Ақордада қонақтарды қабылдау форматы өзгереді

1678

Алда Мемлекет басшысының жеке жарлығымен бекітіледі деп күтіліп отырған жаңа "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколы" жобасын талқылау жалғасуда. Ондағы маңызды әрі қызықты бір өзгеріс елең еткізді.

Ақордада қонақтарды қабылдау форматы өзгереді Фото: inbusiness.kz

Бірінші Президент кезінде қалыптасқан дәстүр бар: елімізге сапарлап келген шет мемлекеттің көшбасшысымен және басқа да мәртебелі меймандармен шағын және кеңейтілген келіссөздер өткізіледі. Содан соң Ақорданың Мәрмәр залында ресми құжаттарға қол қою рәсімі ұйымдастырылады. Бұл салтанат аяқталғаннан кейін дарбазадай үлкен есіктер ашылып, залға шампан құйылған бокалдар әкелінеді.

Мұның соңы оғаш оқиғаларға да соғып жатады: қадірменді қонақ немесе оған ере келген тұлға шампан ішпейтін болып шығып, оны тіпті қолына алудан да бас тартқан кездер болды. Сонымен бірге араб елдерінің өкілдері де ішімдікті жақтырмайтыны белгілі. Сондықтан кейінгі кездері Ақордада бұл дәстүр тыйыла бастады. Енді мүлдем тыйым салынбақ.

Н.Назарбаевтан Қ.Тоқаевқа мұраға қалған қолданыстағы Мемлекеттік протоколдың 40-тармағында былай жазылған:

"Құжаттарға қол қою аяқталғаннан кейін құжаттары бар папкалармен алмасып, қол алысады. Соңғы құжатқа қол қойылғаннан кейін рәсімге қатысушылар үшін залға шампан құйылған бокалдар (тараптардың келісімі бойынша) әкелінеді", – деп бекітілген.

Жаңарған Мемлекеттік протокол жобасында соңғы сөйлем жойылады: "Құжаттарға қол қою аяқталғаннан кейін құжаттары бар папкалармен алмасып, қол алысу жүзеге асырылады". Тараптар осымен тарасады немесе Ақорданың ресми қабылдау залына өтіп, сонда тамақтанады, қалаған сусынын ішеді.

"Тәжірибеге сәйкес, бүгінде соңғы құжатқа қол қойылғаннан кейін, салтанатты рәсімге қатысушылар үшін залға шампан стакандары әкелінбейді", – деп қысқаша түсініктеме берді Сыртқы істер министрлігі.

Бұрынғы Президент тұсында оған өз мемлекеті атынан сенім грамотасын тапсырған жаңа елшілермен бейресми кездесуде де шампан сарқырап ағатын. Бұл протоколда ресми бекітілді.

"Президент залға кіріп, ортасына тоқтайды. Елшілер кезекпен залдың ортасына бет алады және Президенттің қарсы алдына келіп тоқтайды, қысқаша сәлемдеседі және сенім грамоталарын тапсырады. Қол алысады және суретке түседі. Бұдан кейін Президент сөз сөйлейді. Сөз сөйлеп болғаннан кейін Президент бейресми әңгімелесу үшін шет мемлекеттер елшілерінің қасына келеді. Мәртебелі меймандарға шампан бокалы ұсынылады. Әңгімелесуден кейін кейін меймандар залдан шығады", – делінген қолданыстағы құжатта.

Бұл салт та өткеннің сарқыншағы ретінде тарихқа жол тартты. Жаңа жоралғы келесідей болмақ.

"Президент залға кіреді және орталыққа тоқтайды. Жаңадан тағайындалған елшілер кезекпен залдың ортасына барып, Президентке қарсы тоқтайды, қысқаша сәлемдеседі, сенім грамоталарын тапсырады және суретке түседі. Президент сөз сөйлейді. Сөз аяқталғаннан кейін жаңадан тағайындалған елшілер Президентпен бірге суретке түсу үшін залдың орталығына шақырылады. Жаңадан тағайындалған елшілер кезекпен қысқаша мәлімдемелер жасайды және Президент протокол қызметінің қызметкерімен бірге салтанатты рәсімдер залына түседі. Президент Сарайының коменданты сәлемдік баянатын береді және одан кейін жаңадан тағайындалған елшілер кезекпен ҚР Мемлекеттік Туына жіберіледі. Жаңадан тағайындалған елшілер бастарын сәл иіп, ҚР Мемлекеттік Туына деген құрметін білдіреді және кезекпен кілем жолымен арнайы белгіленген жерге (кілемге) өтеді, бұрылып, басын сәл еңкейтіп қоштасады", – деген жаңа жоралғы ұсынылып отыр.

Қазақстан жаһандық геосаясатта маңыздылығы, рөлі жөнінен үшінші және одан төменгі эшелонда тұрған мемлекет екені, Үшінші әлем елі саналатыны құпия емес. Содан өз аймағымызды қоспағанда, Астанаға сапарлап келуге өзге мемлекеттердің басшылары көп құлшынбайды. Содан болар, бұрынғы Президент кезінде әрбір шет мемлекет лидерінің сапары тойға, шоуға айналатын. Оған Қазақстан билігінің беделді тұлғалары, ірі бизнесмендер, тіпті Астанада орналасқан шетелдік елшіліктердің жетекшісі – елшілер шақырылатын.

Содан шетелдік мәртебелі мейманның сапарын жариялауға асыққан отандық және жатжұрттық журналистер Ақорданың бақылау-өткізу пунктінен өте алмай, ұзынсонар кезек түзетін: шетелдік дипломатиялық миссиялардың ту таққан көліктерінің қаздай шұбырған тізбегі Президент резиденциясына кіріп, елшілерді асықпай Ақорданың есігінің алдына түсіріп болғанша, БАҚ өкілдері сарай аумағына өте алмай, процестің аяқталуын зарыға күтетін.

Өйткені Мемлекеттік протокол соны талап етеді: "Шет мемлекет басшысының мемлекеттік сапарының бағдарламасы шеңберінде Президенттің атынан мемлекеттік қабылдау ұйымдастырылады. Қабылдауға ресми делегация мүшелері, бірге ере жүретін адамдар, Қазақстанның Премьер-Министрі мен Парламенттің қос палатасының төрағалары, екі ел жұртшылығының және бизнес-топтарының өкілдері, сондай-ақ мейман елімен шекаралас орналасқан елдердің елшілері  қатысады".

Қ.Тоқаев ол дәстүрден де түбегейлі бас тартыпты. Сондықтан жаңа протоколда да сол көрініс табады және Президенттің атынан мемлекеттік қабылдау келесідей форматқа ауысады: "Мемлекеттік қабылдау Президент атынан ұйымдастырылады. Мемлекеттік қабылдауға ресми делегациялар мүшелерінің, бірге жүретін адамдардың, ҚР Премьер-Министрі мен Парламентінің қос палатасының төрағаларының, екі елдің қоғам мен бизнес-топтары өкілдерінің қатысуы көзделеді. Мейман зайыбымен (жұбайымен) келген жағдайда мемлекеттік қабылдауға Президенттің зайыбы (жұбайы) қатысады (тараптардың келісімі бойынша)".

"Соңғы жылдардағы тәжірибеге сәйкес, мемлекеттік қабылдауға елшілер шақырылмайды", – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

Мемлекеттік қабылдаудың басында тост айту рәсімі қарастырылған. Алғашқы болып қожайын ретінде Қазақстан Президенті тост, тілек айтады. Одан кейін мейманға жауап тост ұсынылады. Тостың ұзақтығы 3-4 минуттан аспауға тиіс. Тост алмасу кезінде мемлекеттер басшыларының жеке операторлары мен фотографтарына протоколдық фотосуретке түсіруге және бейнетүсірілім жасауға рұқсат етіледі. Әдетте мұндай фотолар ашық жарияланбайды және президенттік архивтерде сақталады.

Мұның соңы музыкалық бағдарламаға ұласады. Мемлекеттік қабылдаудың орташа ұзақтығы 1,5–2 сағатты құрайды.

Оның барысында мейманға ере жүретін ресми тұлғалар, сонымен бірге протокол қызметкерлері, баспасөз қызметі және мейман елінің қауіпсіздік офицерлері үшін де фуршет беріліп, дәм татқызылады. Соңғыларының, яғни мәртебесі төмендердің ас ішетін бөлігі "техникалық үстел" деп аталады.

Әр мемлекеттік қабылдаудың ас мәзірі жеке бекітілетін көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу