Украина Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалы арқылы қазақстандық мұнай тасымалдайтын танкерлерге шабуыл жасауды тоқтатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Киевтің мұндай қадам жасауына АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс ықпал еткен. Ресми Вашингтон дрон шабуылдары әлемдік мұнай нарығына қосымша қауіп төндіріп, Қазақстанда жұмыс істейтін ірі америкалық компаниялардың мүддесіне әсер етеді деп алаңдаушылық білдірген.
Financial Times дереккөздерінің айтуынша, өзекті тақырып Вэнстің Украина президенті Владимир Зеленскиймен 31 шілдеде болған телефон болған әңгімесінде талқыланған. Осыдан кейін КҚК терминалы маңындағы танкерлерге шабуыл жасалмады.
Дегенмен бұл Украинаның Қара теңіздегі кемелерге шабуыл жасаудан толық бас тартқанын білдірмейді. Киев КҚК инфрақұрылымы мен ресейлік емес танкерлерге, егер олар Украина санкцияларына ілікпесе және ресейлік мұнай немесе өзге де ресейлік жүктерді тасымалдап жүрмесе, тиіспеуге келіскен.
Украиналық шенеуніктердің бірі FT-ге Киев америкалық серіктестерінің ұстанымын мұқият ескеретінін айтқан. Оның сөзінше, Вашингтонның өтінішінен кейін арнайы тетіктер құрылып, КҚК айналасындағы жағдай АҚШ және Қазақстанмен бірнеше рет талқыланған.
Каспий құбыры консорцумы Қазақстан үшін ғана емес, АҚШ үшін де маңызды. Жобаға америкалық мұнай алпауыттары Chevron мен ExxonMobil қатысады. Олар Қазақстанның мұнай саласына да ірі инвестиция салған. Chevron Теңіз кен орнындағы үлестің 50 пайызына, ал ExxonMobil 25 пайызына ие.
КҚК айналасындағы жағдай шілде айында күрт шиеленісті. Новороссийск маңындағы шабуылдар мұнай тиеу жұмыстарына кедергі келтіріп, Қазақстанды осы бағыттағы тасымалды уақытша шектеуге мәжбүр етті. Кеме иелерінің тасымалдау және сақтандыру шығындары айтарлықтай өсті.
КҚК-дағы проблемалар Қазақстанды мұнайдың бір бөлігін басқа бағыттарға қайта бұруды жеделдетуге мәжбүр етті.
Шілде айында мұнайдың жекелеген көлемдері Ақтау порты, Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры және Атырау – Самара бағыты арқылы жөнелтілді. Қосымша бағыттар ретінде билік Баку – Тбилиси – Джейхан бағытын, Каспий теңізі мен Әзербайжан арқылы тасымалдауды, сондай-ақ Баку – Супса бағытын қарастырып жатыр.