Әкімдер өз жетістіктерін өзгенің меншіктеп кеткеніне наразы

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2194

Әкімдердің қызметін бағалайтын және жоғарғы жақтың өзі мән беретін әртүрлі рейтинг енгізілгенен бері облыстар арасында жарыс басталды.

Әкімдер өз жетістіктерін өзгенің меншіктеп кеткеніне наразы Фото: kazakh-zerno.kz

Былайғы жұртшылық көзінен тыс буырқана толқып, тіпті бұрқ-сарқ қайнап жатқан бұл бәсеке бүгін Астана төрінде ернеуінен шыға төгілгендей болды. Осы орайда бұл жарысқа төрешілік жасауға мәжбүр болған үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа билік дәлізіне қайта оралған жаңа орынбасары Ерболат Досаевқа "ойын ережелерін" қайта жазуды тапсыруға тура келді.

Кеңес одағында республикалар өзара, облыстар – өз бетінше, тіпті ауылдар ауылдармен "социалистік жарысқа" түсетін. Тіпті "100 сиырдан жүз елу бұзау алды" деген ғаламат, бірақ шын мәнінде ұятты (өйткені сиырдың екі бұзау тууы сирек, ал жүз сиырдың жартысының солай төлдеуі – әлемдік рекорд болар?) нәтижелер тіркеліп, олар коммунистік партия газеттерінен дәріптелетін, "Социалистік еңбек ері" атанатын. 

Қазіргі бәсеке де қызу, дегенмен, ондай масқара жаққа бара қойған жоқ. Сонымен бірге әкімдер өз жетістіктерін бөгде әкімнің өз қанжығасына байлап кеткенін қаламайтынын және ары қарай ондай әділетсіздікке төзгісі келмейтінін үкіметтегілерге ашық айтуға бел буыпты.

Бірден атап өтелік, үкімет бүгінгі отырысында күзгі жиын-терім мәселелерін қараған болатын.

Осы орайда өңірлерден әкім мырзалар да бейнебайланыс көмегімен Астанаға шықты. Солар арасынан суырылып ілгері озған жаңа әкімдердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысының басшысы Құмар Ақсақалов сөз алды. Айта кетелік, Құмар Іргебайұлы теріскейлік өңір тізгінін салыстырмалы түрде алғанда жақында – 2017 жылдың наурызында ғана өз қолына алған болатын. Бірақ аймақтың шаруашылығына қанығып, мәселелеріне терең бойлағаны көрініп тұр.

СҚО басшысы өз өңірінде барлық егістіктердің 70 пайызы жиналғанын хабарлады. Шығымдылық әр гектардан 15,7 центнерден айналыпты. "Бірақ жақсы егістіктеріміз әлі алда орылады, ендеше шығымдылық та арта түседі. Біз облыста шамамен 5 миллион тонна астық жинамақпыз", – деді ол.

Құмар Ақсақалов берілген мүмкіндікті пайдаланып, өзін толғандырып жүрген мәселеге төтелей тартты.

"Бақытжан Әбдірұлы! Облыстың экспорттық әлеуетіне қатысты бір ұсынысым бар еді. Қазіргі кезде тауарлардың импорты мен экспорты бойынша есепті қалыптастыру сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қандай әкімшіліктік-аумақтық бірлікке жататындығына байланысты жүргізіледі. Яғни, шетелге экспорттаушы қай өңірде заңды тіркеуге тұрғаны назарға алынады. Бұл өңірлердің сыртқы сауда ағындарын дұрыс, объективті емес есептеуге соқтырады. Нақты мысал келтірейін: біздің Солтүстік Қазақстан облысы 2016 жылы 1 миллион тонна дәнді дақылдарды шетелге 144 миллион долларға сатты. Алайда қаржы министрлігінің ресми статистика бойынша СҚО-ның экспортының көлемі небары 227 мың тоннаны және 32 миллион долларды ғана құрады. Себебі, астық сатушы трейдерлер еліміздің басқа өңірлерінде тіркеуде тұр. Соның кесірінен, біздің облыстың экспорттық әлеуеті 112 миллион долларға кемітіліп тасталды, – деп қынжылысын жасырмады Құмар Ақсақалов.

Осыған байланысты облыс басшылығы қаржы министрлігіне қайырылып, облыстың осы көрсеткішін дұрыс есептеуін талап етіпті. Министрліктегілер болса, қолданыстағы ереже сондай екенін алға тартқан. Сондықтан СҚО басшысы ол "ойын ережесіне" өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жолдаған. Бұл ұсынысымен ол бүгін енді тікелей премьердің өзіне шықты.

"Бақыт Тұрлыханұлы, не айтасыз енді?" – деді қаржы министріне бұрылған премьер Бақытжан Сағынтаев. Ол ұстанымын қазір де өзгертпейтінін білдірді.

"Бұл біздің емес, қолданыстағы салық кодексінің талабы. Әрбір салық төлеуші өзі тіркелген өңірде салығын төлейді. Біз сол бойынша есепке аламыз", – деді Бақыт Сұлтанов.

"Ал экспорттық әлеуетті объективті есептеу идеясына қалай қарайсыз?" – деп нығарлай түсті үкімет жетекшісі.

"Егер ұлықсат етсеңіз, жаңа салық кодексінің жобасы аясында біз тағы қосымша қарайық", – деп сырғыта салды министр.

Осы тұста вице-премьер Ерболат Досаев сөзге араласты. Ол мәселені қиындатпай-ақ, статистика бойынша жұмыс жасауға, жағдайды сөйтіп жөндеуге болатынын ескертті.

"Біз дұрысы, ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетімен жұмысты пысықтайық. Әр облыстың жинаған және сатқан өнімін ережеден тыс шығаруға болатын шығар. Ал салықты қайда төлеу  бойынша біз Бақыт Тұрлыханұлымен жеке қараймыз",- деді вице-премьер.

"Пысықтаңыз!" – деген Бақытжан Сағынтаев СҚО әкіміне қайырылды:

"Құмар Іргебайұлы, басқа варианты да бар ғой. Аталған компаниялардың – трейдерлердің құрылтайшыларымен жеке кездесіп, сөйлесіңіз, бәлкім, оларды Солтүстік Қазақстан облысында тіркелуге көндіре аларсыз. Бұл оңайға түспейтін жұмыс. Бірақ оны жүзеге асыруға болады", – деп нықтады премьер.

Жалпы, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, бәсеке алаңында ғана емес, қырманда да қазір қызу шақ орнапты.

"Бүгінгі таңда еліміз бойынша 11,6 млн гектар астық жиналып, 14,7 млн тонна бастырылды. Егін жинау қарқыны былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 2,4 млн га немесе 16%-ға артық. Еліміз бойынша барлық егістік алқаптың 76,7% жиналды. Ал Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында масақты дәнді-дақылдарды жинау аяқталды", – деді Қайрат Айтуғанов.

Айта кетейік, еліміздің солтүстіктегі басты астықты өңірлерінен 10,6 млн тонна астық жиналды.

Сонымен қатар үкімет отырысының барысында бидай, арпа, бау-бақша және майлы дақылдарды жинау жұмыстарының барысы да сөз болды.

"Арпаны жинау жұмыстары аяқталуда. Қазіргі уақытта 1,8 млн. га немесе аумақтың 86% жиналып, 2,7 млн тонна өнім алынды. Майлы дақылдар бойынша жалпы аумақтың 24% жиналып, 1,2 млн тонна өнім алынды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың көлемінен 10% артық. Бақша дақылдарын жинау жұмыстары да жалғасуда. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша аумақтың 76% жиналып, 3,1 млн тонна өнім алынды. Бұл былтырғы жылдан 13%-ға артық. Қант қызылшасы былтырғы жылға қарағанда 1,5 есеге артық жиналады деп күтілуде", – деді бірінші вице-министр.

Көктемгі егін жинау жұмыстары үшін аймақтар арзандатылған жанар-жағар маймен қамтамасыз етіліпті. Астық қабылдау кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасы жаңа егін астығын қабылдауға дайын.

АШМ "астық сақтау қоймаларының рейтингісін анықтау" әдістемесі әзірленгенін жариялады, ол бойынша бұл қоймалар "сенімді", "жарамды", "сенімсіз" деп бөлінеді. Бұл не береді? Биылдан бастап "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" рейтингі төмен астық қабылдау кәсіпорындарымен жұмыс істемейтін болады.

Астықтың сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылы тұқым шаруашылығы мен минералды тыңайтқыштарға көрсетілетін қолдау түрлері артты. Соның негізінде, 3 сұрыпты бидайдың үлесі 76% құрады, былтыр бұл көрсеткіш 44% болған, ал клейковинасы 25 пайыздан жоғары бидайдың үлесі – 47%, 2016 жылы бұл көрсеткіш небәрі 9% құрады.

"Биылғы жылы астықтың жалпы көлемі 19,5 млн тоннаны құрайды деп күтілуде. Еліміздің солтүстік астықты өңірлерінен 15 млн. тонна астық жиналады деп жоспарлануда", – деді Қайрат Айтуғанов.

Ол егін орағы қысқа қалмайтынына сендірді: "Қабылданған шаралар арқасында егін ору және жинау оңтайлы мерзімдерде аяқталады деп  жоспарлануда".

Министрлік астық қабылдау кәсіпорындарының дайындығын  да хабарлады. Ағымдағы жылы жалпы сақтау сыйымдылығы 13,4 млн тонна болатын 195 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Бұған қоса егіншілердің өздерінде 13,2 млн тонна астық сақтау қоймалары бар екен. Қолда бар астық сақтау сыйымдылықтарының жалпы көлемі 26,6 млн тоннаны құрайды, бұл күтулетін жаңа өнімді ескере отырып астықты сақтауға жеткілікті делінді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу