Ақсудағы алапат өрт ауылдықтарды шөпсіз қалдырды

Жергілікті тұрғындар мал азығын қайдан, қалай аларын білмей дал. 

Ақсудағы алапат өрт ауылдықтарды шөпсіз қалдырды

8 қазан, сенбі күні Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт Омаров ауылындағы шабындық жерден өрт шығып, 3 мың гектарға жуық аумақ отқа оранды. Шаруалар ала жаздай дайындаған 5 мың тоннадан астам шөп күлге айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Төрт түлікпен күнелтіп отырған Мәмәйіт Омаров, Еңбек, Сырлықала, Қазалы ауылдарының тұрғындары әп-сәтте жиған-терген шөбінен айырылды. Шабындық жерлер де жанып кетті. Сондықтан ауылдағы ағайын шарасыз күйде қалып отыр.

"Қаншама адамның жаздай дайындаған еңбегі далаға кетті. Енді бір айға жетер-жетпес уақыттан соң азын-аулақ малымыз қораға кіруі тиіс. Бірақ оларды қыстақта асырайтын мүмкіндік жоқ. Шөптің барлығын шауып алған едік. Мал азығын дайындайтын аумақ та қалмады", – дейді Мәмәйіт Омаров ауылының тұрғыны Мұрат Дөрбетханұлы.

Жергілікті жұртшылықтың сөзінше, ауыл әкімдігі дер кезінде әрекет етіп, өрт сөндірушілер уақыт оздырмай жетсе, дайындалған шөптің тым құрығанда бір бөлігін алып қалуға мүмкіндік болар еді.

"Ауыл тұрғындары өздері өрт сөндіруге кірісіп, қолдан мүмкіндігінше құралдар жасап, қызыл жалынмен арпалысты. Алайда желдің жылдамдығы тым қатты болғандықтан, дайындап қойған орама шөптің біреуін де ала алмадық. Өрт сөндірушілер дер кезінде жеткенде, бәлкім мұндай қиындыққа тап болмас едік. Енді қораға тұратын төрт түлікті қалай асырайтынымызды білмей, қол қусырып қалдық", – дейді ауылдың тағы бір тұрғыны Рүстем Амантай.

Ал облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басқрамасының бастығы Сергей Огай демалыс күндері облыс көлемінде болған төрт дала өртінің барлығына өрт сөндірушілер жұмылдырылғанын алға тартып отыр.

"Тілсіз жаумен күреске жалпы саны 207 қызметкер мен 42 техника жұмылдырылды. Ақсудағы өрт кеше таңғы 7.00-де сөндірілді. Өрттің себебі мен шығыны анықталып жатыр. Отты қасақана жасауы мүмкін деген күдікпен іс полицияға жолданды", – дейді Сергей Огай.

Тұрғындардың болжамынша, өртті ауылдағы өзеннен балық аулауға келушілер қоюы әбден мүмкін. Себебі бұған дейін өзенге апаратын көпірге күзет қойылып, өткен-кеткен адамдардың барлығы тексеріліп, есепке алынатын. Биыл белгісіз себептерге байланысты күзет қойылған жоқ. Сондықтан келімді-кетімді кісілер мен өрт қауіпсіздігін қадағалайтын ешкім жоқ.

Амалы таусылған ақсулық ағайын облыстық қоғамдық кеңес өкілдерінен көмек сұрады. Кеңес мүшесі Асылбек Туғанбайдың сөзінше, ала жаздай еңбегі еш кеткен ауылдағы тұрғындарға көмек көрсету үшін тиісті хаттар жолданды.

"Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтардан шыққан өрт салдарынан 3 мың гектардай шабындық жер, 5-6 мың тоннаға жуық шөп жанып кетті.  Шығын көлемі – шамамен 70-80 миллион теңге. Қар түсіп, малың қораға тұруына бір айдай уақыт қалғанда шөпсіз қалған ағайын шарасыз күйде қалып отыр. Ақсу қаласы әкімдігіне, ауыл шаруашылығы басқармасына тұрғындарды мал азығымен қамту бойынша өтініш жолдадық. Оң шешіледі деген үміттеміз", – деді Асылбек Туғанбай.

Сол сияқты демалыс күндері Май ауданы Баскөл ауылынан дала өрті шығып, екі күнде әрең дегенде ауыздықталды. Мұнда да шабындық жерлер отқа оранды деген ақпарат бар. Бірақ әзірше шығын көлемі нақты анықталған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу