Әлеуметтік желіде "Хабар 24" арнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірбергенді әкімдік ғимаратынан күзетшінің күштеп шығарып жібергені туралы бейне жазбалар тарауда. Оқиғаның мән-жайын inbusiness.kz тілшісі анықтап көрді.
Сұхбат алуға барған тілші Алатау ауданы әкімінің қабылдауына кіре алмай, далада бір сағаттан аса уақыт күткен. Жұмыс күні аяқталған соң, төзімі таусылған ол ішке қарай беттеген. Алайда күзетші мән-жайды түсіндірместен, журналисті көтеріп алып, далаға шығарып жібереді.
"Таңертең жергілікті халықтан аудандағы мәселелерге қатысты сұхбат алып, солар бойынша жауап алу үшін әкімдікке бардым. Бірақ аудан басшысы орнында жоқ болып шықты. Қызметкерлердің айтуынша, әкім далада жүрген. Жүрген жеріне барып, сұхбат алайын десем, оған да қарсы болды. Кейін кешкі бес жарымда жұмыс орнына келетінін айтты. Сол уақытта барсам, әкім келмеген. Жұмыс күні аяқталып қалған соң, әкімдіктің алдына қайта бардым. Аппарат басшысы шығып, әкімнің әлі келмегенін айтты. Онда орынбасарлары шығып, сұхбат беруін сұрадым. Ол көмекшілерін шақыру үшін ішке қайта кіріп, шықпай қойды", – дейді тілші.
Ары қарай оқиғаның қалай өрбігені белгілі... Қол-аяғы көгерген журналист нысанның сыртында тағы біраз отырған, алайда мемлекеттік қызметкерлердің ешбірі жағдайын білуге, кешірім сұрауға асықпаған.
Бұл ретте Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков тілшілерді жинап болған жанжалға қатысты түсініктеме берді. Айтуынша Ақбөпе Тәңірбергеннің бар айыбы "Ashyk" QR-кодын сканерлемеген. Сондықтан күзетші оған күш көрсетуге мәжбүр болыпты-мыс.
"Қолданыстағы карантиндік шектеулерге байланысты Алатау ауданы әкімдігінің ғимаратына кіру шектелген және "Ashyk" қосымшасы бойынша жүзеге асырылады. Журналист Ақбөпе Тәңірберген оператормен бірге ғимаратқа қосымшадағы өз мәртебесін сканерлемей, турникеттің астымен өткен, бұл туралы тиісті бейнежазба бар. БАҚ өкілдері күзет қызметкерлерінің ескертулеріне жауап бермей, жанжалды жағдай туындатты", – деді әкім.
Артынша "әкімдік қызметкерінің әрекетін ақтамаймын" деп сасқан аудан басшысы журналиске күш көрсеткен күзет қызметкерін жауапқа тарту мәселесі қарастылырып жатқанын мәлім етті.
"Күзет қызметкерінің әрекеті қолайсыз екенін ресми түрде мәлімдеймін. Бұл әрекеттері үшін қызметтік тергеу жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижелері бойынша оларды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады. Сонымен қатар, әкімдік БАҚ өкілдерімен конструктивті негізде жұмыс істеу үшін ашық, журналистерге сұхбат беруге дайынмын", – деді Азамат Қалдыбеков.
Бірақ тілші желідегі парақшасына вакцинация паспортын салып, одан әкімдік қызметкері мәртебесін тексеруді талап етпегенен мәлімдеді.
"Әкімдік кешірім сұрамады, хабарласпады. Мені әу баста кіргізу ойларында болмаған. Сондықтан ешкім менен "Ashyk" кодын сканерлеуді сұраған да жоқ. Ал маған бір секундымды қиып, көрсете салу түк қиын емес. Көпшіліктің алдында, ақталған жақсы ғой…", – деп жазды Ақбөпе Тәңірберген.
"Хабар 24" арнасының басшысы Алена Горбачева журналистің кәсіби қызметіне қарсылық таныту фактісі бойынша полицияға шағым түсіретінін мәлімдеді. Оқиғаға қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да пікір білдірді.
Ведомство басшысы әкімдік қызметкерлерінің әрекетін сынға алып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы керектігін мәлімдеді.
"Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті ушықтырып отыр. Әрине, бұл өте өкінішті және біздің бүгінгі "еститін мемлекет", "ашық әкімдік" қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуге тиіс. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы. Бұл жағдайға қатысты, Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. Алдағы уақытта қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет", - деп жазды Аида Балаева Facebook желісінде.
Айта кететіні, елімізде тілшілердің құқықтары БАҚ туралы заңының 20-бабында толық көрсетілген. Журналист мемлекеттік және басқа да меншік нысанындағы ұйымдарға барып, ақпарат ала алады және оларға лауазымды тұлғалар қызметтік міндеттемелеріне сәйкес жауап беруі керек. Тіпті заңмен тыйым салынбаған болса, аудио, бейне түсірілімдерді ұйымдастыра алады. Иә, заң бар, алайды оған құлақ асып отырған мемлекеттік қызметкерлердің түрі осы...
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !