АҚШ пен одақтастары санкцияларды Ресейге қарсы қаруға айналдырып жатыр

5936

Байден мен Еуропа әлем экономикасын бірнеше күнде-ақ Ресейден кері айналдырып, оның қаржы-валюта жүйесін теңселтуге кірісті. 

АҚШ пен одақтастары санкцияларды Ресейге қарсы қаруға айналдырып жатыр

Президент Джо Байден мен АҚШ-тың одақтастары бірнеше күн ішінде әлем экономикасын Ресейге қарсы қаруға айналдырды. Соның нәтижесінде РФ-ның қаржы нарығы дереу күйрей бастады. Батыс мұндай аяусыз шешімді Мәскеу Украинаға соғыс ашқаны үшін қабылдап отыр.

Санкциялар Ресей Президенті Владимир Путинді қас-қағым сәтте шарықтай түскен инфляциядан қорғануға мәүжбүр етті.  Шетелдегі алтын-валюта резервін пайдалана алмаған Ресей орталық банкі рубльдің күрт құлдырауын бәсеңдету үшін қолындағы бар ресурстарын пайдалануға тырысып жатыр.

Экономистер бір кездері АҚШ экономикасының шамамен 7 пайызын құраған Ресейдің 1,5 трлн долларлық экономикасы ядролық держава үшін бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін қысқаратынынына күмән келтірмей отыр.

Ресейді бұдан да үлкен қаржылық айыппұлдарға итермелеуге әрекет жасалып жатыр. Украина парламентінің депутаты Александра Устинова сейсенбі күні АҚШ сенаторларымен кездесіп, егер Украина Ресеймен тайталасты әрі қарай жалғастыруға мәжбүр болса, Мәскеуге қарсы дереу қосымша санкциялар енгізуге шақырды.

"Бұл – жұмыс істейтін тәсіл. Украинада адамдар қолға қару алу үшін кезекте тұр. Ал, Ресей жұрты ақша шығарамын деп, банкоматтардың алдынде кезек күтуге мәжбүр. Өйткені олар екі күннен кейін, сол ақшаға қолдары жетпей қалуы мүмкін екенін түсінеді", – дейді Устинова Пенсильвания сенаторы Пэт Тумидің кеңсесінде отырып.

АҚШ пен оның одақтастары Ресейден кек алу үшін оған қаржылық шабуыл жасап жатыр. Бұған қарап – осынау дамыған, цифрланған және ақшаға өте тәуелді әлемде жанжалдардың кесірінен мемлекеттердің қандай қиындықтарға душар болатынын байқауға болады.

Бұрындары зауыттарды бомбалау, блокадалар және стратегиялық ресурстарды басып алу тәрізді әскери маневрлерге тәуелді экономикалық мақсаттар болды. Бірақ өткен аптада қолданыла бастаған түрлі санкциялар кәдімгі қарудан гөрі қаржылық нарықтың тезірек жауап беретінін көрсетіп берді.

Сонымен қатар санкциялар АҚШ пен оның одақтастарын Ресеймен тікелей соғысудан қорғады. Мәселен, Байден Украинаға қару-жарақ пен өзге де материалдар жеткізгенімен, Америка әскерін Киевке көмекке жөнелткен жоқ.

Санкциялардың әсері шайқастардың қарқынына және Ресейдің Украинаны басып алуына байланысты ауырлай түседі. Бірақ FactSet қаржылық деректер фирмасының мәліметінше, жұмадан бері рубльдің құны шамамен 35 пайызға төмендеген. Валюта бағамының күрт құлдырауы инфляция мен пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне және тауарлар тапшылығына әкеп соғып, Ресейде қарапайым тұрғындарға орасан зиян тигізбек.

"Қарапайым ресейліктер зардап шегетіні сөзсіз. Алайда Украина тез жеңіліп, оның үкіметі құлайтын болса, Путиннің жеткілікті деңгейде ішкі саяси қысымға тап болуы екіталай. Егер қақтығыс ұзаққа созылып, қанды қырғынмен жеңіссіз немесе жеңіліссіз тығырыққа тірелетін болса, санкциялар Путинді шегініп, жеңіс жариялауға мәжбүр етуі ғажап емес", – дейді АҚШ-тағы Сыртқы істер жөніндегі кеңестің халықаралық экономика бойынша директоры Бенн Стейл  Associated press агенттігіне берген сұхбатында.

Бірақ Стейлдің сөзінше, санкциялар мен Ресей орталық банкінің активтерін бұғаттау басқа елдерді халықаралық транзакцияларда АҚШ долларын пайдаланудан бас тартуға итермелеп, олар үшін Ресейге жасалып жатқан қысымның зардабын жеңілдеткенімен, доллардың әлемдік экономикадағы беделін әлсіретуіде мүмкін.

"Бұл қадамдар халықаралық транзакцияларда негізгі есеп айырысу валютасы – АҚШ долларынан бас тартуды да тездетеді. Қытай РФ-ға қарсы санкцияларды долларға тәуелділікті азайту жөніндегі ескерту ретінде қабылдауы ықтимал", – дейді Стейл..

Франция Қаржы министрі Бруно Ле Мэр сейсенбі күнгі жергілікті радиоға берген сұхбатында "Ресейге қарсы толыққанды экономикалық және қаржылық соғыс жүріп жатқанын" мәлімдеді.

Дегенмен Ле Мэр кейінгі жазбасында "соғыс" терминін орынсыз қолданғанын атап өтті. Ал Ресей Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Twitter-де жазба қалдырып, француздық министрге  қаратып, "Тілдеріңізге абай болыңыз, мырзалар! Адамзат тарихында экономикалық соғыстар талай рет  шын соғыстарға ұласып кеткенін ұмытпаңыз" деп ескерту жасады.

Мұнай бағасы – саяси тұрғыдан нәзік мәселе. Қазір оның тым қымбаттауына жол бермеуге күш салынып жатыр. Осы мақсатпен Халықаралық энергетика агенттігі сейсенбіде өзіне 31 мүше-елдің, соның ішінде, АҚШ-тың қорынан әлемдік нарыққа 60 млн баррель мұнай шығаруға келіскенін хабарлады.

Туми айтқандай, ресейлік банктер "мұнай мен газға тікелей санкциялар салмайынша, транзакциялар жасауды әрі қарай жалғастыра береді.

"Бұл – экономиканы қаруға айналдыру ма? Иә, солай деуге болады. Бірақ сіз білесіз бе? Путин бүкіл қоғамды бейкүнә елге қарсы қаруландырып отыр ғой", – дейді Туми.

АҚШ-тағы республикашылдар тарапынан сайланған шенеуніктер болса, Президент Джо Байденді энергетикалық саясаты үшін қатаң сынап жатыр. Себебі Вашингтон жариялаған санкциялар Ресей кірісінің негізгі бөлігін құрайтын мұнай мен газ экспортын қамтымайды.

Байденге Ресейдің барлық энергия экспортына дереу эмбарго енгізуге шақыратын хатты Оклахома, Канзас және өзге де штаттардың өкілдері жіберді.

Байден "америкалықтардың мойнына бензин саудасында ауыртпашылық түсірмеу үшін" ресейлік энергияға қолжетімділікті сақтау туралы шешімін қорғап отыр. Бірақ сәрсенбіде Ресейдің мұнай импортына тыйым салу мәселесі қарастырыла ма деген сұраққа Байден "ештеңені үстел бетінен сырып тастаған жоқпыз" деп жауап берді.

Сенбі күні Ресей орталық банкіне жарияланған санкциялардан кейін Путин елінің ядролық күштерін жоғары дайындыққа көшірді.

"Оның ядролық қылышты жалаңдатуы санкциялардың терісіне инедей шаншылып жатқанын білдіреді", – дейді АҚШ Қорғаныс министрлігінің бұрынғы қызметкері және Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының ғылыми қызметкері Джим Таунсен.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу