Бірнеше күн қатарынан Американың Флорида штатын жайпап өткен "Милтон" дауылынан келген шығынның алдын ала есебі жарияланды.
Дерекке сүйенсек, дауыл салдарынан 3 миллионнан астам адам жарықсыз қалған. Штаттан 43 мың, ал Канададан 50 мыңға жуық волонтер жіберіліп, олардың жанқиярлық еңбегі арқасында миллион адамға электр қуаты жүйесін қайта қалпына келтіріп берді.
Бұл туралы АҚШ Президенті Джо Байден мәлімдеді. Ол табиғи дүлей апаттар салдарынан 12 қазанда Германияның Рамштайнында өтуге тиіс болған Украинаға көмектесуші елдердің саммитіне бара алмады. Ауыр күндері халқымен бірге болуды ұйғарды. Салдарынан, Рамштайн кездесуі белгісіз мерзімге кейінге ысырылды, жау соққысына жанқиярлықпен тойтарыс беріп жатқан Украинаға қандай көмек берілетіні белгісіз болып қалды.
Жаһандағы климаттық кризистің көрінісіндей, Америка Құрама Штаттарында дауылдар жиілеп кетті. "Милтоннан" бұрын осы қазан айында "Хелен" дауылы болды және ол 2005 жылғы "Катрина" дауылындай үлкен апатқа айналып, салдарынан көп адам зардап шекті.
Егер 19 жыл бұрын "Катрина" 225 адамның өмірін қиса, CNN дерегінше, 2024 жылғы қазандағы "Хелен" кем дегенде 277 адамның өліміне соқтырған. Тағы жүздеген адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
"Хеленнің" соққысынан кейін арада 10 күн өткенде "Милтон" дауылы басталды. АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметінің директоры Кен Грэмнің айтуынша, "Милтон" Саффир-Симпсон шкаласы бойынша ең жоғарғы 5-ші көрсеткішке дейін көтерілді. Желінің қарқыны сағатына 287 шақырымнан асты. Грэм мұның метеобақылаулар басталғалы АҚШ тарихындағы үшінші ірі дауыл екенін айтты. Қазірдің өзінде жиырма шақты адамның қаза болғаны анықталды.
Бұл дауылдың зардабы 50 миллиард долларға бағаланып отыр. Ақ үй барлық зардап шеккендер тиісті көмекті алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде қираған жерлерді жинастыру үшін әртүрлі штаттардан жіберіліп жатқан құрылыс техникаларының шетсіз-шексіз легі бейнеленген видеолар тарады.
"Біз алдымен электр желілерін қайта қалпына келтіріп, нығайтуға күш салуымыз керек. Біз құрылыс жұмыстарына жаңа технологияларды тартамыз. Электр тогының желілері енді жер асты арқылы тартылады. Дауылдан жайрап қалатын электр бағаналарының орнына кез келген дүлей желге шыдас беретін бетон тораптар орнатамыз. Федералдық бюджеттен көмек бөлінуі үшін Конгресске жүгінемін. Қираған ғимараттарды қалпына келтіру үшін нақты қанша қаражат керек екенін анықтаймыз", – деп сендірді іс басындағы Президент Джо Байден. Оның өкілеттігі тек 2025 жылғы қаңтарда аяқталады.
Дауыл жүріп өткен аудандарда ғимараттар мен тұрғын үйлер тегіс қираған. Жол қатынасы бұзылып, әуежайлар мен теміржол вокзалдары, мектеп пен өндіріс орындары жаппай жұмысын тоқтатты. Электр желілері үзілген. Орталық ауыз су жүйесі жарамсыз болған жерлерде азаматтар тек бөтелкедегі суды тұтынып отыр.
Өкінішке қарай, кей саясаткерлер бұндай қайғылы жағдайды сайлау мақсатында пайдаланып қалуға тырысуда. Дауылдан ең көп зардап шеккен Флорида штатының губернаторы, Республикалық партияның мүшесі Рон Десантис Демократиялық партияның атынан президенттікке кандидат болғаны үшін АҚШ вице-президенті Камала Харриспен сөйлеспей қойған. Мұндай құйтырқы тірлікке шыдамаған Харрис ханым проблеманы қоғаммен бөлісті. Флорида губернаторының оның қоңырауларына қасақана жауап бермей, елеусіз қалдырып отырғанын, тек кетіп бара жатқан Президент Джо Байденмен ғана байланыс ұстайтынын айтып шағымданды. Камала Харрис мұны "Республикалық партияның дағдарысты жағдай кезінде жүргізген саяси ойындары" деп атады.
Ақпарат құралдары Америкадағы дауылдар туралы фейктер "сайлау алды күрестің құралына" айналғанын жарыса жазып жатыр. Германиялық DW сарапшысы Сара Штефен бұл қауесеттер ақылға сыймайтын "астыртын теорияларға" соқтырғанын жазды.
"АҚШ-тағы әлеуметтік желілерде базбіреулер іс басындағы биліктің бұл дауылдарды қолдан жасап, кілең Республикалық партияны қолдайтын штаттарға әдейі бағыттағанын айтып, сендіруге тырысып жатыр. Осы арқылы билік АҚШ-тағы алдағы сайлауды болдырмауға күш салады-мыс. "Хеленнің" жайпап өткеніне екі апта өтпей жатып, Флориданы "Милтон" атты қуатты тропикалық дауылы соқты. АҚШ-тың 6 штатында көптеген елді мекен жермен-жексен болды. Содан әлеуметтік желіні пайдаланушылар арасында қос дауылдың президенттік сайлау қарсаңында жасанды түрде туғызылғаны және республикалықтарды қолдайтын округтерге қасақана бағытталғаны туралы теория тарады", – деп мәлім етті DW.
Америка Құрама Штаттарында Президент сайлауы 5 қарашада өтеді.
"Қастандық теориясын" ұстанушылардың дәйектемесі қандай?
"Дәл президенттік сайлауға бірер апта ғана қалғанда дауылдардың бірінен соң бірі қатар болуы кездейсоқтық па? Табиғатта ондай болмайды. Бұған қоса, Америка тарихындағы ең сұрапыл "Хеленнің" сипаты табиғи стихияға еш ұқсамайды", – деп бірінің аузына бірі түкіргендей X, Rumble және басқа танымал әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазады.
Бұндай сипаттағы өсектерді саясаткерлер одан арман өршітіп отыр. Кандидат Дональд Трамптың ең жарқын фанаты саналатын республикалық конгрессмен Марджори Тейлор Грин қазіргі кезде АҚШ "табиғатты басқара алатын дәрежеге жеткенін" айтты. Ол билікті уысында ұстаған демократтар қарсыласын – республикалықтарды жығу үшін ештеңеден тайынбайды дегенді алға тартады. Құпия теориялардың жақтаушысы, конгресмен Гриннің твиті 50 миллионға жуық қаралым жинаған.
DW сұрауымен фактчек жасаған метеоролог Мэтью Каппуччи алапат дауылдардың алдыңғысының ізін қайталай соғуы Америка тарихында "бірегей" жайт еместігін жеткізді.
"Дауылдарға қатысты айтарым, АҚШ-тың жағдайы қиын. Олар бірінен кейін бірі соға береді. Мысалы, 2004 жылы сол Флоридада небәрі 6 апта ішінде 4 дауыл соқты. Сол жылғы 13 тамызда Флорида ғимараттары 4-ші санаттағы "Чарли" дауылының алапат күшінен қирады, артынша "Жанна", "Фрэнсис" дауылдары жетті", – деп еске салды Мэтью Каппуччи.
Бұған қоса, Флоридаға ғаламат дауылдар таяп келе жатқанын АҚШ Ұлттық мұхиттық және атмосфералық зерттеулер басқармасының (NOAA) мамандары ертерек ескерткен екен. Оның ұшақтары туындай бастаған дауылдарды айнала ұшып өтіп, атмосфералық деректер жинайды. Содан биылғы мамырда NOAA Атлант мұхитындағы дауылдардың белсенділігі нормадан жоғары екенін хабарлады.
Республикалықтардың тоқтаусыз таратқан басты бір фейкі – "дауылдар тек Республикалық партияның сайлаушыларына зардап келтіруге бағытталған".
"Демпартияның лидерлері Флоридада, Солтүстік Каролинада тұрғындар дәстүрлі түрде Республикалық партияның кандидатын қолдап, дауыс беретінін біледі. Сондықтан 5 қарашада бұл штаттардың тұрғындары дауыс беруге келе алмауы үшін дауылдарды солай бағыттады. Егер жолдар бұзылса, үйлері қираса, дәстүрлі республикалық сайлаушылардың дауыс беру учаскесіне баруға уақыты да, мүмкіндігі де болмайды", – деген сыңайда жазылған фейктердің бірі.
Халықаралық сарапшылар мұндай "дәйектемесымақтың" еш сын көтермейтінін айтты. Біріншіден, АҚШ-та сайлау учаскесіне бара алмайтын сайлаушыларға электронды поштамен дауыс беруге рұқсат етіледі.
"Екіншіден, табиғи дүлей стихия саналатын дауылды бағыттау мүмкін емес. Дауылдардың жылдамдығы да, жүретін жолы да мыңдаған шақырымға созылатын күрделі мұхиттық және атмосфералық ықпалдарға, табиғи құбылыстарға тәуелді болып келеді. Оның бәрін адам басқара алмайды", – деп жазады Ұлттық метеорологиялық басқарма өз сайтында.
Республикалықтарды жақтаушылары таратқан тағы бір қауесет: "Зардап шеккендер небәрі 750 доллар ғана өтемақы ала алады" деп келеді. Бұл пост алғаш рет Республикалық партияның президенттік кандидатқа Дональд Трампты қолдауға арналған Х аккаунтта жарияланды.
Сол жерден басқа парақшаларға, топтарға, өзге әлеуметтік желілерге таратылды. Постта айтылғандай, "Америка билігі заңсыз мигранттар мен Украинаны қолдауға миллиардтаған доллар шығындап жатқанда, "Хелен" дауылынан зардап шеккен өз америкалықтарымызға 750 доллардан ғана тастамақ" дегенге саяды.
2024 жылғы 6 қазанда Висконсин штатындағы Джуно шаһарында митинг өткізген Трамптың өзі де осы фейкті қайталап, қазіргі биліктің әр америкалықты "750 бакске" ғана бағалайтынын мәлімдеді.
Фактчек мұның "жартылай шындық" тәсіліне құрылғанын анықтады. Шынында да "Хелен" дауылынан зардап шеккендер 750 доллар көмек алуға өтініш бере алады. Алайда бұл оларға көрсетілетін жалғыз қолдау емес. Өзге бағдарламалар келтірілген зардапқа сай қомақты өтемақы төлеуді қарастырады.
Ал, 750 доллар – "Салмақты қажеттіліктер туындағанда көрсетілетін көмек" атты бағдарламаның бір бөлігі ғана. Бұл бағдарламаны АҚШ Федералдық төтенше жағдайлар агенттігі (FEMA) дәстүрлі түрде кез келген дауыл туындағанда бірден іске қосады. 750 доллар табиғи апаттан кейін қажет болатын заттарға, шұғыл проблемаларды шешуге бағытталады.
Өйткені өзге өтемақылар мамандардың бағалауын, құжат жинауды, тізім құруды талап ететіндіктен біршама ұзаққа созылуы мүмкін. Соған дейін зардап шеккендер ТЖ қызметінен 750 доллар алып, оған азық-түлік, балаларға арналған қоспаларды, медикаменттер ала алады. Өзін "әлемдегі ең алпауыт державаның болашақ Президенті" деп жариялаған Трамптың өз сайлаушыларына жалған ақпарат беріп, жаңылыстырудан, сөйтіп, өзге көмектен қағылуға итермелеуден арланбайтыны сарапшыларды шошытып отыр.
Айтқандай, билік органдары FEMA-ның басқа да көмек бағдарламалары барын, мысалы, зардап шеккендерге уақытша тұрғын үй ұсынатынын, үйін жөндеп беретінін еске салды.
Республикалық партия: "Америкалықтарға сүйек сияқты 750 доллар тастағанда, билік босқындар мен заңсыз мигранттарға айына бірнеше мың доллардан төлейді" деп жазып отыр. Ақпарат құралдары мұның да жалған сөз екенін дәлелдеді: АҚШ-та заңсыз мигранттар үшін мемлекеттік жәрдемақының қолжетімділігі қатты шектелген. Оған қол жеткізгеннің өзінде, сомасы бірнеше жүз доллардан аспайды.
Deutsche Welle мәліметінше, АҚШ Конгресі Украинаға көмек ретінде 2022 жылдан бері жалпы жиынтығы 175 миллиард доллар бөлген. Бірақ бұл соманың 70%-ы Украинаға жетпеді, олар АҚШ-та қару-жарақ сатып алу үшін америкалық қару өндірушілеріне берілген.
АҚШ-тың "Халықаралық қатынастар кеңесі" партиядан тыс аналитикалық орталығы биліктің тек америкалық банктерді және автоөндірушілерді дағдарыстан қорғау үшін бір ғана жылда 700 миллиард доллар бөлгенін еске салады. Яғни, Американың Украинаның тәуелсіздігі мен демократиясын қорғауға 2,7 жылда бөлген қаражаты өз банктерін құтқаруға 1 жылда жұмсағанынан 4 есе аз.
Республикалық партиядағылар Федералдық төтенше жағдайлар агенттігінің (FEMA) 30 миллиард доллары мигранттарға көмектесуге шығындалып, "зардап шеккен өңірлердегі өз азаматтарымызға" қаржы қалмағанын айтқан. Агенттік бұл фейкті жоққа шығарды.
"Табиғи апаттар кезіндегі көмек қорының ақшасы табиғи апаттармен байланысты емес басқа іс-шараларға қайта бағытталмаған", – делінген FEMA мәлімдемесінде. Оның үстіне бұл қорды Конгрестің өзі құрды және өзі бақылауда ұстайды. Конгресте Республикалық партияның жақтаушылары басым.