Әкімдік 14,7 млн теңгені бергісі, кәсіпкер бұған көнгісі келмейді

Аягөзде жергілікті атқарушы билік пен кәсіпкер жанжалдасып жүр.

Әкімдік 14,7 млн теңгені бергісі, кәсіпкер бұған көнгісі келмейді

Коммуналдық қызмет көрсетумен айналысатын "Аягөз-Тазалық" мекемесі 5 жылдан бері әкімдіктен атқарған жұмысының ақысын ала алмай келеді. Бұл туралы abctv.kz тілшісіне серіктестік директоры Ербол Дүйсембаев айтты.  

"Бес жылдың ішінде жиналған берешектің жалпы сомасы 14,7 млн теңгеге жетті. Атқарылған жұмыстың актілері қолымызда тұр. Соған қарамастан әкімдік арада ешқандай келісімшарт болмағанын желеу етіп, тиісті ақымызды төлемей отыр. Бізге соңғы 3 жылдың ақшасын берсе де жетеді, алғашқы екі жылдың ақшасын сұрамас едік", – дейді кәсіпкер.

Бұл кәсіпорынның 49% үлесі әкімдіктің меншігінде. Осыдан 5 жыл бұрын тоғыз техника мен 12 жұмысшысы бар мекеме Ербол Дүйсембаевтың басқаруына берілген. Кәсіпкер 5 жыл ішінде жұмысшылардың санын 40 адамға жеткізген.  Қазір солардың еңбекақысын дер кезінде төлеу мұңға айналып отыр.

Мекемеге еңбекақыны кешіктіргені үшін 2 рет ірі көлемде айыппұл салынған.

Ербол Дүйсембаев соңғы кезде тексерістің көбейіп кеткенін айтады. 18 айдың ішінде мекеме 6 тексеруден өтіп, 1 млн теңге айыппұл төлеген.

"Тұрғындар да тазалық үшін ақы төлеуді қойды. Қалдықты көшеге үйіп тастайды. Оны біз шығарамыз. Халықты келісімшарт жасауға мәжбүрлей алмаймыз. Аягөз қаласы бойынша 6200 абонент бар, олардың 3800-і ғана келісімге қол қойған. Қалған үйлердің көшеге шығарған қалдығын ақысыз тазалап жүрміз", – дейді Ербол Дүйсембаев.

Ал жергілікті әкімдік бұл мекеме қоқыс полигонын пайдаланудан қомақты табыс табатынын және нысанды ақысыз пайдаланатынын алға тартады.

"Аягөз-Тазалықтың" жылдық табысы 62 млн теңгені құрайды. Ал еңбекақы қоры 12 млн теңге. Олар қоқыс полигонын пайдаланғаны үшін мемлекетке бір тиын да төлемейді", – дейді аудан әкімі Бақытжан Баяхметов.

Ербол Дүйсембаев болса, 2019 жылдан бастап күшіне енетін жаңа ереженің талаптарына да алаңдап отыр. Жаңа ереже бойынша, тұрмыстық қалдықтарды полигонға төгуге шектеу қойылады. Тазалықпен айналысатын мекемелердің барлығы заң күшіне енгенге дейін тұрмыстық қалдық өңдейтін өндіріс орнын  құрып үлгеруі керек.

"Бір ғана пластик өңдейтін құрылғының өзі 38 мың доллар тұрады екен. Бізге қағаз, ағаш, құрылыс қалдықтарын, инертті заттарды, тағам қалдықтарын жеке-жеке сұрыптап, әрқайсын арнайы апаратта өңдеу қажет. Бұған қажетті шығынды біздің мекеменің қалтасы көтермейді. Қалада қалдықтарды сұрыптап төгетін қондырғылар да жоқ. Бұл тұтас ел үшін үлкен мәселе болып тұр", – деп кейіді серіктестік директоры.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу