Әділет министрлігі: Зайсанды – "Жайсан", Иртышты – "Ертис" деп бірыңғай жазған жөн!

2284

Жер-су атауларын ретке келтіру ісі неге тоқырауға ұшырады?

Әділет министрлігі: Зайсанды – "Жайсан", Иртышты – "Ертис" деп бірыңғай жазған жөн!

Тәуелсіздіктің 30 жылында билік аяғына дейін жеткізе алмаған істер жетерлік. Соның бірі географиялық, ономастикалық атауларды қазақыландыру болса керек. Керісінше, бұл іс кейінгі кездері кері кете бастағандай.

Бұған мысал, әкімдіктің ел қазынасынан күн көріп отырған "Вечерний Алматы" газеті биылғы тамыз айының соңында "Невада-Семей" қозғалысының жетекшісі, жазушы Олжас Сүлейменовтың Алматыны орысша мақаммен "Алма-Ата" деп қайта атау туралы бастамасын жариялады. Мұны тіпті ресейлік басылымдар жерден жеті қоян тапқандай қуана іліп әкетті.

"Мен "алматынец" емеспін, "алматинецпін", – деген О.Сүлейменов "Космонавттар көшесі", "Интернациональная" сияқты барлық қалаларымызда коммунистік тоталитаризм заманында қаптап кеткен, ел азаттық жылдарында арылған атауларды қайтаруды көксейді.

Заңгерлік сараптама заң бұзушылық таппады

Осыдан кейін әкімдіктер мен Үкімет мүшелеріне өзге де ескі атауларды оралтуды сұраған хаттар түсе бастаған. Соның бірі зейнеткер Олег Арестов қазақыландыру бағытындағы өзгерістерді түсінбейтінін аңғартты.

"Неге Экология министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті өз бұйрықтарында су объектілерінің ресми орысша атауларында орысша нұсқасының орнына қазақ тілді атауларды пайдаланады. Өз кезегінде Әділет министрі мұндай бұйрықтарды неге тіркейді? Мысалы, комитет төрағасының 2021 жылғы 3 тамыздағы №30-4-8/77 бұйрығында: "1) на озере Жайсан; 2) в глубоководной части водохранилища Буктырма; 3) на Усть-Каменогорском водохранилищах, реке Ертис" делінген. Шынында, бүгінде бұлардың ресми орыс тілді атаулары – Зайсан, Бухтарма, Иртыш", – деп "түзетеді" О.Арестов.

Бұл хат әділет ведомствосын дүрліктіргенге ұқсайды. Хат негізінде биылғы 3 тамызда күшіне еніп кеткен бұйрық қайта қаралып, заңгерлік сараптама жүргізілген. Қуаныштысы сол, заңгер ғалымдар мен мамандар сараптама нәтижесінде Экология министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің жазғаны дұрыс деген оң қорытындыға келіпті.

Мұны Әділет министрі Марат Бекетаев өз блогы арқылы хабарлады.

"Бұйрыққа жүргізілген заңгерлік сараптама нәтижесі бойынша анықталғандай, аталған нормативтік құқықтық акт азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмейді, заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзбайды және Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді", – деді министр.

Сонымен бірге ол бір жайтқа назар аудартты: "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" заңының 19-бабына сәйкес, әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектiлердiң дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлуге тиiс.

"Алайда қазіргі кезде Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында транслитерация тәртібі бекітілмеген", – деді М.Бекетаев.

Демек орысша Зайсан орнына "Жайсан", Бухтарма орнына "Буктырма", Иртыш орнына "Ертис" деп бірыңғай жазуды енгізген жөндей. Бұған елорда жақсы үлгі-өнеге көрсетіп отыр. Мысалы, Ақмола кезінде қаланы екі жарып ағатын Есіл өзенінде "река Ишим" деген жазу тұратын. Қазір бұл атау көбіне орыстілді зейнеткерлердің ғана есінде қалды. Барлық жерде енді "Есиль" (мысалы, "Аппарат акима района "Есиль") атауы ресми қабылданды.

Кеңестен мұраға қалған нұсқаулықты жаңғыртсақ ше?

Тіл маманы, зерттеуші, филология ғылымдарының докторы Ұлжан Мұсабекованың байламынша, 1956 жылы бекітілген орыс тілі ережелері "қазіргі нақты тілдесу практикасынан айтарлықтай арттап қалды". Оның үстіне ол посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерде ономастикалық бірліктер корпусының елеулі түрде өзгергенін ескермейді.   

Ұ. Мұсабекованың мәліметінше, қазақша географиялық атауларды орыс тіліне транслитерациялау қағидаларын бекітуге өткен ғасырдан бері нормативтік құжаттарда бірнеше рет талпыныс жасалыпты. Мысалы, сонау 1939 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық филиалының тіл секторының меңгерушісі Сәрсен Аманжолов пен география секторының меңгерушісі Петр Симонов "Основные положения транскрипции географических названий Казахстана" атты жоба әзірлейді.

"Бұл КСРО Геодезия және картография бас басқармасының Транскрипция бюросының жоғарыдан таңған "Инструкция по передаче географических названий Казахской ССР" нұсқаулығына жауап болатын. Қазақстандық авторлар "жіберілген барлық нұсқаулықтар практикалық жұмыста басты, жалпыға міндетті оқулық немесе қайнар-көз бола алмайды" деп ашық қарсы шықты. Себебі ол нұсқаулықтар жүйелі құрылмаған, олар негізге алған принциптер аяғына дейін толыққанды сақталмаған. Соның кесірінен Қазақстанның географиялық атауларын рәсімдеуде сауатсыздық, шатасушылық және ала-құлалық жаппай жайлайды деп ескертеді. "Қазақ республикасындағы қазақша атаулардың басым көпшілігінің топографтар, аудармашылар және басқалары тарапынан бұрмаланғаны сонша, тіпті жергілікті қазақ тұрғындары да адасып қалатын күйге жетті" деп дабыл қақты ғалымдар", – дейді зерттеуші.

Қазақша географиялық атауларды орыс тілінде берудің қазіргі нұсқаулығын Білім және ғылым министрлігі География институтымен, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен және Жер ресурстарын басқару агенттігімен бірлесіп әзірлеген және ол Үкімет жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссияның 2002 жылғы 6 мамырдағы отырысында бекітілген.

Дегенмен, оның өзі Кеңес одағының Министрлер кеңесі жанындағы Геодезия, аэротүсірілім және картография орталық ғылыми-зерттеу институты жасаған "Инструкции по русской передаче географических названий Казахской ССР" нұсқаулығы негізінде және соны пысықтау арқылы жасалған.

Демек бұл құжатты да қазіргі заманға сай қайта қарайтын кез жетсе керек.

Қынжылтатыны сол, Қазақстандағы жер-су атауларын бұрмалау ары қарай жалғасуда. Мысалы, ресейлік блогерлер, турфирмалар "озера Кальсай в Казахстане" деп жазып жүр. Көлсай көлі дегені...

Жанат Ардақ

Фото: dalanews.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу