Әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың жаңа формалары қажет – Тимур Құлыбаев

4392

Нұр-Сұлтан қаласында "Атамекен" ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің мерейтойлы V конгресі өтті. 

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың жаңа формалары қажет – Тимур Құлыбаев

ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың Конгресс делегаттарына жеткізілген үндеуінде бес жыл ішінде Кеңес барлық өңірлер бойынша іскер әйелдердің әлеуетін шоғырландыруға қол жеткізе алғаны айтылды. Өнімді бизнес-бастамалардың үлкен тізбегі жүзеге асырылды.

"Қазақстан халық банкі және оның жетекшісі Үміт Шаяхметова әйелдер кәсіпкерлігін жылдық 5-7%-бен жеңілдікпен несиелеу бойынша бірінші болып бастама көтерді. Осы шараға 3 млрд теңге бөлініп, 340-тан астам бизнес-жоба жүзеге асты. "Атамекен" басшысы аталған бастама бизнес арасында ары қарай қолдау табатынына сенім білдірді.

"Екінші деңгейлі банктер және микроқаржы ұйымдары қызметтерінде арнайы механизм әзірлеу маңызды. Бұл шара бизнес-идеяны жүзеге асыруға қаржы бөлуде Өңірлік Іскер әйелдер кеңестерінің пікірін ескеруге мүмкіндік береді. Кеңестер әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және ілгерілету мәселелерінде білікті сараптамалық қоғамдастық рөлін атқаруы тиіс", – делінген Тимур Құлыбаевтың үндеуінде.

 Кеңес міндеттерінің бірі – әйел кәсіпкерлерді оқыту және біліктілігін арттыру.

"Әйелдер кәсіпкерлігі бойынша жеке оқу бағдарламасын әзірлеу және "Әйелдер бизнесіне арналған 100 идея" арнайы оқу құралын шығару қажет. Бұл мүмкіндіктер кәсіп бастағысы келетін, бірақ қажетті тәжірибесі мен білімі жоқ жандарға тамаша ынталандыру болады", – деп жазылған үндеуде.

 Осы бағытта тиімді құралдардың бірі ретінде әйелдер бизнесінің мамандандырылған көрмелерін атауға болады. Бұл практика әлемнің көптеген елдерінде қолданылады.

"Іскер әйелдер кеңесінің тәжірибесі пайдалы болатын тағы бір бағыт – қолөнер және үй жағдайындағы қызметтің басқа формаларының дамуына атсалысу, маркетинг негіздері және онлайн-саудаға оқыту болмақ.  Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау және дамыту, соның ішінде әртүрлі елді мекендердегі әйелдер мен балаларға қолайлы өмір инфрақұрылымы стандарттарын әзірлеу де өте маңызды", –деді "Атамекен" басшысы.

Биыл Азия даму банкінің техникалық қолдауымен ауылдық жерлердегі әйелдерді қаржылық сауаттылыққа оқыту бойынша жоба іске асты. 300-ден астам қыз-келіншек курсқа қатысты, қатысушылардың жобаларына Өңірлік кәсіпкерлер палаталары сүйемелдеу көрсетеді.

Тимур Құлыбаев әйелдердің технологиялық, инновациялық және ғылыми салаларда белсенділік таныта алатынына сенімді, ол үшін  STEM саласындағы стартаптарды қолдау керек. Бұдан бөлек Кеңес халықаралық даму институттарының қаражатын белсенді тарту, жас және кәсіпті енді қолға алған кәсіпкерлерге "тәлімгерлік" институтын дамыту, "іскер бизнес ханымдар" өңірлік тізілімдерін жүргізу және іскерлік байланысты дамытуға ықпалдасуы қажет.

 Іс-шара соңында Қарарға қол қойылды, онда мемлекеттік органдарға, халықаралық даму институттары мен қаржылық ұйымдарға, бизнес-қоғамдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарына әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың кешенді шараларын қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар белгіленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу