Америкалық әскерилер Иранға құрлық пен Каспий теңізі арқылы қару-жарақ пен басқа да санкцияланған тауарлардың жеткізілуіне жол бермеу үшін 20 адамнан тұратын арнайы бөлімше құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
"Жедел топ Иранның терроризмді қаржыландыру, қару-жарақ зауыттарын қалпына келтіру және армияны қайта қаруландыру мүмкіндіктерін одан әрі шектейді", – деп мәлімдеді CENTCOM қолбасшысы Брэд Купер X әлеуметтік желісінде.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Вашингтонның жаңа бастамасы "сәтсіздікке ұшырайтынын" мәлімдеді.
"АҚШ әртүрлі атаулар және жоспарлар арқылы жүзеге асыруға тырысып жатқан экономикалық блокадасын ешқашан орната алмайды", – деді сақшылар корпусының өкілі Хусейн Мохеби.
АҚШ Иранмен соғыс аясында ирандық теңіз порттарын блокадаға алған болатын. Тегеран бұған жауап ретінде халықаралық теңіз саудасының ең маңызды бағыттарының бірі – Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын шектеді. Бұл жағдай әлемдегі мұнай мен газ тасымалын қиындатып, бағаны шарықтатып жіберді. CENTCOM мәліметінше, ирандық порттардың бұғатталуы салдарынан Тегеран 22,4 миллиард еуроның мұнайын экспорттай алмай қалған.
Айта кету керек, бұған дейін Трамп АҚШ-тың Иранмен қайта соғысу ықтималдығы өте төмен екенін айтқан болатын.