Ақсу қалалық қазандығы: 11 млрд теңге желге ұшты ма?

Ірі жобаның іске аспауына кім жауап береді?

Ақсу қалалық қазандығы: 11 млрд теңге желге ұшты ма? Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында осыдан алты жыл бұрын құрылысы басталған қалалық қазандықтың "жыры" әлі бітер емес. Қаланы қосымша жылумен қамтамасыз етуге тиіс маңызды нысанның іске қосылатын түрі де жоқ. Бұлай жалғаса берсе, металлургтер шаһарында Екібастұздағы жағдай қайталануы бек мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Не себеп?

Әңгімемізді әріден бастайық. Ақсу қаласы жарты ғасырдан астам уақыт бойы жергілікті ферроқорытпа зауытындағы қазандықтар арқылы жылытылады. Тұрғын үйлер, әлеуметтік және бизнес нысандарға орталықтандырылған жылу берудің жалғыз көзі – осы. Бірақ мұндағы құрал-жабдықтың басым бөлігі ескірген. Осыдан 10 жыл бұрынның өзінде тозу деңгейі 70% болған. Жыл сайын ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, ауқымды жаңғырту бола қойған жоқ.

Осыны ескерген жергілікті билік 2015 жылы жаңа қалалық қазандық салуды ұйғарды. 2016 жылы жалпы құны 6,3 млрд теңге болатын техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, 2017 жылы стратегиялық маңызды нысанның қазығы қағылды. Жобалық-сметалық құжаттаманы сараптамадан өткізу барысында отандық өндірушілердің тауарларын қолдануға қатысты ескерту жасалды. Оған қоса, құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтар қымбаттап кетті. Сөйтіп, бүгінгі таңда қалалық қазандық жобасының құны екі есеге дейін өсіп шыға келді. Алты жыл аралығында оған қазынадан 11 млрд теңге қаржы жұмсалды.

Осындай қыруар қаражаттың қарастырылғанына қарамастан, ақсулықтар әлі күнге дейін оның игілігін көре алмай отыр. 2019 жылы қолданысқа тапсырылуға тиіс болған кәсіпорынға қатысты істің не себепті сиырқұйымшақтанып кеткеніне қатысты сылтау көп. Дәл осы жоба қолға алынған тұста Ақсу қаласының әкімі болған, кейін тағы бірнеше мемлекеттік қызметті ауыстырып, бүгінде бұрынғы креслосына қайта оралған шаһар басшысы Нұрлан Дүйсембинов былтыр күзде мердігер күлді үгітетін құрал орнатқан соң қазандық жұмыс істеп кетеді деген-ді. Бірақ олай болмады.

Бұл жолы облыс әкімінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбеков ақсулық қазандықтың уақытылы іске қосылмауын былай түсіндірді:

"Қазандықты іске қосуға дайындық жұмыстары барысында қазандықтар екібастұздық көмірге лайықталып жобаланғаны анықталды. Ал іс жүзінде бұл қазандықтар оған есептелмеген. Яғни, көмірді ауыстыру керек. Соның салдарынан тариф та көтеріледі. Қазір мердігер компания жобаға енгізілмеген, сараптамадан өтпеген құралды орнатуды сұрап отыр. Бұл ретте әкімдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке іске қосу кампаниясы мен мердігер ұйымның әрекетіне баға беруге қатысты өтініш жолдады", - деді Хасар Хабылбеков.

Шынын айту керек, бұл істің сәтті аяқталарына тұрғындармен қатар аймақ басшысы Асайын Байхановтың өзі де күмәнмен қарайды.

"Мердігерге қазандықты осы жылдың сәуір айында іске қосуға қатысты талап қойылды. Әр қазандық 30 ГКал жылу таратса, оны қабылдап аламыз. Бірақ әзірше олай болмай тұр. Қысқа уақыт аралығында мұндай көрсеткішке жетеріне де күмәнім бар",– деді аймақтың басшысы.

Кім жауапты?

Ақсу қаласындағы қазандық жобасына Үкімет пен Парламент те араласты. Таяуда Павлодар облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай бұл жобаның болашағына алаңдаушылық білдірді. Сөйтіп, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің атына депутаттық сауал жолдады.

"73 мыңдай халық тұратын шаһар бүгінде Ақсу ферроқортпа зауытының қазандығы арқылы жылытылып келеді. Оның да қазандықтарының тозығы жетіп тұрғандығы жасырын емес. Оған қаланың ескірген ішкі жылу жүйесін қосыңыз. Алда-жалда апат орын ала қалса, Екібастұздың күйіне түсуі мүмкін екендігін ескертеміз.

2016 жылдан қолға алынып, 2017 жылы қалаға жеке қазандық салу жұмысы басталған. "Ақсу қаласының құрылыс бөлімінің" тапсырысы бойынша 10 млрд 698 млн теңге бөлініп құрылыс жұмыстары басталған. Алайда қаржы жекіліксіз деп танылып, осы уақытқа дейін жалпы алғанда 12 млрд-қа жуық қаражат жұмсалды. Бірақ салынып бітіп, іске қосылған қазандық жоқ! Қала шетіне бой көтерген нысан мердігерден-мердігердің, қосалқы мердігердің қолына өткен түсініксіз нысан болып әлі тұр. Енді, ел бюджетінен миллиардттаған қаражат жұмсалған бұл құрылыс үшін кім жауап береді? Бұл арнайы тексерісті, жеке-дара талдап қарауды қажет ететін сауал. Сондықтан ертең қыстың көзі қырауда Ақсу қаласының тұрғындары да жылусыз қалуы мүмкін деген қауіппен дабыл қағып отырмыз. Әрі арнайы шаралар қабылданып, дереу шешім қабылдауы керек", – дейді депутат.

Бұған қатысты құзырлы ведомство басшысының да өз айтары бар. Дәлірек айтқанда, нақты жауабы жоқ.

"Ақсудағы қазандыққа қатысты болжам, жоспар жоқ. Себебі ондағы технология түсініксіз. Мердігер жобада қарастырылмаған үгіткіштерді өз қаржысы есебінен қойып жатыр. Ол кейін жұмыс істей ме, жоқ па – оны да ешкім айта алмайды. Жалпы, жобалауға, жұмысты орындауға қатысты проблемалар бар",– деп қайырды министр.

Ал көптің көкейінде жүрген, депутатты да мазалаған миллиардтаған қаржының есебі міндетті түрде болады. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунованың сөзінше, қаржының игерілуіне қатысты құжаттар құқық қорғау органдары беріледі.

"Қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көріп отырмыз. Сол себепті құзжаттар құзырлы органдарға тапсырылады. Дәл қазір мемлекетке келтірілген шығын көлемін дөп басып айту қиын. Ол тергеу амалдары жүргізілген соң белгілі болады. Бір анығы – жоба сапасыз, қымбаттауы тағы бар. Жобалық-сметалық құжаттаманы қайта есептеген соң ғана шығын көлемі анықталады", – дейді Наталья Годунова.

Миллиардтаған қаржының есебін кім береді? Оны алдағы уақыт көрсетер. Бір анығы, әлі күнге дейін нақты нәтижесі жоқ қаржы міндетті түрде сұралады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу