Әділет министрлігі мемлекеттің заң шығару қызметінен кемшілік тапты

2846

Ведомствоның байламынша, халықтың негізгі бөлігі заң шығару процесіне ықпал ету мүмкіндігіне енді сенбейді.

Әділет министрлігі мемлекеттің заң шығару қызметінен кемшілік тапты Фото: sputnik.kz

Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда депутаттар VIII шақырылымдағы екінші сессиясының қорытындысын шығарған болатын.

Осылайша, бұл сессия жабылып, Сенат пен Мәжіліс депутаттары қыркүйекке дейін каникулға тарады.

Өткен сессияда қос палатаның 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 жалпы отырысы және Сенаттың 43 жалпы отырысы өтті. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды. Оның 102-сі қабылданды. Кейбір заңдарды депутаттық корпустың тым асығыс, қауырт қабылдағаны байқалды. "Қайткенде де осы сессия соңына дейін өмірге жолдама алуға тиіс" деп белгіленген заң жобалары жетерлік. Мұның жаман-жақсы екенін өмір мен заң қолдану тәжірибесі көрсетеді.

Дегенмен, Әділет министрлігі биліктің заң шығармашылық қызметіндегі көптеген олқылықты анықтапты. Олар ушыға келе, халық пен бизнеске, мемлекеттік мүддеге нұқсан, залал келтірмеуі үшін "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жеке заң жобасы жазылып отыр.

Сонымен, қандай кемшіліктер әшкереленді?

Әділет ведомствосының талдауынша, біріншіден, биліктің жоспардан тыс заң жобаларын әзірлеуі тым көбейіп барады.

"Бүгінгі таңда жоспардан тыс заң жобаларының саны үдемелі түрде өсуде және іс жүзінде, жоспарлы заң жобаларының санына теңесті. Бұл ретте жоспардан тыс заң жобаларын әзірлеу процесі қолданыстағы заңнамамен еш регламенттелмеген", – делінген министрліктің консультативтік құжатында.

Сондықтан жаңа заң жобасында (әрине, егер оны Парламент қабылдаса) заң шығару желісі бойынша меморгандардың қызметін үйлестіруге, бір тәртіпке келтіруге талап жасалады.

"Мысалы, 2023 жылы жоспардан тыс заң жобаларының негізгі саны – 17 бірлігі Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде әзірленді. Үкіметтің Мәжіліске заң жобаларын жоспардан тыс енгізетін тәжірибесін ескерсек, жоспардан тыс заң жобаларын әзірлеудің негіздері мен тәртібін қарастыру қажет. Бір жағынан, бұл шара заң жобаларының сапасын арттырады. Әзірлеуші органдар заң шығару процесіне неғұрлым жауапкершілікпен қарайтын болады. Екінші жағынан, заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді", – деді Әділет министрлігінің сарапшылары.

Екіншіден, олардың айтуынша, заң жобасын әзірлеушілер соның барысында жергілікті атқарушы органдармен өзара ынтымақтаспайды, салдарынан жергілікті жұртшылықтың мүдделері ескеріле бермейді. Ахуалды түзеуге депутаттардың ауыл-аймаққа көбіне "көзбояушы сапарлары" ықпал етпейді. 

Қазақстандықтар әлеуметтік желіде үнемі жазып жүргеніндей, депутаттармен кездесуге жиналуға ұжымдарды басшылары мәжбүрлейді, жұрттың көкейін тескен ауыр сұрақтарды қоюға, мәртебелі меймандарды мазалауға тыйым салатын көрінеді. Содан қалаулылар алдын ала дайындап келген құрғақ баяндамасын, жалпылама әңгімесін айтып, кетіп қалады. Кейде нақты бір ауыл-ауданның тұрғындарын қандай өткір проблемалар алаңдататынын сол аймақтан сайланған депутаттар да біле бермейді. Сондықтан халықтың заң шығарушылық процесіне қызығушылығы төмен екені атап өтілді.

"Заң жобаларын әзірлеушілер жергілікті жерлердегі нақты жағдайды білмейді, халықтың шынайы қажеттіліктерін көрмейді, салдарынан өңірлердің ерекшеліктерін ескермейді. Сонымен қатар жұртшылықты норма шығармашылық процесіне тарту үшін құрылған қолданыстағы алаңдардың тиімділігі шамалы. Сараптамалық және қоғамдық кеңестер сол бойы жаңа ғана дами бастаған институттар болып қалды", – делінген ведомствоның консультативтік құжатында.

Кезінде елді демократияландыру аясында "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" арнайы, алдыңғы қатарлы заң қабылданып, заң жобалары, Үкімет қаулылары, әкімдер мен мәслихаттардың шешімдері және басқасы – НҚА жобалары мен заңжобалық тұжырымдамалар "Ашық НҚА" интернет-порталында жарияланып, қоғамдық талқылауға шығарылатын ізгі тәжірибе енгізілді.

Алайда бұл тәжірибе де тоқырады. Мысалы, ол порталда реттегіш әсерді талдау құжаты соңғы рет 2024 жылғы 24 қаңтарда жарияланған. Содан бері халыққа маңызды ақпарат бермейтін, құрғақ және қысқа ғана қорытындылар жарияланады.

Кейінгі кезде халықтың талқылауына шығарылатын заң жобалары да сұйылды. Өйткені заң жобаларының басым бөлігін Сенат пен Мәжіліс депутаттары өздері жазатынды шығарды. Лоббистік заңдардың депутаттар арқылы ілгерілетілетініне депутаттар да жалпы отырыстарда ашық шағымданады. Соған қарамастан, депутаттар бастамашы болған заң жобалары портал арқылы қоғамдық талқылауға шығарылмайды, халықтың бағасын алмайды.

Үкімет бұл олқылықты түзету үшін заң жобасына тиісті өзгеріс енгізбек болған. Оған депутаттар үдере қарсы шығып, "Үкімет Парламенттің құзырына қол сұққалы жатыр" деп байбалам салды, ол бастаманы жойғызды.

Көңілі қалса керек, "Ашық НҚА" порталында енді нормативтік құқықтық актілерді, соның ішінде заң жобаларының тұжырымдамасын, реттегіш саясаттың консультациялық құжаттарын немесе басқа да стратегиялық құжаттарды талқылауға ел белсенді қатысуын тыйды.

"Мұны халықтың негізгі бөлігінің заң шығару процесіне ықпал ету мүмкіндігіне сенбейтіндігімен және саясатқа қызығушылық білдірмейтіндігімен түсіндіруге болады. Оның үстіне қазіргі кезде үкіметтік емес, коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің де белсенділігі төмендеп кетті", – деп мәлім етті әділет ведомствосы.

Мысалы, 2022 жылы "Ашық НҚА" порталына 708 000 адам кірген. Алайда басым көпшілігі еш пікір білдірмей, бей-жай шығып кеткен. Нақтылағанда, сол жылы 17 827 жоба орналастырылды (НҚА жобалары және реттеуші саясаттың консультативтік құжаттары), оларға 40 201 түсініктеме түсті.

2023 жылы, яғни бір жыл ішінде порталды 963 000 адам қараған. Оның арасында НҚА жобаларын орналастырушы меморгандар мен әкімдіктердің қызметкерлері де бар. Былтыр ашық талқылауға 18 100 жоба шығарылды, оларға 61 848 түсініктеме ғана түсті. Яғни, пікір білдіруді жөн деп тапқандар саны қараушылардың он пайызына да жетпейді.

Бұл жерде Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асқанын, соның ішінде 14 миллиондайы ақыл-ойы, көзқарасы қалыптасқан жастағы қазақстандықтар екенін ескерген жөн. Олар көпшілігінде бей-жай қалады, немесе сыни пікір қалдыруға қорқады.

Жалпы, "Ашық НҚА" порталы іске қосылғалы бері барлығы 128 882 НҚА жобасы орналастырылып, оларға қазақстандықтар 274 373 ой-пікір білдірілген. Оның көбі бұрынғы жылдардың, негізінен 2022 жылға дейінгі кезеңнің үлесінде.

Министрліктің пайымдауынша, бұл – жергілікті және орталық биліктің бастамалары талқыланатын осы алаңның танымалдығы мен тиімділігі тұрғысынан бағалағанда, "жақсы көрсеткіш болып табылмайды".

"Ауруын жасырған өледі" дейді қазақ даналығы. Әділет ведомствосы ашығын айтып, билік пен халық арасында диалог алаңдарына айналады деген тетіктердің "тиімсіз екенін мойындау керек" деп отыр.

Бір мысал: барлық әкімдіктің, министрліктердің, өзгесінің жанынан қоғамдық кеңестер жаппай құрылды. Оның құрамына қоғам белсенділері, танымал тұлғалар кірді. Бірақ олар "халықтың пікірін білдіреді, мүддесін ілгерілетеді" деп айту қиын екен.

Салдарынан, 2023 жылы "Қазақстандық қоғамдық даму институты" жүргізген зерттеулер көңілсіз көріністі паш етті. Қазақстандықтардың жартысынан көбі – 56,8%-ы елде қоғамдық кеңестердің (ҚК) жұмыс істейтіні туралы ештеңе де білмейтін болып шықты.

Білетіндердің жартысы (49,9%) ҚК міндеттері мен функциялары туралы тек жалпы түсінікке ие, әлдебір жерден соның бары туралы естіген, оқыған.  

Сұралғандардың 82,1%-ы немесе он адамның сегізі әртүрлі деңгейдегі бірде бір қоғамдық кеңеске маңызды әлеуметтік мәселелерді талқылау үшін жүгінбеген. Сонда азаматтардың тек 15,8%-ы ғана әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу үшін негізінен, өз елді мекенінде, яғни әкімдік жанындағы ҚК-мен байланысыпты.

Институт анықтағандай, халық арасында мүлдем дерлік танымал еместері – министрліктер мен агенттіктер жанынан құрылған қоғамдық кеңестер. Ал, заң жобаларын әзірлеушілер де – осылар. Өйткені әкімдіктерде заң жазу өкілеттігі жоқ.

Қорытынды қандай? Әділет министрлігінің сарапшылары заң шығарушыларға – Парламент депутаттарына, министрліктер мен агенттік, Жоғарғы сот және басқа да заң жазу құқығы бар ұйымдарға заң жобаларын әзірлеу процесіне жергілікті билік өкілдерін кең тартуға кеңес берді.

Нәтижесінде, біріншіден, елдің тұтастығы күшейер еді. Қазақстан федерация емес, унитарлы мемлекет. Орталық өз бетінше, өңірлер өзінше бөлек тіршілік етпеуі керек, мемлекеттің барлық аймағы өзара үйлесімділікте, жұмыла дамуы шарт. Депутаттардың каникул басында ауыл-аймаққа екі апталық шабысы мұны қамтамасыз етпейді, жағдайды жақсыға өзгертпейді.

Бұл үшін орталықтың заңнамалық бастамаларын талқылауға жергілікті жұртшылықтың қызығушылығын арттырған абзал.

Екіншіден, орталық пен өңірлік билік деңгейлері арасындағы кері байланыс тиімді жолға қойылуы қажет. Үшіншіден, қордаланғани және жаңадан бой көтерген проблемалардың шешімін биліктің барлық деңгейлері келісімді түрде іздеп табуы және оларды жүзеге асыруда үйлесімді, бірлесе қимылдауы керек.

Осыған орай Әділет министрлігі Астанада ұсынылған және бүкіл мемлекеттің өміріне әсер ететін заң жобалары мен олардың тұжырымдамалары бойынша әкімдіктердің жария тыңдаулар өткізу функцияларын бекітуді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу