түсіп қалғанын айтады.

Адамдар арасында "құлдықтың" жаңа әрі "күлкілі" түрі пайда болды Фото: canva

Оның үйінде 48 брендтің өнімі бар. Күйеуімен және балаларымен кез келген елге қыдырып бара қалса, ол бірінші кезекте жергілікті маркадағы шампуньды сатып алатынын әңгімеледі.

Өзі мұны тәуелділіктің бір түрі санамайды, өйткені кейбір шампуньдарды қызығып алғанымен, оны сол бойы тұтынбапты. Әсия кез келген сусабынмен бас жууға іңкәр. Әйтеуір, сусабын болса болды.

"Менің "шампунь құлдығы" деп атайтын "құлдыққа" түсіп қалғаныма біраз жыл болды. Бүгінгі көңіл-күйімнің қандай болатынын сусабын анықтайды. Немесе керісінше, қандай көңіл-күйде болғым келсе, тиісті сусабынды пайдаланамын. Жұмыс күні аяқтала сала, тезірек шашымды жумасам, өзімді жайсыз сезінемін. Өзімді тыныштандырғым келсе, мақпалдай жұмсақ шашымды сипап, саусақпен салалап отырамын. Бірнеше күн жумасам, шашым майланып, басым көң сасып кетсе, өзімнен өзім жиіркенемін. Бұл – балалық шағымның ықпалы болса керек. Кеңес кезінде шампунь тапшы болды ғой, әр үй оны қатты үнемдейтін. Бірақ мектепке шашыңды өріп, бантик тағып бармасаң, кіргізбейді. Содан әжей шашымды зорға тарағанда, еңіреп жылап отыратынмын", – деп еске түсірді Әсия. 

Ол шампуньмен жуғаннан кейін ұзын шашты тараудың қандай ғанибет екенін есей келе түсініпті. Содан бері сусабынға "таскенедей" жабысып алды.

Осы сияқты адамдар әлемде көбейіп келеді. Киіміңе қарап танитын, сыртқы кейпіңе қарай сый көрсететін қазіргі әлемде "bad hair day" деген термин пайда болды. Тура аудармасы "жаман шаш болған күн" деп аударылғанымен, дүниежүзінде оны "сәтсіз күн" деп түсінеді.  

Лингвистердің айтуынша, Америка тұрғындары "I’m having an absolute bad hair day" деуі мүмкін. Қазақ тілінде бұл: "Мүлдем сәтсіз күн болды!" дегенді білдіреді.

Америкалық сылқымдарға үн қосқан франциялық бикештер де: "көңіл-күйіңді көтергің келсе, жай ғана басыңды жу" деген мәтел тауып алды.

"Prufy" порталы сыртқы сұлу бейне, стильді киім және әдемі шаш қойыс – табыстың кепілі және адамның өзіне өзі сенімділігінің нышаны екенін қаперге салды.  

Дегенмен, шампуньқұмарлар сыртында, одан бас тартуды, шашқа табиғи заттармен күтім жасауды қалайтын қарама қарсы қозғалыс –  "no-poo" дамуда. Олардың өкілдері шашты жиі жуу адамды тазға айналдыру мүмкін деп санайды.

Қазақстанда да белгілі, Түркияның Ыстамбұлындағы Cosmedica шаш отырғызу клиникасын басқаратын доктор Левент Аджар бұл қауіптің негізсіз еместігін жасырмады. Сонымен бірге шашқа уақытылы күтім жасамау да шашты жоғалтуға соқтыратынын ескертті.

Әсіресе, силиконы бар және тазартқыш қасиетіне ие деп аталатын шампуньдер жиі пайдаланған жағдайда бас терісінің құрғауына және шаштың сынғыштығына әкеледі. Бұған қоса, басты ыстық сумен тым жиі жуу бас терісінің pH балансын бұзады.

Сусабыннан толық бас тарту идеясын таратуда қаралым қуған блогерлер әсіре белсенділік танытып жүр. Интернет кеңістігінен "сусабын денсаулыққа, тіпті өмірге қауіпті-мыс" деп көбік сөзді көпірткен, көрерменінде үрей туғызған видеоларды көп табуға болады.

Мысалы, блогер Егор Настоящий "майланған шаш" деп аталатын жағдай – табиғи нәрсе екеніне сендіріп бағады. Адамның басындағы май бездері ғылым тілінде "себум" аталатын табиғи майды бөледі. Осы арқылы шаштарды құрғап қалудан қорғайды, ылғалдандырады.

Блогер сусабын құрамындағы химиялық заттар осы майларды шайып әкететінін, сол арқылы бас терісінің қышқылдық-сілтілік балансын бұзатынын еске салды. Салдарынан, адам ағзасы оның орнын толтыру үшін бұрынғыдан көп май бөледі.

"Шампунның құлы болуды қойыңыздар! Шаштың майлануы – оны жиі жуа бергеніңізге қарсы табиғи реакция. Табиғи майды жуып тастасаңыз, май бездері оны одан да көп бөледі. Мен шашымды сирек жуамын, олар табиғи түрде өседі, мүңкіп кеткені шамалы. Сіздің шашыңыз қырып тазалайтын еден емес, тірі ағза. Ол өзін-өзі теңгерімге келтіреді. Қайта хош иісті май жағып қойыңыз", – деп өз жазылушыларына ұсыныс жасады блогер.

Ол 1960 жылдарға дейін адамдар негізінен шампунның не екенін білмегенін, ол кездің адамдарының шаш қойыстары да сұлу, өздері де сүйкімді, қаржысы да қалтасында болғанын алға тартты.

Дерматовенеролог-дәрігер Фатима Мұхамадиева мұның бәрін ғылыми дәлелденбеген бос байлам-байбалам санайды.

"Шашты шампуньмен жиі жуудың зиян екенін дәйектейтін ешқандай медициналық ғылыми дәлелдеме жоқ. Оның бәрі адамына, шашының құрғақтығына не майлылығына байланысты. Егер адамның шашы жылдам майланғыш болса, онда көбірек күтімді қажет етеді. Шаш терісі құрғақ адамдар басын сирек жуады. Сусабынға тыйым салу, оны адам денсаулығына нұқсан келтіреді деп тану үшін дәлелдемелік база керек, ол жоқ", – деді дәрігер.

Ол себорея, псориаз және басқа бас терісінің және шаштың ауруы бар адамдардың да шаштары майланғыш келетінін жеткізді. Тез майлануына сусабынды жиі пайдалануы емес, дерті ықпал етеді екен.

Ал, егер шашы лезде майланатын адамдар "шампунь зиян, улы, тез майлануға түрткі болады" деген сияқты кеңестерге риясыз сеніп, бас жууды сиретсе, не қойса, онда мол майлы қабатта инфекция өне бастауы мүмкін. Ондай адамның басында ірің, басқасы пайда болады.

Дәрігер қалың майдың фолликулаларды жауып тастайтын, салдарынан шаш түбіне ауа кірмейтінін, бұл да бактериалды инфекциялардың көбеюіне ықпал ететінін түсіндірді.

Оның байламынша, тым майлы шаштар денсаулықтағы салмақты ақаудың белгісі болуы да мүмкін. Мысалы, бұл асқазан-ішек жолдарының дертінен хабар беруі ғажап емес. Ендеше шашқа қатысты проблема басталса, гастроэнтеролог, эндокринолог сияқты мамандардың тексеруінен өту артық болмайды.

Шампуньмен күресіп жүрген блогерлер бұрынғының адамдары сияқты басты сабынмен, жұмыртқаның сарыуызымен, уксуспен, күлмен және басқасымен жууға "ақыл" беріп жүр. Дерматовенеролог-дәрігер мұндай кеңессымақтарға құлақ қоймаған жөн дейді.

"Бұл: "әйелдер айтады" деген сериядағы кеңессымақтар ғой. Бұрын адамдар қолында не болса, сонымен басын жууға мәжбүр болған. Оның адам денсаулығына әсеріне ол кезде ғылыми зерттеу жүргізілмеген. Бертінде де сусабындар ауылдарға дейін жете бермейтін. Жұмыртқа жағу шаштың түбін бекітуге септеседі дейді. Бірақ дәрігер ретінде сізге ондай кеңес бере алмаймын. Халық кеңестері – медицинаның аясы емес", – деді Фатима Мұхамадиева.

Оның үстіне шашқа жұмыртқа жағу ауру асқазанды жазбайды. Бір жағып, тез жуа салғаннан ол теріге сіңіп үлгермейді. Ұзаққа қалдырсаңыз, жұмыртқаның иісін сезіп, басыңызға шыбын-шіркей, маса үймелесе, несі жақсы?! 

Дәрігердің түсіндіруінше, шампунның өзі емес, оны бас терісінің типіне қарай дұрыс таңдай алмау зиянды. Ал, әр адамға шашы мен бас терісінің ерекшелігіне қарай сусабынды дұрыс таңдауға блогерлер емес, дәрігерлер көмектеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу