Аграрлық шайқастар: ескі қожайын жаңасын миллиондаған табысынан айырды

3721

Күштің заңы жүретін жерде мемлекеттің заңы жайына қалады. 

Аграрлық шайқастар: ескі қожайын жаңасын миллиондаған табысынан айырды

Ақбұлақтағы бес адамның өмірін жалмаған қырғын қоғамды екіге жарды. Қазақстандықтардың үлкен бөлігі қанішерді жақтап, оның билікпен жалғыз күрескен "қаһарман" ретіндегі жалған кейпін сөзбен сомдады. Бұл ретте Игорь Дужновтың банктен ғана емес, сондай-ақ айналасындағы барлық адамнан қаптатып қарыз алып, қасақана қайтармай келгенін бұл жандар назарға алғысы келмейді.

Сондай-ақ жеке сот орындаушыларының және олармен ымыралас алыпсатарлардың небір қулық-сұмдық тәсілді меңгергені, соны қолданып, қарапайым жұртшылыққа жәбір көрсететіні, жәукемдейтіні туралы көп айтылды.

Дегенмен, қарызға батушы және қарызды өндіруші соқтығысқанда, арасында өзге адамдар зардап шеккен жағдайлар да жетерлік. Соның бірі – ауыл кәсіпкері, аграрлық шаруашылық басшысы, петропавлдық Оралбай Сәкенов біраздан бері әділдік пен араша сұрап, әртүрлі билік истанцияларын жағалап жүр екен.

Мәселенің мәнісі неде?

2021 жылғы 22 қаңтарда ауыл кәсіпкері бұғатталған мүлік саудаға түскен аукционға қатысып, жалпы ауданы 696 гектар болатын алып учаскені "уақытша ақылы жер пайдалану құқығын" сатып алады. Тиісінше, ол жерді жекеменшікке алмаған, мемлекеттен жалға алған.

"Бұрын ол жер "Бос и К" ЖШС пайдалануында болыпты. СҚО-ның Қызылжар ауданындағы Виноградов селосында орналасқан, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған бұл жерді пайдалану құқығы 22,4 миллион теңгеге түсті. Содан биылғы 1 сәуірде жеке сот орындаушысы Барибаевпен осы жер телімін уақытша пайдалану құқығын сатып алу-сату келісімшартын бекіттік. 4 сәуірде жер телімін тіркеуші органда ресми тіркеттім", – дейді кәсіпкер.

Жасыратыны жоқ, аукционға қатысатын алыпсатарлар арзанға түскен жерлерді, үйлерді және басқа да активтерді ізінше қайта сатып пайда көруге асығады. Ал кәсіпкер ол жерде егіс салуға дайындық жұмыстарына кіріскенін айтады.

"Лизингке трактор сатып алдым. Бидай және зығыр тұқымдарын, жанар-жағар май сатып алуға келісімшарт бекіттім. Ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Жұмысшылармен еңбек келісімшарты бекітілді. Содан 2 мамырда жұмысшылармен бірге жаңа жер учаскесіне бардым. Дән егуге дайындықты бастап кетейік деген ниет болған. Қарасақ, бізге тиесілі жерді басқа біреулер жыртып жүр. "Бұларың не?" деп сұрасам, олар мұны бұрынғы қожайынның тапсырмасымен жүзеге асырып жатқанын айтты. Сол күні дереу Қызылжар ауданындағы полиция бөлімінің бастығына өтініш жазып, жүгіндім", – дейді бизнесмен.

Ол ішкі істер органынан бұрынғы қожайынның бұл тірлігіне қатысты шара қолдануды сұрайды. Құқықтық мемлекетте мүлікке таласушылар қолына қару не таяқ алып, төбелеспей, бәрін заң аясында шешуі керек екені аксиома.

Дегенмен, полицейлер 4 мамырда О.Сакеновтың өтінішін есептен шығарып, архивке, номенклатуралық іске көшіре салған. Осы арқылы жердің жаңа қожайынын қорғамайтынын аңғартқанға ұқсайды.

Кәсіпкердің хабарлауынша, осыдан кейін қарсыласы әбден еркінсіп алыпты: ол заңсыз ісін ары қарай өрістетіп, аумағы ат шаптырымдай учаскеге егін салған.

"Салдарынан, біздің кәсіпорын 70 миллион теңгеден астам табыстан қағылды. Бұрынғы қожайыны Петропавл қаласының №2 сотының "Халық банкке" ақшалай төлем жасау туралы шешімін 2016 жылдан бері орындамай келіпті. Сондықтан банк бұл жер телімін бұғаттап, алып қойған. Оны біз сатып алдық. Жер телімінің банк иелігінен кетіп, жеке қолға көшкенін білген бұрынғы қожайыны және оның серіктестігіне кіретін тұлғалар бұл жерге баса-көктей кіріп, заңсыз игеруге көшкен. Осылайша, біздің компанияға жер пайдалану құқығын жүзеге асырып, ауыл шаруашылығынан табыс табуға мүмкіндік бермеді", – дейді Оралбай Сәкенов.

Ол піскен егінді алып қоюға да талпыныпты. Күші жетсе, оған толық құқылы. Бірақ "Бос и К" ЖШС облыстық прокуратураға шағымданып, жаңа қожайынның ондай іс-қимылдарына тосқауыл қойыпты.

"Олар прокурорға шағымында жер пайдалану құқығы барын көрсетті. Шынында, аукционда сатылғалы ол бұл телімді пайдалану құқығы айырылды.Соған қарамастан, қадағалаушы органнан заңды қожайынға, яғни маған ол егінді алып қоюға жол бермеуді сұраған. Оның үстіне өтініште менің тарапымнан күш қолданылады деп қорқатынын жазыпты. Ал біз ешқандай қоқан-лоққы жасаған емеспіз. Олар бір аптадай бұрын бізге тиесілі 70 гектар жерде өскен шөпті де заңсыз шауып, әкетті. Сол арқылы бізге 15 миллион теңгеден артық шығын келтірді. Әкімдіктің мамандарын шақырттық, осы дерек тіркелді, акт толтырылды", – дейді О.Сәкенов.

Ол Қызылжар аудандық полиция бөліміне шағыммен қайтара жүгінген екен. Күні бүгінге дейін ешқандай шара қолданылмағанына қапаланады.

Биліктен қайыр болмаған соң, ол 2,9 миллион теңгеге күзет агенттігін жалдап, өзіне тиесілі учаскеде қарсыласы еккен бидай мен майлы дақылдардың қалған бөлігін жинауына тоқтау салмақ болады.

Билік не істеуде?

Оралбай Сәкеновтің мәлімдеуінше, оған мемлекеттік органдар қысым жасап жатқан көрінеді: оны Қызылжар ауданының полиция бөліміне, аудандық прокуратураға, СҚО әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына шақырып, "Бос и К" ЖШС-нің еккен егінін еркін жинап алуына кедергі жасамауы қажеттігін түсіндіріпті.

"Аудандық прокуратура қызметкері бұған бағынбайтын болсаң, үстіңнен қылмыстық іс қозғаймыз деп ескертті. Өйткені оның айтуынша, Азаматтық кодекстің 123-бабына сәйкес, мүлiктердi пайдалану нәтижесiнде алынған түсiм – жемiстер, өнiмдер, табыстар осы мүлiктi заңды негiзде пайдаланушы адамға тиесiлi болады" екен. Жалпы, заңның сақталуын қадағалауға тиісті прокуратураның өзі жағдайды ушықтыруда. Ол бұрынғы қожайынға бұл учаскені пайдалануы заңсыз екенін түсіндірмейді. Керісінше, оның заңсыз әрекеттерін жалғастыруына септеседі", – дейді ауыл кәсіпкері.  

Бұл жағдайға байланысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз блогы арқылы жауап берді.

"Бос и К" басшысын жауапкершілікке тарту және СҚО Қызылжар ауданының Полиция бөлімі қызметкерлерінің әрекетсіздігі туралы өтініш қаралды. Тексеру нәтижесінде анықталғандай, Полиция бөлімі 2021 жылғы 9 қыркүйекте өтініште жазылған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің "Өзiнше билiк ету" 389-бабының 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу және процестік іс-әрекеттер жүргізілуде", – деп қысқа қайырды ІІМ басшысы.

Бұл ретте екі тарапты да – аталған жер телімінің ескі қожайынын да, жаңа қожайынын да айыптаудан аулақпыз. Екеуі де егін салып, өнім жинауға құлшынған. Мұнда бірнеше проблема бой көрсетеді: ауыл шаруашылығы өндірушілері ұзын әрі арзан кредит ала алмай, амалсыз, қу сүйектен қуырдақтық ет қырқатын коммерциялық банктерге жүгінуге мәжбүр. Ал ұзаққа созылған дағдарыс, девальвация кірісті төмендетіп, кәсіпкерді кіріптар, дәрменсіз жағдайға жеткізеді. Салдарынан, қаншама аграршының, ірі агрохолдингтердің мал-мүлкін, жерін, активтерін банктер тартып алып жатқаны жасырын емес.

Ұлан-байтақ жері бар Қазақстанда егін егуге ынтыққан екі іскер кәсіпкерге жер табылмағаны, бір жерге таластырып қойғаны қынжылтады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу