АҚШ-тағы аралық сайлау әлемге қалай әсер етеді?

1942

Әр төрт жыл сайын өтетін АҚШ Президенттігіне сайлау дауыс берушілердің ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аулайтыны жасырын емес, ал екі жылда бір болатын АҚШ Конгресіне сайлау науқаны әдетте ондай қызығушылық тудырмайтын. Алайда соңғы гео-саяси ахуалды ескерсек, 8 қарашаға жоспарланған сайлаудың маңызы арта түсті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

АҚШ-тағы аралық сайлау әлемге қалай әсер етеді? Фото: rbc.ru

Президенттік мерзімнің ортасына тұспа-тұс келетін аралық сайлау науқаны Конгресстің екі палатасына: Сенат пен Өкілдер Палатасына үлкен әсер етеді. Төменгі палатаның мүшелері екі жыл мерзімге сайланатындықтан, Өкілдер палатасындағы барлық 435 орын аралық сайлау кезінде дауыс беруге шығарылады. Ал сенаторлар алты жылға сайланады, яғни Сенаттағы кейбір орындар биылғы сайлауға шығарылса, мерзімі жетпеген қалған сенаторлар келесі науқанға дейін уайымсыз қызметін жалғастыра береді. Әдетте Сенаттағы 100 орынның шамамен үштен бірі екі жыл сайын сайлауға түседі.

Джордж Вашингтон университетінің профессоры Гэри Нордлингер айтпақшы: "Өкілдер палатасы мен Сенатты басқарған Партия күн тәртібін қадағалайды", яғни елдің алдағы екі жылда ұстанатын бағытын анықтайды. Екі палатадағы орындардың көпшілігіне жайғасқан Партия Конгресс комитеті құрамын саралайды, тіпті, Президенттің билігін тежей алады. Мемлекет басшысы өз дегенін істеттіре алу үшін оны қолпаштайтын жақтастары, яғни Партиясы аралық сайлауда жеңіске жетуі тиіс.

Джо Байден мүшелік ететін Демократтар партиясы әзірге аз да болса да Конгресстің қос палатасында да басымдыққа ие, алайда алдағы сайлауда жағдай түбегейлі өзгеруі мүмкін. Себебі Демократиялық партияның Украинаға қатысты сыртқы саясаты, жанармай бағасын тежей алмауы халық арасында үлкен сынға алынды.

The New York Times басылымының сарапшылары демократтарды жеңістен алыстататын тағы бір мәселе – Президентке наразылықтың өршуі екенін айтады. Ықтимал сайлаушылардың 45%-ы Байденнің жұмысын құптамайды және сол сайлаушылардың 90%-ы осы күзде конгресте республикашылды қолдауды жөн көреді.

Дегенмен американдықтар үшін экономикалық мәселелер ең өзекті әрі маңызды болып қала бермек. Ал экономика мен инфляцияға назар аударған сайлаушылар республикашылдарды артық көреді.

"Еуропалық шындық" Республикалық партияның кейбір өкілдері, атап айтқанда "Трамп қанаты", көбінесе экономикалық саладағы жеңілістерін белсенді сыртқы саясаттың, атап айтқанда Украинаның қажеттіліктерін жабу салдарынан деп ақтап шығуға тырысатынын жазады. Республикашылдар өз сайлаушыларын Украинаға тоқтаусыз бөлінетін қаражат АҚШ экономикасын құрдымға кетіретініне сендіргісі келеді.

Демократтар расымен Конгресте өз билігінен айырылса ең алдымен Украинаға қиын болайын деп тұр. Өйткені Конгресте Украинаға екі партиялық қолдау көрсетілсе де, республикашылдар фракциясы, бұрынғы президент Дональд Трамптың "Америка бәрінен бұрын" ұстанымымен, АҚШ-тың Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз етіп, қолдау көрсетуіне наразы болады.

Мұндай позицияны өкілдер палатасындағы республикашылдар жетекшісі Кевин Маккартидің егер оның партиясы палатаны бақылауға алса, көмектің қысқартылатыны туралы 18 қазанда жарияланған мәлімдемесі дәлелдейді.  

Бірақ көп ұзамай Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер қарашадағы Конгресстегі аралық сайлаудың қорытындысы бойынша өкілдер палатасын бақылау Республикалық заң шығарушыларға қайтарылған жағдайда ештеңе өзгермейтінін, Украинаны қолдау жалғасын табатынын айтты.

Украиналық саясаткерлер тепе-теңдікке негізделген АҚШ-тың Конституциялық жүйесіне үмітпен қарайды. Яғни Конгресті, Президент өкілеттілігін бір ғана партия бақылауда ұстауы екіталай. Оған қоса республикашылдар арасында Украинаға қатысты ортақ саяси көзқарас қалыптаспаған. Оларды трампистар (Дональд Трамп жақтастары) мен басқалары деп екіге бөлуге болады. Соңғылары Трамптың Американың тек ішкі проблемаларына басымдық беріп, сыртқы саясатқа араласпау позициясын қолдамайды. Демек Байденді қолдайтын қарсыластар да бар.

"Біз Конгресстегі дауыс беру партиялық бағытта қатаң жүрмейтінін түсінуіміз керек, тіпті, демократтардың республикалық президентті қолдаған кездері болды және керісінше. Бұл дегеніміз, егер демократтар Байденнің Украинаны қолдау бағытын құптайтын болса, онда республикашылардың едәуір бөлігі де бұл шешіммен келіседі. Сондықтан Украинаны қолдау жалғасын табады деп ойлаймын",  деді Алексей Гарань, Киев-Могилян академиясының саясаттану профессоры.

Аралық сайлау нәтижелері Украинаға көрсетілетін қолдауды қысқартудан бөлек, нағыз тарихи өзгерістерге әкелуі мүмкін. АҚШ және Канада институтының бас ғылыми қызметкері Владимир Васильевтің айтуынша, демократтар Украинадағы қақтығысты "ұжымдық Батыстың Ресейге қарсы күресі" деп түсінеді. Еуро Одақта Батысты Ресейге қарсы күресуге үгіттеп отырған Байденнің билігі әлсіресе, одақтағылар бұл мәселеде ыдырап кетпеуіне кім кепіл?!

Республикашылдардың бір бөлігі президент ұстанған бағытты қолдағанымен, соңғы уақытта біз жағдайды қайта қарауға және бейбіт дипломатиялық реттеу мәселесімен байыпты айналысуға талпыныс бар екенін көріп отырмыз.

Республикашылдар Ресеймен мұндай теке-тірестің аяғы ядролық қаруды қолданумен дүниежүзілік соғысқа немесе тіпті үшінші дүниежүзілік (ядролық) соғысқа әкелуі мүмкін екенін түсінеді.

"Бүгінгі таңда бізді қызықтыратын басты мәселе – Украина. Республикашылдар негізгі қарсылас ретінде Қытайды көреді. Ал демократтар үшін басты жау – Ресей. Трамптың тұсында Қытайға үлкен көңіл бөлінгені белгілі. Енді республикашылдар Американы басқаратын болса, онда сыртқы саясат бірінші кезекте ҚХР-ға бағытталатын болады. Яғни Ресей туралы мәселе туындамауы да мүмкін",  деді Владимир Васильев.

Тағы бір маңызды аспект – экономикалық. Бүгінде Украинадағы соғыс американдық және әлемдік экономикаға өз әсерін тигізбей қоймады. Қаржылық қиындық Германия немесе Франция сияқты тек континентальды елдерге ғана емес, АҚШ-тың ең жақын одақтасы – Ұлыбританияға да қатысты болып отыр.

Бұл өте маңызды фактор, өйткені ірі бизнестің ұстанымдары мен мүдделерін көрсететін республикашылдар Украинадағы соғыс әлемдік экономикадағы жағдайды одан әрі дүр сілкіндіріп, оны дағдарыс пен рецессияға ұшыратады деп санайды. Олар басшы болса, әлемдік экономика кезекті күрделі қаржы дағдарысына ұшырамауы үшін ұзаққа созылған экономикалық дағдарысты болдырмауға тырысады. Республикашылдар ол үшін Американың Ресейге қатысты саясатын түбейгелі өзгертіп, дипломатиялық реттеуге және бейбітшілік формуласын іздеуге көп көңіл бөлуді жоспарлайды.

Жалпы аралық сайлау – әлемдік тұрақсыздық жағдайында АҚШ-тың алдағы бағыты қандай болатынын шешетін маңызды оқиға. Ал оның ұстанған бағытынан саяси алаңдағы жағдай біршама өзгеріске ұшырайтыны анық. Конгрестегі орындардың басым көпшілігі демократтарға бұйырса, Ресеймен тайталас жалғасын тауып, ядролық жанжалға дейін баруы мүмкін. Ал республикашылдар жеңіске жетсе, Байден ықпалы азайып, туындаған экономикалық қиындықтардан әлсіреген Еуропа Одағы Украинаны қолдау жолында кері шегінуі ықтимал. Оған қоса республикашылдар бастауымен Америка қайта Қытайға қарай азуын көрсетсе, жақында ғана Си Цзиньпиннің жариялаған ынтымақтастық туралы мәлімдемесі жауапсыз қалатын сыңайлы. Сондықтан сарапшылар ең дұрысы Конгресте тепе-теңдіктің сақталуы екенін алға тартады.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу