Ақшаны қай валютамен жинаған дұрыс?

4831

Өткен жылдың қорытындысы елімізде теңгедегі депозиттер көлемі өскенін көрсетіп отыр.

Ақшаны қай валютамен жинаған дұрыс? Фото: inbusiness.kz

Сарапшылар ақшаны қай валютамен жинауға кеңес береді? Қазақстандықтардың төл валютаға деген сенімі қандай? Ақшаны үйде жинаған дұрыс па, әлде банкке сеніп тапсырған жөн бе? Осы сауалдар төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі қаржыгерлердің пікірін білді.

Бірінші кредиттік бюроның Telegram арнасының дерегінше, шетел валютасындағы депозиттер бір жылда 18%-ға төмендесе, теңгедегі депозиттер керісінше күрт артқан. 2023 жылдың желтоқсан айының соңындағы жағдай бойынша депозиттік ұйымдарда 8,1 трлн теңгедей сома жиналған.

"Ұлттық валютадағы депозиттердің жылдан жылға айтарлықтай өскені байқалады. Жалпы алғанда олар 26%-ға артқан. Жеке тұлғалардың депозиттері үштен бірге, банктік емес заңды тұлғаларда 18%-ға ұлғайған", – деді сарапшылар.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, қаражатты қай валютада сақтау мәселесінен бұрын ең әуелі оны тиімді жұмсау мәдениетін қалыптастырған абзал.

"Болашақта ақша жинайық десек, ең әуелі өзіміздің табысымызды ретке келтіруіміз керек. Яғни неғұрлым шығындарды азайтып, кірісті көбейтуге ұмтылған жөн. Кейде қандай да бір акциялар немесе жеңілдіктер кезінде жинақтайын деп тұрған ақшаны жұмсап жібереміз. Аяғында алған заттың еш пайдасы болмай жатады. Сондықтан да қаржыны қандай валютада сақтағанға дейін ақшаны жинай білу мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Егер мүмкіндік болып жатса, ақшаны үшке бөлу керек. Мәселен, 1 млн теңгеңіз болса, онда 300 мың теңгені төл валютамен, келесі 300 мыңды доллармен сақтау керек, бұл резервтік валюта болып есептелінеді. Қалған үшінші бөлігін алтын түрінде сақтауға болады. Жеке-жеке тоқталатын болсақ, қазір теңгенің 15-16 пайызы өте жақсы көрсеткіш. Өйткені Ұлттық банк бекіткен қайта қаржыландыру ставкасы 16 пайыз болғандықтан, одан төмен болмайды. Ұлттық валютамен ақша сақтаудың тағы бір артықшылығы бар. Мемлекет 20 млн теңгеге дейін отандық валютамен ашылған депозитке кепілдік береді. Әрине, доллардың ставкасы 1-2 пайыз ғана болса да, көп адам бұл валютамен де жинап жатады. Себебі инфляция доллар бағамы айырмашылығының алдына шығып кете алмайды. Соңғы уақытта алтын өз құнын жоғалтқан жоқ", – деп түсіндірді сарапшы.

Қаржыгердің айтуынша, қазақстандықтардың теңгеге деген сенімі мемлекеттің ұстанып отырған ұлттық экономикалық саясатына тікелей байланысты.

"Әлі де тәуекелге түсіп қаламыз-ау деген қобалжу бар. Себебі біздегі экономиканың басым бөлігіне қаражат әкелетін тауарлар доллармен сатылғандықтан, қаржының дені долларға тиесілі. Бізде өндірілетін тауарлардың көлемі, көрсетілетін қызметтер, азық-түліктің барлығы да теңгемен болып, азық-түліктің өзіндік құнына әсер ететін шығынның бәрі де Қазақстанда шығарылатын тауарлармен тікелей байланысты болса, инфляция мәселесі тежелсе, онда теңгенің долларға шаққандағы қауқары артады. Бізде әлі де бағаның құнсыздану процесі бар. Теңгені құнды валютаға айналдырғымыз келсе, елімізде шығарылатын тауарларды көбейтіп, қазақстандықтардың өз теңгесіне отандық тауарларды алу мүмкіндігін арттыруымыз қажет. Сондай-ақ сырттан келетін импорттық тауарлардың көлемі бізден шығатын экспорттық тауарлардың көлемінен артып кетпеген жағдайда, онда ұлттық валютаға деген сеніміміз нығая түседі", – деп атап өтті ол.

Экономист ай сайын түскен табыстың қандай бөлігін жинаған жөн деген мәселеге де тоқталды.

"Адамдар кем дегенде өзінің 10-15 пайыз қаражатын ашылған депозитте немесе қандай да бір арнайы биржалық нарыққа жібергені дұрыс. Энгель заңы бойынша адам өз жалақысының 50 пайызын азық-түлікке жұмсайтын болса, ол кедей адамдардың санатына жатқызылады. Себебі қалған ақшасы оның дамуына жетпейді. Егер де біз жоқ дегенде айлықтың 10-15 пайызын, мүмкіндік болса 20-25 пайызын ай сайын депозитке салып отырсақ, бұл келешекте қаржылық тұрғыдан дұрыс ойлауымызға да мүмкіндік береді", – деп жалғастырды сарапшы.

Бауыржан Ысқақов ақшаны үйден гөрі банкте жинаған дұрыс деген пікірде. Айтуынша, бұл инфляциядан, сондай-ақ әртүрлі қауіп-қатерден, сыртқы факторлардан қорғайды.

"Барлық жұмыртқаны бір себетте ұстауға болмайды"

Экономист Ләззат Нұрғалиқызының сөзінше, қаражатты теңге, доллар, евромен ұстаған жақсы.

"Қытайдың "барлық жұмыртқаны бір себетте ұстауға болмайды" деген мақалы бар ғой. Сондықтан міндетті түрде ұстайтын қаражатыңыз бірнеше себетке бөлінуі тиіс. Жалпы қазір қазақстандықтардың ұлттық валютаға деген сенімі қаншалықты екенін нақты кесіп айту қиын. Дегенмен де елімізде қайбір операцияларда төл валютамыз жүреді. Сондықтан міндетті түрде теңге болу керек. Егер сіз көп қаржыңызды жинақта ұстайтын болсаңыз, шетел валютасына шаққандағы теңгенің құны арзандап кететін болса, сіз одан депозиттен гөрі көбірек табыс алуыңыз мүмкін. Бірақ ол нақты факт емес. Бүгін-ертең ол ақшаның құны өзгере ме, жоқ па деген сияқты. Оның үстіне ол тек қымбаттай бермейді, арасында құбылып тұрады", – деді экономист.

Оның айтуынша, ай сайынғы жалақыны үшке бөлген жөн.

"Егер 100 мың теңге алатын болсаңыз, соның 10 мың теңгесін жинауға дағдыланған жөн. Бұл шарт. Екіншіден, күнделікті қажеттілікке жұмсалатын қаражатыңыз болу керек. Тамаққа, киімге немесе балалардың оқуына дегендей. "Қауіпсіздік жастығы" сияқты ақшаның болғаны да құба-құп. Үшіншіден, қайырымдылық жасау – бұл да шарт. Ата-анаңызға көмектесіп, отбасылық жағдайы төмен адамдарға аз да болсын қайырымдылық жасап отыру керек. Бұдан бөлек егер несиеңіз болса, онда оған кететін ақша да қамтылуы тиіс. Түскен табыс пен кеткен шығысқа талдау жүргізіп, жазып отырған дұрыс. Негізі тапқан табысыңыз емес, қолыңызда қанша ақшаның қалғаны маңызды", – деп атап өтті спикер.

Ләззат Нұрғалиқызы адамдардың үйде тұрған ақшаны жұмсауға бейім келетінін тілге тиек етті.

"Сондықтан банкте тұрғаны дұрыс. Инвестициялар, банктердің қосымшаларында түрлі акциялар, IPO-лар бар. Соларға салып жинасаңыз, ол өсім көрсетеді. Үйдегі ақшаның қолда тұруы қиындау деп айтылады. Банкте немесе жеке бір инвестициялық портфельдер ашып, соған салып қойған тиімді", – деп түйіндеді экономист Ләззат Нұрғалиқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу