АҚШ: Саудияның іс жүзіндегі әміршісі Хашоггиді өлтіруге рұқсат берді

3886

Бірақ Вашингтон үшін ұлттық мүдде жоғары тұрғандықтан, ханзада Мұхаммед бин Салманға санкция жарияланбақ емес. 

АҚШ: Саудияның іс жүзіндегі әміршісі Хашоггиді өлтіруге рұқсат берді

Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы журналист Джамал Хашоггидің Ыстамбұлдағы консулдықта өлтірілуін мақұлдаған болуы керек. Мұны жұмада жарияланған жаңа баяндамасында Құрама Штаттардың барлау қызметі мәлімдеді. Енді Байден әкімшілігіне бүкіл әлемнің наразылығын тудырған қанды оқиға үшін патшалық үкіметке қысым жасау туралы талап күшеюі мүмкін.

Тергеу нәтижелері АҚШ-тың көптеген шенеунігіне бұрыннан белгілі. Олар қанша жерден құпия сақталса да, осы күнге дейін қоғамға бәрібір асқан дәлдікпен хабарланып келді. Дегенмен, мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салманды сол үшін көпшілік алдында сөгу - АҚШ-Сауд Арабиясы қатынастары үшін әлі күнге дейін өзекті проблема. Принц өзінің биліктегі қуатты рөлін әрі қарай жалғастырып, тіпті таққа талпынып жатса да, америкалықтар үшін бұдан былай ол демократия мен адам құқығы жолында күрескен журналисті қатыгездікпен өлтірген адам болып қалатыны күмәнсіз.

Байден әкімшілігі  осы баяндаманы көпке жариялағанымен, ханзаданың өзін тікелей жазалаудан бас тартып, Сауд Арабиясымен арадағы байланыстарды сақтап қалуға тырысады деген болжам бар.

Журналистердің сұрағына жауап берген Мемлекеттік хатшы Энтоний Блинкен бұл тәсілді ашық қорғап отыр.

"Біз қарым-қатынастарымызды бұзбай, оларды мүдделеріміз бен құндылықтарымызға көбірек сәйкестендіру үшін қайта реттеуіміз керек. Менің ойымша, бұл - кез-келген жеке адаммен салыстырғанда әлдеқайда ауқымдырақ мәселе", –дейді Американың бас дипломаты.

Барлау қызметтері ханзада 2018 жылдың қазанында кісі өлтіруді бұйырғанын ашық айтпаса да, төрт беттік құжатта тақ мұрагерінің патшалықтың барлау ұйымдарын "абсолютті бақылауда ұстап" отырғаны және өлтіру сияқты операциялардың оның мақұлдауынсыз жүзеге аспайтыны баяндалған.

Әрине, Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі "корольдік басшылығын масқаралайтын мұндай қате тұжырымды үзілді-кесілді қабылдамайтынын" ескертіп отыр.

Осы қорытындылар шыққаннан кейін, көп ұзамай Мемлекеттік департамент "Хашогги Бан" деп аталатын жаңа саясатын жариялады. Оған сәйкес,  шетелдік үкімет атынан журналистерге зиян келтіретін, қорқытатын немесе тыңшылық жасайтын адамдарға АҚШ-қа виза берілмейді. Сондай-ақ, өзге мемлекеттерде жүрген диссиденттермен байланысқа түскен немесе оларға қоқан-лоққы көрсеткен Сауд Арабиясының 76 азаматына визалық шектеулер жарияланатыны белгілі болып отыр.

Дегенмен, Мемлекеттік департамент визалық құжаттар құпиялылығын алға тартып, бұл шектеулердің нақты кімдерге әсер ететіні жайында түсініктеме беруден бас тартты. Бірақ осы жайттан хабары бар адам "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында айтқандай,  Саудия ханзадасы санкцияларға ілікпеген.

АҚШ-тың Қаржы департаменті, сонымен қатар, Сауд Арабиясының барлау қызметінің бұрынғы шенеунігі Ахмад Хасан Мұхаммед әл-Асириге де санкциялар жариялады. Өйткені ол Хашоггиді өлтіру операциясын  басқарды деп саналады.

Конгресстегі демократтар Трамп әкімшілігі жариялаудан бас тартқан баяндаманың жарық көруіне қошемет білдіріп, Байденді Саудияға қатысты агрессивті шешім қабылдап, ханзаданы да жазалауға шақырып отыр.

"Президент мұрагер ханзадамен кездеспеуі де, сөйлеспеуі де керек", - дейді Конгресстің Барлау комитетінің төрағасы Адам Шифф.

Өзге құқық қорғаушылардың пікірінше, ешқандай шара қолданбау ханзада мен басқа да автократтарды жазасыз қалдырумен пара-пар.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің мәлімдеуінше, АҚШ Сауд Арабиясымен қатынастарын "қайта калибрлеуге" ниетті. Ал, Байден бұған дейін Йемендегі Сауд Арабиясы бастаған бомбалау науқанына АҚШ-тың қолдауын тоқтатуға бұйрық беріп, Сауд Арабиясына шабуылдаушы қару сатуды доғаратынын ескертті.

Байден әкімшілігінің әр-Риядпен байланыстары Дональд Трамп кезіндегімен салыстырғанда қарама-қайшылықтарға толы болуы мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, әр-Риядтың мұнай қоры мен оның Таяу Шығыста Иранға қарсы тұратын күш ретіндегі мәртебесі Саудияны қиындау болса да, ұзақ уақыт бойы Құрама Штаттардың стратегиялық одақтасына айналдырып отыр.

Хашоггидің өлтірілгені жайлы жалпы мәліметтер бұрыннан белгілі. Жұмада шыққан құжатта Сауд Арабиясының 15 адамдық командасының, соның ішінде ханзаданың элиталық жеке қорғаныс тобының жеті мүшесінің, Ыстанбұлға барғандары айтылған.

"Вашингтон пост" газетінде ханзада Мұхаммед бин Салман жайлы сыни пікірлер жазған коломнист - 59 жастағы Хашогги - елінен қашып, Вирджинияда тұрған саудиялық журналист. Ол 2018 жылы қазанның 2-інде Сауд Арабиясының Ыстанбұлдағы консулдығына түрік қалыңдығына үйленгені туралы құжат алу үшін барып, сол жерде өлтіріліп, денесі бөлшектенген. Тілшінің  сүйегі әлі күнге дейін табылған жоқ.

Бастапқыда әр-Рияд оның жоғалып кеткені туралы қарама-қайшы мәліметтер жариялап, ақырында Хашоггидің сәтсіздікке ұшыраған "жалған" экстрадициялау операциясы кезінде өлтіргенін мойындады.

Осы оқиғадан кейін 21 адам тұтқындалды. Олардың бесеуі - жоғары лауазымды қызметкерлер. Ал, 2019 жылдың қаңтарында жабық есік жағдайында 11 адам сотталды. Солардың бесеуі өлім жазасына кесілгенімен, кейін Хашоггидің отбасы кешіргендіктен, 20 жылға бас бостандығынан айырылды, тағы үшеуі түрмеге қамалды. Операцияның бас-қасында жүрген Асири, "дәлел жеткіліксіз" болғандықтан ақталып шықты.

2015 жылы әкесі таққа отырғаннан кейін билікті тез арада өз қолына шоғырландырған 35 жастағы өршіл ханзада 2019 жылы Хашоггидің өлімі үшін "толық жауапкершілікті" өз мойнына алғанымен, журналистің жанын қиюға бұйрық бермегенін айтып отыр. Сауд Арабиясы шенеуніктерінің мәлімдеуінше, Хашогги корольдіктің қауіпсіздік және барлау қызметкерлерінің қастандығынан мерт болды.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу