АҚШ-тың Орталық Азия аймағына назар аударуының себебі қандай?

1683

Сарапшы Қазақстанның барлық елмен тең қарым-қатынас жасауға мүдделі екенін атап өтті. 

АҚШ-тың Орталық Азия аймағына назар аударуының себебі қандай? Фото: Қазбек Майгельдиновтің жеке мұрағатынан

Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары басталды. Бұл сапардың еліміз үшін маңызы неде? АҚШ-тың Орталық Азия елдеріне назар аударуының себебі қандай? inbusiness.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көруге тырысты.

"Меніңше, АҚШ сапарындағы басты назар "Орталық Азия – АҚШ саммитіне" аударылу керек. Жалпы "C5+1" форматы соңғы кезде әлсіреп қалған болатын. Бұл Вашингтонның негізгі күн тәртібінде Барак Обама кезінде өте көкейкесті болған, кейін Трамп кезінде бұл бағыттағы жұмыстар бәсеңдеген еді. Енді қазіргі таңда Вашингтонның осы саммитті өткізуі Орталық Азия аймағындағы басқа да ірі алпауыт мемлекеттердің мүдделеріне қарама-қарсы қою мақсатында деп ойлаймын. Өйткені ОА-да Ресей мен Қытайдың мүдделері өте жоғары болып отыр", - деді саясаттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгельдинов.

Сарапшы осы жылдың басында Қытайдың алғаш рет Орталық Азия және Қытай саммитін өткізгенін еске салды. Оның сөзінше, "C5+1" форматында саммитті өткізуге Қытай бірінші қадам жасады. 

"Енді осы жолы АҚШ Орталық Азия басшыларын шақыру арқылы саммит деңгейіне көтеріп отыр. Екіншіден, Украина мен Ресей арасындағы соғыста АҚШ-тың негізгі мүддесі Украина. Қазір Ресей санкция астында. Нәтижесінде Ресей ОА елдері арқылы санкциядан шығу жолын тауып отырғанына байланысты АҚШ бұл тұрғыдан өзінің қандай да бір басымдықтарын айтуға тырысатын болады. Дегенмен қазіргі геосаяси ахуал тұрғысынан Қытайдың, әсіресе, пандемиядан кейін "Бір жол, бір белдеу" бастамасы аясында Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы тығыз әрі қарқынды жүріп жатыр. Әрине, бұл АҚШ-қа ұнамайды. Сондықтан үш ойыншы – Ресей, АҚШ, Қытай арасында Орталық Азия аймағына әсер етуге байланысты күн тәртібіндегі талқыланатын мәселелер осы болмақ", - деп атап өтті ол.   

Саясаттанушы саммит барысында АҚШ тарапынан азаматтық қоғамды қолдау, адам құқықтарына байланысты қандай да бір ұсыныстар айтылуы мүмкін екенін жеткізді. Бұдан бөлек ол аймақтық қауіпсіздік мәселесі де басты назарда болады деп отыр.

"Әсіресе, АҚШ әскері Ауғанстаннан кеткеннен кейін, бүгінде көптеген мемлекетте мойындалмаған Талибан үкіметі аясындағы Ауғанстан ОА аймағына әлі де болсын қауіп төндіріп тұр. Соңғы жаңалықтарға сәйкес, Ауғанстанда есірткі шығарудың үлесі тағы да өсіп келе жатыр. Кездесу осы тұрғыдан да мәселелерді қамтуы мүмкін. Шын мәнінде, "C5+1" форматын жаңа деңгейге Байденнің өткізуге ниеті Ресей мен Қытайдың әсерін теңестіруге бағытталған. Бұл қаншалықты табысты болатынын уақыт көрсете жатар", - деді Қазбек Майгельдинов. 

Бұл ретте бұл сапар бізге не береді деген заңды сұрақ туындайды.

"Біріншіден, бұл экономикалық қарым-қатынас. Яғни Мемлекет басшысының АҚШ бизнес қауымдастығымен, түрлі ірі корпорациялардың басшыларымен кездесуінің өзі бұл елімізде АҚШ-тың энергетика, мұнай-газ саласындағы әлі де болсын үлесі басым екенін білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда жаңадан инвестицияларды тарту. Екінші жағынан, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына сәйкес, ірі елдермен стратегиялық бағыттар біздің басымдықтарымызға кіреді", - деді сарапшы. 

Саясаттанушы Қазақстанның барлық мемлекетпен тең қарым-қатынас жасауға мүдделі екенін тілге тиек етті. Бұл сапардан кейін ол Қытайдың экономикалық тұрғыдан өзінің басымдықтарын күшейтуге тырысуы мүмкін екенін де жасырмады. 

"Өйткені Қытай үшін АҚШ-тың Орталық Азия мемлекеттеріне әсерінің күшеюі бұл ауыр сұрақтың бірі. Қазіргі таңда Қытай мен АҚШ-тың арасында Тайвань және басқа да мәселелер бойынша келіспеушіліктер бар. Сондықтан бұл саммиттің нәтижесі бойынша Қытай тарапынан өзінің әсерін күшейтуге бағытталған қандай да бір қадамдарды күтуге болады", - деп түйіндеді Қазбек Майгельдинов.

Айта кету керек, осыған дейін Орталық Азия елдері Вашингтонға несімен маңызды екенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу