Air Astana моңғолға ұшатын жолды таппай отыр

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5799

Моңғол авиациялық билігі Астана-Ұланбатыр рейсіне рұқсат беретіндігіне ИДМ аса сенімді емес.

Air Astana моңғолға ұшатын жолды таппай отыр

ҚР инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек Астана-Ұланбатыр тікелей авиарейсін ашудағы қиындықтар туралы айтып берді. Air Astana компаниясы 2016 жылдың маусымынан бастап осы бағыт бойынша рейстер орындай бастайтынын хабарлаған болатын, алайда кейінірек оны тоқтата тұруға мәжбүр болды.

2016 жылдың қаңтар айында Air Astana 2016 жылдың маусым айынан бастап Астана мен Ұланбатыр арасында авиатасымалын іске қосу жөніндегі халықаралық деңгейдегі рәсімдерге бастама жасады. Әуе компаниясы Моңғолияның авиациялық билігі талап еткен операциялық қауіпсіздік аудитінен сәтті өтті. Алайда 2016 жылдың сәуірінде Ұланбатыр берген рұқсатын қайтып алып, Моңғолияға ұшатын шетелдік тасымалдаушылардан талап етілетін әуе операторының сертификатын беруден бас тартты. 2016 жылдың қарашасында Air Astana Моңғолияның авиациялық билігін шешімді қайта қарауға шақырып, мұндай шешім негізсіз ғана емес, сонымен қатар "азаматтық авиацияда қалыптасқан халықаралық стандарттар тәжірибесін бұзатынын" айтты.

Астанадан Ұланбатырға апаратын ең қысқа жол, Ресей тарапының пікірінше, Транссібір магистраліне кіретін әуе кеңістігі арқылы өтеді. Осыған орай, Ресей тарапы Қазақстанның әуе компаниясынан Транссібір кеңістігі арқылы шамамен 300 шақырым ұшып өтуі үшін ақы төлеуін талап етті әрі бұл кез келген шетел әуе компаниясына қойылатын талап. Ал Қазақстан тарапы, құрамына азаматтық авиация комитеті кіретін ҚР инвестиция және даму министрлігі болсын, ұлттық әуе тасымалдаушының өзі болсын, мәселені бұлай шешу дұрыс емес және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер арасындағы келісім аясында Air Astana Транссібір арқылы ұшып өткені үшін ақы төлеуге тиіс емес деп есептеді. Дегенмен, ұлттық тасымалдаушы соның өтемі ретінде ұшақ бортынан ресейлік тарапқа белгілі бір мөлшерде орын беру мүмкіндігін қарастырды.

Сонымен қатар Ресей тарапы Қазақстанға ұшатын екінші авиатасымалдаушыны кіргізу туралы шарт қойды. Ресейлік "Трансаэро" әуе компаниясы банкротқа ұшырағаннан кейін Мәскеуден Астана мен Алматыға жалғыз "Аэрофлот" қана қатынап жүрді. Осылайша, Ресей тарапы осындай барынша табысты бағыттарға тағы бір әуе компаниясын енгізбек болды. Оның үстіне Ресей тарапы өзара әуе кеңістігін толығымен ырықтандыруды ұсынды. Дәл осы ұсыныс Қазақстан тарапының наразылығын тудырды. 2016 жылдың 7 шілдесінде ҚР инвестиция және даму министрлігінің азаматтық авиация комитетінің сол кездегі төрағасы Бекен Сейдахметов Қазақстан билігі тең дәрежелі шарттардың болмауы себебінен екі ел арасында "ашық аспан" орнатуын мақұлдауға дайын еместігін abctv.kz-ке айтқан болатын.

"Біздің ұстанымымыз – өзара табысқа қол жеткізу, егер қазір бізге 180 ұшағы бар "Аэрофлот" кіретін болса, Air Astana-ның күлталқаны шығады, себебі "Аэрофлот" барша әлемге ұшады, оның артықшылығы бар екені айтпаса да түсінікті: ол Транссібірмен ұшып өткені үшін шамамен 500 млн долларға жуық роялти алады. Ол субсидиялай алады, бағаны төмендетуге және көптеген басқа амалдарға бара алады", – деді Бекен Сейдахметов.

Дегенмен 2016 жылдың соңында Ресей тарапы Мәскеуден Астана мен Алматыға қатынайтын екінші әуе тасымалдаушы ретінде "Орал әуе жолдары" әуе компаниясының тағайындалғанын хабарлады. Әуежай ретінде Мәскеу маңындағы коммерциялық мақсатта пайдалануға берілген Жуковский әуежайы алынды. Алайда бұл кезде Қазақстан тарапынан қандай авиатасымалдаушы тағайындалғаны айтылмады.

Осылайша Транссіб арқылы ұшу мүмкіндігіне қатысты мәселе шешімін тапты. Алайда моңғол авиациялық билігі арасындағы мәселе шешілмеді. 2017 жылы ҚР азаматтық авиация комитетінің өкілдері де, ұлттық авиатасымалдаушының өкілдері де Астана-Ұланбатыр рейсі биылғы жылдың жазында іске қосылады деп үміттенген еді, алайда жабулы қазан жабулы күйінде қалды.

ҚР инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек Моңғолия авиациялық билігінің жайбасарлығын өзінше түсіндірді.

"Ұланбатыр рейсі бойынша Ресей тарапымен бір жылға жуық уақыт бойы келісе алмадық. Жыл соңына қарай бір тоқтамға келдік, бірақ Моңғолияның авиациялық әкімшілігі бізге рұқсат берген жоқ", – деді ол журналистермен кездесуде. – Себебі біз Ресейсіз Қытай арқылы Ұланбатырға ұшуға келістік, моңғол әкімшілігі бастапқыда келісім бергенмен, кейін жөндеу жұмыстарын сылтауратып ұсынысымыздан бас тартты. Шындығына келгенде бұл "Эйр Астана" мен "Аэрофлот" арасындағы үлкен бәсекелестіктен туындаған күрес. Біз соңғы жеті жылда Еуропадан Астана мен Алматы арқылы Қытайға ұшатын транзиттік жолаушылар санын 20 есеге көбейттік.  Бұрындары Екатеринбург, Новосібір арқылы ұшатын жолаушылар енді Астананы таңдап отыр. Бүгінде 300 мыңға жуық жолаушы Астана арқылы ұшады. Жуырдағы үш-төрт жылда бұл көрсеткішті миллионға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.  Біздің нарық шағын – бар болғаны 18 млн адам, компания транзиттік жолаушылар есебінен ғана табысын арттыра алатыны түсінікті. Біз қазір транзит арқылы табысымызды өсіруге тырысып жатырмыз. Оларда ресейлік активтер көп, мысалға, "Ресей темір жолдарының" басқаруындағы "Моңғол темір жолдары", басқа да тарихи байланыстар бар, көптеген әуе рейсі Моңғолияға Транссіб арқылы ұшатындықтан, моңғол авиациялық әкімшілігі біздің ұсынысымызды қабыл алмай отыр. Бұл бейресми нұсқа, алайда, біздің ойымызша, оған толық негіз бар".

Ұлттық авиатасымалдаушының басшысы Питер Фостер болса 15 наурызда алдағы 12 айдың ішінде бұл бағытта ұшуды бастайтыны туралы жоспарларын айтқан болатын. Моңғол тарапымен келіссөз табысты өтсе болды, Транссібір магистралі арқылы ұшу туралы Ресеймен келісім жасалып қойды, ал "Моңғол әуе жолдары" (MIAT) Air Astana сияқты аптасына үш рет ұша алады.

"MIAT-пен келіссөз жүргізіледі. Егер олар ұшатын болса, тепе-теңдік орнайды. "Эйр Астана" аптасына үш рет ұшуды жоспарлап отыр, моңғол авиатасымалдаушысының да тура сондай құқығы бар, бірақ олардың мұндай жоспары жоқ. Құқық бар, бірақ жоспар жоқ", – деген болатын бұрынырақ азаматтық авиация комитеті төрағасының Талғат Ластаев.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу