Ақсулықтар 20 жыл бойы бастарын қатерге тігіп келеді

1082

Олар пойыз астынан өтуге мәжбүр. 

Ақсулықтар 20 жыл бойы бастарын қатерге тігіп келеді

2001 жылы Ақсу қаласы мен оның шағын ауданы болып саналатын Черемушка елді мекенінің арасына теміржол салынған еді. Алайда сол уақыттан бері жаяу жүргіншілерге арналған жол қарастырылмай келеді. Сондықтан тұрғындарға пойыздың астынан өтуден басқа амал қалмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Черемушка тұрғыны Зинаида Дмитриева Ақсу қаласындағы ауруханаға, басқа да әлеуметтік нысандар мен дүкендерге бару үшін екі бірдей пойыз жолынан өтеді. Көп жағдайда бұл аралықта жүк тасымалдайтын вагондар бірнеше күн, тіпті апталап тұрады. Сол кезде оқушылар, зейнеткерлер – барлық тұрғындар пойыздың астынан өтіп, Ақсуға жетеді.

"Осы теміржолдардан өткен сайын пойыздың астында қаламыз ба деп қорқамыз. Әсіресе, балалар мектепке барып-келгенше жанымызды қоярға жер таппаймыз. Бұл мәселені жергілікті әкімдік, теміржолшылар жақсы біледі. Тек әлі күнге дейін шешпей келеді", – дейді тұрғын.

Оның үстіне пойыз астынан өткен тұрғындарды тәртіп сақшылары "қыспаққа алады". Себебі ҚР заңнамасы бойынша азаматтар перромдар, платформалар мен вокзалдарда ғана жүруге құқылы. Теміржолдың үстімен өтуге болмайды. Полиция қолына бірінші рет түссе ескерту жасалады. Жағдай қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Ақсу қалалық мәслихатының хатшысы Мәдениет Омарғалиев жағдайды реттеу үшін автобус шығаруға болатынын алға тартады. Бірақ ол қаншалықты тиімді болатынын саралау керек.

"Черемушкада аз ғана адам тұрады. Олар жаяу жүрмес үшін атвобус ұйымдастыруға болады. Бірақ ол қаншалықты дұрыс? Қоғамдық көлікпен жүретін адамдар көп бола ма? Соны қарау қажет", – дейді Мәдениет Омарғалиев.

Черемушка ауылының тұрғындары пойыз астынан, Ақсу қаласына қарасты Береке, Достық ауылдарының тұрғындары автомобиль жолдарының жолақтарын бөлетін темір астынан өтіп жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы елді мекендер жанындағы республикалық маңызы бар жол күрделі жөндеуден өткен кезде көліктер қарама-қарсы бағытқа шығып кетпес үшін арнайы темір қоршаулар қойылған болатын. Бірақ бұл ауылдықтарға ыңғайсыздық тудырып тұр.

"Мұндай жол жаяу жүргіншілерге де, көлік жүргізушілеріне де ыңғайсыз. Екібастұздан келе жатып, жолдың арғы бетінен түсіп қалатын жолаушылар, олардың ішінде зейнеткерлер де бар, әлгі темір бөлгіштердің астынан еңкейіп өтеді. Ал жүргізушілер Павлодар қаласына бару үшін бірнеше ауылды айналып, содан соң ғана жолға шығады. Әр ауылдың тұсында жаяу жүргіншілер жолағын белгілеп, айналма жол салса, мұндай қиындық болмас еді", – дейді тұрғын Еркебұлан Көлбай.

"ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы Павлодар облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдин бұл жолдың республикалық маңызы болғандықтан, ауылдықтар қалаған жерге жолақ сызып, жол аша алмайтынын айтып, қысқа қайырды.

Шенеуніктер осындай қисынсыз ережелерді алға тартып отырған тұста қатардағы тұрғындар күн сайын не пойыздың, не көліктің астында қалудан қорқып жүр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу