Әкімнің кемшілігін сотта дәлелдеген Өскемен тұрғыны: қарапайым адамдар топ құруы керек

1240

Бүгін біз оқырманға Өскемен қаласының тұрғыны Вера Томскаяны таныстыруды жөн көрдік. Вера ханым – қаладағы автобус қатынасы нашар екенін мәселе ғып көтеріп, тіпті әкімнің кінәсін сотта дәлелдеп шыққан белсенді адам.  

Әкімнің кемшілігін сотта дәлелдеген Өскемен тұрғыны: қарапайым адамдар топ құруы керек

"Демократиялы" ел болсақ та, әкімге айыппұл төлету біздің елде үнемі бола бермейтін ерекше оқиға. Сондықтан inbusiness.kz тілшісі кейіпкермен шағын сүхбат құрып, істің анық-қанығын білуге тырысты. Егер сіз де қалаңыздың проблемасына алаңдап, оны қалай шешу керегін білмей жүрсеңіз, сұхбатты оқып шығыңыз.

Вера Томская 59 жаста, педагогикалық білімі бар, 18 жылдан бері сұлулық салонында жұмыс істейді. 

– Вера ханым, сіздер мәселені қалай қозғадыңыздар? Мынадай ерекше жетістікке қалай қол жеткіздіңіздер?

– Біздің аймаққа екі әкім, облысқа – Даниал Ахметов, қалаға – Жақсылық Омар билікке келгелі, Өскемен құлдырап кетті. Мұндағы ең бір өзекті мәселе: жібі түзу автобус жоқ. Халық аялдамада сағаттап тұрады. Жұмысқа да, үйге де уақытылы жете алмайды. Мен Аблакетка деген ықшамауданда тұрамын. Жалақым аз, соның өзінде таксиге ай сайын 40 мың теңгем кетеді. Кейде сол таксидің өзін шақыру мұң. Былтыр қыркүйекте аудандағы біраз халықтың басын қостым. Нәтижесінде 50 адамнан тұратын бастамашыл топ құрдық. "КСК"-дан жалтарма жауап алдық. Сосын өз бетімізше сағат 5:40-тан 22:00-ге дейін автобустарды бақыладық. Тиісті көліктің жартысы ғана жүретінін анықтадық. Енді осы жұмыстан нәтиже болу үшін сотқа жүгіндік. Сотта нақты дәлелдер келтірдік. Судья бізді бейбіт келісімге келтіріп, қала әкімі мен әкімдіктің "ТҮКШ" бөлімін көлік жұмысын реттеуге міндеттеді. Бірақ әкімдік міндетін орындамады. Осы жолы мұрсат берілген мерзім өтіп кеткендіктен, сотқа тағы жүгіндік. Олар әкім мен "ТҮКШ" бөліміне 159 мың теңгеден айыппұл салып, қосымша уақыт қосып берді. 

– Заңға қатысты біреуден кеңес алдыңыздар ма?

– Құқық қорғаушымыз Алексей Божковтан жаңа Әкімшілік кодекс туралы біліп, сонымен әрекет еттік. Мәселе көшеге шығумен ғана шешіледі дейтін адамдарға дәлелдей алдық деп ойлаймыз. Құқықтық мемлекеттің заңы жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Әкімдік пен "ТҮКШ" бөлімі өздерін ақтап алуға қанша тырысса да, ұжым болып позициямызды қорғадық. Автобустарды суретке, видеоға түсіріп, қол жинап, судьяға арыз бердік. 

– Тағы қандай мәселе алаңдатады?

– Жаңағы сот шешімінің орындалуы ақсап тұрғаны алаңдатады. Әкімдік жұмысы оңалғанын тосып жүрміз. Әйтпесе әлі күнге дейін жұмыстан сағат 20:00-де шығатын адамдарға автобус жоқ. Тоқтап қалады. Бар жоғы екі-үш автобус бар, бір-бірін қуалап, солар ғана айналып жүре береді. 

Сонымен бірге "Халық қатысатын бюджет" деген мемлекеттік бағдарлама қоғамнан жасырын, оны адамдар біле бермейді. Ол туралы кездейсоқ біліп қалдық. 10 ақпанда Жақсылық Омармен (әкім) кездесуде Аблакеткадағы авариялық нысандарды (авариялық көпір, жолға жартас опырылып түсіп кетпеуі үшін тіреп тұратын қабырғаны жөндеу, балалар саябағын қоршау) жөндеуге өтінім беріп қойдық. Әлбетте, уәде бергенімен, оны қашан іске асыратыны беймәлім нәрсе.

– Өздеріңіз тәрізді прблемасын шешу жолын білмей жүрген адамға қандай кеңес бересіз?

– Қарапайым адамдар "ЖКХ" мәселесі бойынша топ құрып, жаңа Әкімшілік кодекс аясында жұмыс істеуі керек. Қажет болса, заңгерді шақыру керек.

Сұхбаттасқан – Тасқын Болатұлы

(Видеода автобус бұзылып, қала орталығына жаяу бара жатқан Аблакетка тұрғындары https://youtube.com/shorts/o_FdXYmL4Dk?feature=share)

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу