Астанадан Нью-Йоркке тікелей ұшатын күн жақын

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
2360

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайда жолаушылар ағыны артуда.   

Астанадан Нью-Йоркке тікелей ұшатын күн жақын

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдан АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына тікелей ұшатын күн де алыс емес. Аталған бағыттағы әуе байланысы 2021 жылы ашылады деп жоспарланып отыр. Қазір Қазақстанның ұлттық тасымалдаушысы – Air Astana компаниясы дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінде елорда әуежайы шетелге шығатын 33 бағдарға, сондай-ақ республика ішінде 17 бағдарға тұрақты түрде қызмет көрсетіп отыр. Жаздың басталуымен ішкі рейс қатары тағы да 3 бағдармен толықса, шетел бағыты 5 бағдарға артқан.

"Қазақстанның бас қаласы Астана болғандықтан, шаһарда жаңа шетелдік авиакомпаниялар саны артты. Бүгінде 1-ші терминал халықаралық рейстерге қызмет көрсетеді. Бір уақытта ішкі және сыртқы рейстерге, яғни 2150 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Ал екі терминалды қоса алсақ, жылына 8 230 000 жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті. Жазда терминалдардан тәулігіне 15 мың жолаушы өтеді. Ұшақтардың толтырылуы 80%-ды құрайды", – деп соңғы жаңалықтармен бөлісті әуежайдың маркетинг бөлімінің басшысы Людмила Копейчук.  

Оның айтуынша, 2016 жылмен салыстырғанда былтыр жолаушылар ағынының өсімі 25%-ға ұлғайған. Бұл әуежай үшін жақсы көрсеткіш. Өтйкені, бұған дейінгі негізі орташа өсім 10%-ды құрайтын.

"Былтыр "ЭКСПО" халықаралық көрмесі кезінде 1 120 000-нан астам жолаушыға қызмет көрсеттік. Бұл кезеңдегі өсім де 25%-ды құрады.  Өткен жылы алғаш рет Польшаның LOT әуе желісі Варшава – Астана, Венгрияның Wizz Air компаниясы Будапешт – Астана, Финляндияның Finnair компаниясы Астана – Хельсинки, Air China компаниясы Астана – Бейжің бағытын ашты. Сондай-ақ, олар кері бағытта да қатынайды. Алдыңғы екі компанияның ұшу рейстері төмен бюджетті болғанына қарамастан, аэробустары жолаушыларға өте қолайлы", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың өкілі.  

Людмила Копейчук биыл да жағымды жаңалықтар барын айтты. 2018 жылдың соңғы бес айында әуежай 1 704 000 жолаушыға қызмет көрсетіпті. Жолаушылардың өсімі 20%-ды құрап отыр.

"Жазда бірқатар жаңа рейс ашылды. Air Astana Ресейдің Түмен, Қазан қалаларына, SKAT компаниясы Сочи, Вильнюс, Челябинск, Краснодар бағыттарына рейс ашты. Томск қаласына бағытталған бағдарды қайта іске қосты. Жаңа рейстердің ашылуына байланысты жолаушылар саны артады деген ойдамыз. Оның үстіне, отандық тасымалдаушылар еліміздің ірі қалаларына қатынау жиілігін ұлғайтып отыр. Сонымен қатар жазғы маусымға орай Балқаш, Үржар, Үшарал қалаларына жаңа рейстер ашылды", – деді Людмила Копейчук.  

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай транзиттік тасымал әлеуетін арттыруға ден қойып отыр. Әуежайдың алдына қойылған мақсат – Орта Азиядағы аймақтық хабқа айналу. Яғни, шетелдің үлкен қалаларын Қазақстан шаһарларымен байланыстыру.

"Қазір транзиттік жолаушылар ағыны жақсы дамуда. 2016 жылмен салыстырсақ, былтыр транзитті жолаушылар ағыны 40%-ға өсті", – дейді әуежайдың баспасөз хатшысы Тілеген Әбішев.

Оның айтуынша, Air Astana транзиттік жолаушыларға арналған арнайы бағдарлама әзірлеуде. Бағдарлама жолаушылар ағынын ұлғайтуға жол ашпақ. Ал әуежайда транзиттік жолаушыларға қолайлы болу үшін капсулалы қонақ үйлер қойылмақ.

"Капсулалы қонақ үйлер маусым айының соңында, Астананың 20 жылдығы қарсаңында берілмек. 2019 жылы транзиттік жолаушылар ағыны бірнеше есе өседі деген болжам бар. Былтыр халықаралық әуежайға жолай 300 мыңға жуық жолаушы қонды. Көбінесе, транзитті жолаушылар Қытай-Еуропа бағытына қатынайды. Мәселен, қытайлар Үрімшіден ұшып келіп, Астана арқылы Еуропаға жолға шығады. Оларға осы бағыт тиімді", – дейді Тілеген Әбішев.   

Әуежайда жүк тасымалын дамытуға да айрықша көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы "ЭКСПО" көрмесінің өтуіне байланысты 13 мың тонна жүкке қызмет көрсетіліпті. Сондай-ақ, жүкті сақтау үшін қоймалар алаңы кеңейтілуде.

"1 маусымнан бастап модульді жүк қоймасы пайдалануға берілді. Ол әуежайдың перронға тікелей шығатын бақылау аймағында орналасқан. Нысанның жалпы аумағы 1100 шаршы метрден асады. Онда ішкі әуе бағыттары мен кедендік одақ елдерінен почта мен жүктерді қабылдап, шығаратын, сондай-ақ, транзиттік жүктерді қабылдап, жөнелтетін аумақ қарастырылған. Бұл жүйемен жылына 12 мың тоннаға дейін поша мен жүктер өткізіледі. Нысанға автоматтандырылған дабыл жүйесі орнатылып, бейнебақылау камералары қойылған. Осы жылдың шілде айында әуежай аумағында сұрыптау орталықтарын ашу үшін отандық және шетелдік компанияларға қойманың қосымша аумағы жалға беріледі", – дейді Тілеген  Әбішев.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу