Ақдалаға Қапшағайдан қауіп төнді

2466

Алғаш болып диқаншылар дабыл қағуда.

Ақдалаға Қапшағайдан қауіп төнді

Ақдала құмды алқабы – қазақ жерінің құм басқан өңірлерінің бірі. Ұзындығы 90 шақырымға, ал ені 25 шақырымға созылып жатқан құмды өлкеге шағын бірнеше мемлекет сыйып кетер еді. Алматы облысының Балқаш ауданындағы осы шөл ғасырлар бойы игерілмей келді. Шалғынды-сортаңды топырағында ара-тұра тек жыңғыл, шеңгел, жусан, тағы басқа суды аз тұтынатын өсімдіктер өнетін.

Кеңес кезінде бұл далаға суару жүйесі тартылып, күріш, бау-бақша егіле бастады. Биыл Ақдала алқабының игерілгеніне 55 жыл толады екен. Бірақ Алматы облысының Балқаш ауданының диқаншылары үшін ол мерейтой көңілді жабырқатар жайттармен өріліп отыр.

2020 жылы Ақдалада 8 мың 411 гектар егістікке – күріш, 10 мың 723 гектар алқапқа – бидай, 9 мың 310 гектар жерге – жоңышқа шөбі егілді. Яғни, жалпы алғанда 28 мың 444 гектар жер халқымызды асырайтын асыл астық әкелуі тиіс-тін.

Алайда осы қаншама есіл егін қурап қалу алдында тұр.

Арасында "Агрофирма Бірлік" ЖШС, "КизМТС" ЖШС, "Агрополив" ЖШС, "Әлмес" ЖШС, "Миялы Агро" ЖШС, "Динара" өндіріс кооперативі, "Береке", "Еркін" шаруа қожалықтары және басқасы бар Балқаш ауданының диқаншыларынан маза кетті. 

"Ақдала алқабының ішіндегі Тасмұрын суғару жүйесі бойында 3 мың 580 гектарда күріш, 4 мың гектарда арпа мен бидай, 6 мың 356 гектарда жоңышқа шөбі егілген. Осында ғана барлық егістік ауданы 13 мың 936 гектарды құрайды. Тасмұрын суғару жүйесіндегі егістік алқаптарында 8 мың адам еңбек етіп, отбасыларын асырап отыр", – дейді өз жайына тоқталған диқаншы Алмас Қыстаубаев.

Оның айтуынша, биылғы көктемде күрішті сумен бастыру кезінде Қапшағай су қоймасынан секундына 600 текше метр су беріліп, соның арқасында 3 мың 580 гектар күріш алқабы сумен бастырылыпты. Бұдан бөлек, өзге дақылдар да толығымен сумен қамтамсыз етілді.

"Дегенмен, 2020 жылдың 20 маусымынан бастап Қапшағай су қоймасы су жіберуді 500 текше метрге дейін азайтып жіберді. Соның салдарынан, 1 мың 500 гектар күріш алқабы мүлдем сусыз қалды. Бірақ бұл басы ғана. 1 шілдеден бері Қапшағай су қоймасы су жіберуді 450 текше метрге дейін тағы да азайтып тастады. Бүгінде Тасмұрын суғару жүйесіндегі егілген дақылдар толықтай сусыз қалып тұр. Бұл жағдай шұғыл түрде өзгермесе, биылғы ерте көктемнен бері жасалған еңбектеріміз зая кететін түрі бар. Оның үстіне қазіргі дағдарысты шақта мыңдаған адам еңбекақыларын ала алмай, оларға жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр", – дейді күрішші.

Мамандардың есебі бойынша Ақдала алқабын суару маусымы аяқталғанға дейін, яғни 25 тамызға шейін Қапшағай су қоймасынан секундына 550 текше метрден су жіберілуі керек. Әйтпесе, өлкедегі ахуал тіптен ауырлап кетуі ықтимал. Сондағы күрішшілердің өзі су ресурсын үнемді жұмсаймын деп, суармалы ауданды 1 мың 30 гектарға кемітуге мәжбүр болыпты. Ондағы дәндер қурауда. Сонымен қатар тағы 1 мың гектар астық алқабы су тапшылығын тартып, жойылуға жақын. Жуық арада Қапшағай су жіберу көлемін 550 текше метрге дейін жеткізбесе, бұл гектарлар да астық айналымынан шығып қалады.

Егіншілер ғана емес, малшылар және басқа да су пайданалушылар Үкіметтен осы мәселеге жедел мән беріп, тездетіп шешуді сұрайды.

Ауыл шаруашылығы өндірушілері Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа шағыммен жүгініпті. Аймақ басшысы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына, "Балқаш-Алакөл бассейіндік инспекциясына", сондай-ақ Балқаш ауданы әкімінің аппаратына тиісті шара қолдану туралы тапсырма берілгенін айтады.  

Белгілі эколог, "Балқаш-Алакөл бассейіндік кеңесінің" мүшесі Надежда Пустолайкина соңғы жылдары Қапшағайдың таязданып ара жатқанына назар аудартады.

"Жағдайды сын көтермейді деуге болмас, әйтсе де экологиялық қауіп бар. Өйткені Іле өзенінде су азайып бара жатыр. Қайнар басында отырған Қытай одан тым көп су алып қояды. Іле өзенінен жалғыз Қапшағай ғана емес, Балқаш көлі де "қоректенеді". Ол да жыл өткен сайын таязданып, ластанып барады", – дейді Н.Пустолайкина.

Ендеше елімізді сумен қамту халықаралық келіссөздерді де қажет етуі ықтимал.

Жанат Ардақ

(Шартты сурет)

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу