"Ақылы маман қорытындысына": Тахир Халимназаров Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді

9844

Ресейлік мамандардың берген қорытындысы сараптама деп есептелмейді.

"Ақылы маман қорытындысына": Тахир Халимназаров Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді Фото: inbusiness.kz

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары іске ресейлік мамандарды тартуды көздеп отыр. Жақында тәуелсіз сот-медицина сарапшысы Тахир Халимназаров елдегі атышулы қылмыстық істе марқұм Салтанат Нүкенованың қандай жарақат алғанын манекен арқылы көрсетіп, сотта сөз сөйледі. Маманға сот медицина саласына қатысты бірқатар сұрақ қойып, оны сөзге тарттық.

– Қазір ел сізді Бишімбаевтың ісінен кейін қызу талқылап, әлеуметтік желідегі парақшаңызға белсенді жазылып жатыр. Жалпы Бишімбаевтың ісі бойынша сот-медицина сараптамасын жүргізген кезде қандай да бір кедергілерге тап болдыңыз ба?

– Бұл енді қатты бір күрделі сараптама емес. Дене жарақаттарының бәрі, бас ми жарақаттары анықталғанын сарапшылар дәлелдеді. Жарақаттардан өлім себебінің тікелей байланысын анықтады. Кедергілер болған жоқ. Бірінші сараптамада Астанада сарапшылар өлім себебін зерттеді. Мәйіттің денесіндегі жарақаттардың бәрін толық жазып шыққан. Біз енді қосымша сараптама жасаған кезде көрсетілген жарақаттардың көрсетілімдеріне қарап, тергеу органдарының қойған сұрақтарына жауабын бердік. 

– Бишімбаевтың адвокаттары ресейлік сарапшылардың сот-медициналық сараптама қорытындысын қарауды сұраған екен. Ресейлік әріптестеріңіз не айтуы мүмкін? Олар да сіздер секілді зерттеу жасады ма?

– Ресейлік мамандардың берген қорытындысы сараптама деп есептелмейді ғой. Ол мамандардың қорытындысы деп қаралады. Сараптама тергеу органдарының, соттың қаулысына сәйкес өткізілетін дүние. Адвокат барып ешкімнен сараптама жаздырып алмайды. Олар тек қана құжаттарға қарап, маман ретінде қорытындысын беруі мүмкін. Олар қатты атағы шыққан кісілер емес. Мемлекеттік сараптаманы істеп жатқан жоқ. Қазақстаннан барған адвокаттарға оны тегін жасап бермейді ғой. Сот қарастырған кезде ақылы жасалған қорытындыларға қатты мән бермейді деп ойлаймын. Өйткені олар қылмыстық істің материалымен таныса алмайды, тек қана адвокаттардың қойған сұрақтарына жауап береді. Оларда Қазақстанның сараптамаларының дұрыс-бұрыс еместігін айтуға мүмкіншілік жоқ. Не жазғанынан хабарсызбын, бірақ, әлбетте, адвокаттар ақылы маман қорытындысына Бишімбаевты жағалап жазған шығар. Бірақ оған ешкім заңды мән бере алмайды.

– Бұл қылмыстық істе сот-медициналық сараптама жасауға қанша уақыт кетті?

Біз 10 күн ішінде аяқтадық. Күні-түні істедік, өйткені тергеу мерзімдерінің аяқталуына байланысты тез жасап бердік. Бізде қойылған сұрақтардың бәріне жауап беруге толық мүмкіндігіміз болды. Осы тұста айта кетейін, бұл енді сарапшылардың күнделікті жұмысы. Бишімбаевтың ісі болмаса да біз істей беретін едік, оны ешкім де білмейді. Бізді заңгерлер, тергеушілер таниды. 33 жыл болды, бірінші рет осындай қоғам тарапынан үлкен назар болды. Көп алғыс, жақсы тілектер естіп жатырмын. Осы жұмысты жалғыз мен істеп жатқан жоқпын. Бұл осы салада жүрген сарапшылардың ортақ еңбегі.

– Жалпы сот-медицина сараптамасы қай уақытта жүргізіледі? Сізге қандай өтініштер бойынша жиі жүгінеді? 

– Бұл – үлкен сала. Көп адам сот-медицина сараптамасы тек мәйітханада жүргізіледі деп есептейді. Одан бөлек тірі тұлғалардың сараптамасы да бар. Мәселен, жарақат алғандар келіп жатады. Сосын күрделі сараптамалар да бар. Көрсетілген медициналық қызмет қателігінен зиян көрген тұлғаларға жасалатын сараптама бар. Бұл дәрігерлердің қателігін, денсаулыққа қандай зиян келгенін анықтайды. Қазіргі таңда косметологиялық көмек көрсететіндер көбейіп кетті. 

– Бұдан бөлек балалардың жасын анықтау бойынша да хабарласатындар бар деп те естиміз. Бұл қаншалықты рас?

– Осы күнге дейін ондай жағдайлар өте көп болды. 10-15 жасқа келген балалар құжатсыз қалып жатады. Ауылдарда, әке-шешесі жоқ, біреулер асырап алған, салдарынан құжат істемей жүрген. Кейде осы 21 ғасырда 10-15 жасар балалардың құжатсыз жүргеніне таңғаламын. Бұл (сараптама) "адамның жасын анықтау" деп айтылады. Әдістеме бойынша мұны да анықтаймыз. 

– Жақында әлеуметтік желіде тіркелдіңіз. Халық өзінің алғысын білдіріп жатыр. Енді желіде өзіңіздің жұмысыңызды белсенді көрсету ойыңызда бар ма?

– Иә, міндетті түрде. Оқырмандарыма осы сала туралы ақпарат беремін деп сөз бердім. 

– Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары сот-медицина сараптамасын жүргізуге қаншалықты жүгінеді?

– Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар азайған жоқ, керісінше көбейіп жатыр. Жас келіншектер көп келеді. Көбісі полицияға арыз жазбай, сот-сараптамасынан өтіп, өзін сақтандырып қояйын дейді. Ертеңгі күні (тұрмыстық зорлық-зомбылық) тағы қайталанса немесе ажырасқан кезде осыны көрсетемін деп жатады. Мұндай жағдайлар көп. 

– Бұл салада жүргеніңізге 33 жыл болды деп айттыңыз. Осы уақытқа дейін қанша сараптама жасадыңыз? Бұл сала елімізде қаншалықты жақсы дамыған? 

– Олардың саны көп. Жылына 100-200 сараптама істейміз. Сараптама жасаған мәйіттердің саны 5 мыңнан асады. Жасырмай айтатын болсақ, қолдау жеткіліксіз. Өйткені жас мамандарды дайындайтын орталықтар жоқ. Қазақстанда бірнеше медицина институты шығарған 2-3 резидент әлбетте жеткіліксіз. Жаңа келген мамандардан сарапшы жасау үшін 55-10 жыл уақыт кетеді. Оқудан шыққан жастардың тәжірибесі жоқ болғандықтан үлкен сараптама жасауға дәрежесі жоқ. Кітапта жазылғанның бәрі кейде өмірде кездеспей жатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу