"Ақтауда итбалықты сабайды деген түсінік жалған"

3700

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов inbusiness.kz порталына берген сұхбатында мұнайлы өңірдің дамуы, экологиялық ахуалы, Каспий теңізінің, ондағы итбалықтың жағдайы, түйе шаруашылығы, басқа да көкейкесті мәселелер төңірегінде сөз қозғады.

"Ақтауда итбалықты сабайды деген түсінік жалған"

-Аймақтың короновирус инфекциясына байланысты қазіргі ахуалы жөнінде не айтасыз? Келесі толқынға дайындығымыз қандай? Бұған дейінгі қиын кезең бізге қандай сабақ берді, қалай әрекет ету керектігін көрсетті?

-Қазіргі күні Маңғыстау облысында эпидахуал тұрақты деуге болады. Облыстағы барлық коронавируспен ауырған науқастар толық емделіп, қала, аудандардағы провизорлық стационарлар жабылды. Соңғы аптада облысымызда коронавирус жұқтырғандар тіркелген жоқ.  Бірақ, бұл бәрінен құтылдық дегенді білдірмейді. Әрқашан сақтық шаралары мен санитарлық ережелерді естен шығармауымыз керек. Өздеріңізге белгілі, маусымның соңы мен тамыз айының ортасына дейін еліміз бойынша қабылданған карантиндік шектеулер індетті ауыздықтауға оң әсерін тигізді.  Сондықтан, мамандар айтқан кеңесті тыңдап, талапты бұлжытпай орындауымыз керек.

Маңғыстау облысы алдағы күз айларында КВИ қайта өршіген жағдайда инфекциялық, провизорлық ем шара орындары емделушілерді қабылдауға барынша дайындалуда. Індеттің таралмауына тосқауыл болу мақсатында

іс-шаралар жоспары бекітілді. Аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға сәйкес 170 адамға арналған 9 инфекциялық стационар бар. Резервтегі 11 инфекциялық стационарда 1835 төсек орын дайын. Кадр резерві жасақталды. Қазіргі уақытта 183 дәрігер дайындалды, дегенмен, облыс бойынша 75 дәрігерге әлі де қажеттілік бар. Ақтау қаласында 200 төсек орынды тез құрастырмалы модульдік инфекциялық ауруханасы салынып жатыр. Ол барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, облыстағы дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығын болдырмау үшін бір айлық қорын жасақтауды ұйымдастыру, жеті денсаулық сақтау нысанына оттегі бөлу желілерінің құрылысын аяқтау, "БРК-Лизинг" желісі арқылы жедел-жәрдем бригадаларына 52 арнайы авокөлік алу қарастырылған. Бұдан бөлек, бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтарына және дәрігерлік амбулоторияларға 34 медициналық УАЗ автокөлігін алу жоспарлануда. Он екі медициналық мекеменің қажетті материалдық-техникалық базасын жаңарту; Жаңаөзен қаласының бұрынғы туберкулез ауруханасын инфекциялық диспансерге қайта бейімдеу жұмыстарын жүргізу; алпыс орындық "ӨзенМұнайГаз" АҚ ауруханасын провизорлық стационарға қайта бейімдеу; Жаңаөзен қаласында демеушілік көмек есебінен ПЦР-тестілеу зертханасын салу; Форт-Шевченко қаласының туберкулез ауруханасын инфекциялық диспансерге қайта бейімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұлардың барлығы 1 қазанға дейін аяқталады.

-Өңірде жұмыс атқарып жатқан компаниялар аз емес, олардың карантин уақытында қандай және қанша көлемде көмек көрсетілді. Бұл қаражат қалай игерілді және қаншалықты қадағаланды?

-Әлемді жайлаған індетпен күресте халқымыздың бірлігі мен азаматтық белсенділігі артты. Ол біздің өңірде ғана емес, еліміздің барлық аймағында орын алған оқиға. Жасыратыны жоқ, медициналық мекемелердегі құрал-жабдық, дәрі-дәрмек жетпей жатқан қиын-қыстау кезде жекелеген азаматтар, кәсіпкерлер және көптеген компаниялар қол ұшын созып, халқымыздың жанынан табыла білді. Күндіз-түні қызметте жүрген ақ халаттыларымыздың жатын орны, тамағы мен қорғаныш киімі және әртүрлі медициналық аппараттар мен құрал-жабдықтар алып беруге демеушілік жасады. Тек қаржылай көмекпен шектелмей, ел азаматтары, жастар жағы ерікті түрде белсенділік танытып, қол көмектерін көрсетті. Сондықтан бөліп-жарып жатпай, елдік істің басынан табылған барлық азаматтарға облыс халқының атынан алғысымды жеткізгім келеді.  

-Пандемия кезінде бірден-бір зардап шеккен топ – сервистік қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер болды. Жергілікті кәсіпкерлердің карантиндік режимдерден барынша аз шығынмен шығуы және бизнесін біртіндеп қалпына келтіру үшін әкімдік тарапынан қолдау мақсатында жасалған және жасалып жатқан шаралар бар ма?

-Маңғыстау облысында 119 мың адам жұмыс істейтін 52,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Карантин енгізілгеннен кейін өңірдегі 776 кәсіпкерлік нысаны зардап шекті. Оның ішінде қоғамдық тамақтану саласы 37 %, тұрмыстық және өзге де қызметтер саласы 30%-дан аса шығын көріп отыр.

Облыс бойынша карантин енгізілгенге дейін 776 кәсіпкерлік нысанында 5087 адам жұмыс жасаса, кейін оның 41% немесе 2088 қызметкері еңбек ақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген, 39% немесе 1996-і қысқарған. Тиісінше, аса зор зардап шеккен қоғамдық тамақтану саласында карантин енгізілгенге дейін 2478 адам жұмыс жасаса, кейін оның 40 % немесе 983-і ақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген,  58 % немесе 1433-і қысқарған. Тұрмыстық және өзге де қызметтер саласында 761 адамның 65 % немесе 497-сі ақысы сақталмайтын демалысқа жіберілсе, 29 % немесе 221-і қысқарған. Жалпы, еңбек ақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген 2088 қызметкердің 65% немесе 1350-і 42 500 теңге әлеуметтік төлем алған. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік, өңірлік бағдарламалар мен "Даму" қорының бағдарламаларына қатысушыларға несиені кейінге қалдыру бойынша әр кәсіпкердің өтінішіне сәйкес 141 345 млрд.теңге болатын 341 жобаға жеңілдік мерзімі  берілді. Бұдан басқа да үкімет тарапынан қабылданған жеңілдіктер мен қолдаулар аясында көмектер көрсетілді.

-Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі қандай? Жұмыстан қысқарған немесе босаған орналастыру мәселесі қалай шешілуде? Қанша бос жұмыс орны ашылды?

-Биыл облыс бойынша қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар және жеке бастамалар шеңберінде 27 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған болатын. 1 тамыздағы жағдай бойынша 16,6 мың жұмыс орындары құрылды, оның ішінде 12 мыңға жуығы - тұрақты жұмыс орындары. Алға қойған меже толық орындалады деп отырмыз.

Облысымызда биыл жеті инвестициялық жаңа жоба іске қосылады. Жаңа жобалар іске қосылғанда бір мыңға жуық жұмыс орыны құрылатын болады. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің Кешенді жоспары әзірленді. Кешенді жоспар шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 17 мыңға жуық адам қамтылады деп күтілуде. Оның 8 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындарымен қамтылмақ. Сонымен қатар, қысқа мерзімді кәсіби оқумен 400 адам қамтылады, оқуды аяқтағасын олардың кемінде 60 пайызы жұмыспен қамтылады; 624 азамат үшін шағын несие қарастырылған; 630 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттармен қамтамасыз етіледі; 794 адам "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы бойынша, 540 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2 360 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілетін болады.

Кешенді жоспарды іске асыру басталып кетті және ниет білдірушілер жергілікті жұмыспен қамту орталықтары мен бөлімдеріне хабарласа алады.

Жұмыспен қамтуды жол картасы шеңберінде жобалар іске асырылғаннан кейін бес жүзге жуық тұрақты жұмыс орындары құрылмақ. Облыс бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі осы пандемияға байланысты 5,1 пайызға өсіп отыр.

-Аймақта ауыл шаруашылығын, соның ішінде, түйе шаруашылығын дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Карантин шаралары шұбат өндірісіне, бағыты мен таралуына қаншалықты әсер етті?

-Шөл және шөлейт аймақта орналасқан Маңғыстау өңірінде жер үсті тұщы су көздерінің, мәдени жайылымдардың болмауы, құрғақ климат, табиғи жайылымдардың шығымдылығының ауа райына тәуелділігі, жерасты су көздерінің жоғары минералдануы аграрлық сектордың дамуын шектейді.

Қазіргі мәселе, Маңғыстауда түйе шаруашылығын қалыптастыру және кең ауқымды дамыту болып отыр. Еліміздегі түйе түлігінің үштен бір бөлігі біздің облыста шоғырланған. Себебі, түйе шаруашылығы - облыстың мал шаруашылығының негізгі саласы. Қазақстанда түйе өсіру бойынша Маңғыстау облысы көш басында. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында статистикалық мәліметке сәйкес түйе малының 82 171 басы бар. Олардан жылына шамамен 5700 тонна сүт, 3000 тонна ет, 184 тонна жүн, сонымен қатар, 14000 бас төл алынып отыр. "Аруана" асыл тұқымды түйлерді сатып алу және тұқымын көбейту Жарғылық капиталды ұлғайту бағдарламасының жалпы қаражатының көлемі 210 000,0 мың теңге "Каспий ӘКК" АҚ-на аударылып, осы бағдарлама негізінде, "Қарағантүбек" ЖШС 2019 жылы 150 бас асыл тұқымды "Аруана" түйе сатып алды. 2020 жылы 100 бас асыл тұқымды "Аруана" түйесі сатып алынды. Бұл бағдарлама он жылдық бағдарлама болып табылады. "Қарағантүбек" ЖШС  2019 жылы 2,3 тонна шұбат өндіріп, 14 адамға қосымша жұмыс орны ашылды.

Облыс бойынша шаруа қожалықтары тек бір бағыт бойынша айналыспайды, түйе шаруашылығымен бірге жылқы, қой шаруашылықтарымен да дамып келеді. Атап айтқанда, өңірде 1100 шаруа қожалығы түйе шаруашылығымен айналысады. Мұндай кәсіпкерлер үшін түйе сүтін, жүнін өңдейтін жабдықтарды сатып алуда, цехтар ашуда мемлекеттік қолдау шаралары – субсидия (инвестициялық), сондай-ақ, несие беру қарастырылған. Сонымен қатар, өңірдегі "Ағарған" ЖШС, "Байболат" шаруа қожалықтары және "Жаңаөзен сүт зауыты" ЖШС озық технологиялық жабдықтарды пайдалану арқылы түйе сүтінен шұбат өнімін дайындап отыр.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, аграрлық несие корпорациясы сынды қаржы институттары арқылы төменгі пайызбен несие беру және сатып алынған жабдықтарға, сонымен қатар, жайылым жерге қазылған ұңғымаға, сатып алынған асыл тұқымды түйенің аталық басына мемлекеттен бір реттік 100 000 теңге субсидия беру қарастырылған. Біздің өңірде көпшілік шаруашылықтар түйелердің аналық басын сатып алуға ынталы, бірақ, түйелердің аналық басына субсидия беру ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидиялау бағдарламасында қарастырылмаған, сондай-ақ, қазіргі таңда тек түйе сүтіне субсидия беру қарастырылуда, ол түйе сүтінің өндірілген бір литріне - 55 теңге құрайды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы 17 шілдедегі №229 "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" және 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" субсидиялау қағидасына сәйкес мал азығын субсидиялауды қайта енгізді. Осыған орай, түйелердің бір аналық басына 20 000 теңге көлемінде мал азығына субсидия беру қарастырылған.

-Серікбай Өтелгенұлы, Маңғыстау облысында балық шаруашылығына қатысты қазіргі таңда орын алып отырған мәселелер бар ма? Балық өндірісінің көлемі қанша және берілген квота игеріліп отыр ма? Балықшыларға қандай жағдайдар жасалып отыр? Балық шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдау қажет деп санайсыз ба?

-Облыста өндірістік балық аулау аймағы Каспий теңізінің Түрікмен шекарасындағы Сүйе жерінен Прорва жерінен дейін, ұзындығы 1350 км жерді құрайды. Теңіз жағалауы бойынша 6 балық шаруашылық ауданы 35 учаскеге бөлінген. Оның ішінде, 27 учаске 20 табиғат пайдаланушыға бекітілген, 9 учаске резервте тұр. 27 шаруашылық нысанның екеуі бекіре тұқымдас балық өсіру, ал 18-і балық аулау мақсатында берілген. 2019 жыл бойынша 18 табиғат пайдаланушылардың балық шаруашылығы учаскелерінде 147 бригада, 597 балықшы қызмет етеді. Осы учаскелерде 205 қайық және 9 кеме жүзу құралы пайдаланылады. 

2020 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімге 3992,693 тонна балық аулауға квота бөлініп, нақты 3874,894 тонна балық ауланды. 2020 жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 1 шілдесі аралығына 5878 тонна балық аулауға квота бөлініп, оның 1896,9 тоннасына рұқсат берілді және нақты ауланғаны 189,846 тонна.

Сонымен қатар, 2020 жылдың сәуір айында акваөсіру және балық аулау әлеуетін ескере отырып, балық шаруашылығы саласында бизнесті дамыту үшін Маңғыстау облысының мастер-жоспары жасақталып, ҚР орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жолданды. Мастер-жоспардың негізгі бағыттары - өңірдегі тұйықталған сумен қамтамасыз ету қондырғыларын пайдаланып отырған балық өсірушілердің, шарбақты балық шаруашылығымен айналысушылардың жұмысын, жоспарын қолдап,  дамыту. Жоспарға облыста тауарлы бекіре балықтарын шығаратын "Kazakh osseter" ғылыми-өндірістік кәсіпорны" ЖШС қызметі енді.

Сонымен қатар, шабақты балық өсіру шаруашылығына табиғат пайдаланушы "Розенко" ЖК мен "CRUSTACEA" ЖШС арасында бірлесіп жұмыс жасау келісім шартына сәйкес жоба жасақталды. Шаян өсіру кәсібі де жоспарланып отыр.  2018 жылы "Caspian Fish@12" кәсіпорны "Даму" РМФ" АҚ қолдауымен "Nur Kapital" бағдарламасымен субсидия алып, Қарақия ауданы Теңге ауылында балық өнімдерін өңдеуге арналған үлкен ғимарат салды. Оған Ресейден әкелінген сыйымдылығы 25 тонна мұздатқыш және 5 тонна тоңазытқыш камералар, сыйымдылығы 200 кг ыстау және 150 кг кептіру камералары орналастырылған.

"Бөлекбаев" жеке кәсіпкерлігінің Қаракөл көлінде қуаттылығы жылына 30 тонна тоғандық балық (сазан) шаруашылығын дамыту жобасы инвест жоба ретінде қаралып, 8 га жерге кадастрлық жоспары алынды. Ақтау қаласы әкімдігінің шешімі негізінде 2025 жылға дейін жалдау құқығымен келісім-шарт жасалды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен келісім алынып жатыр.

-Каспий теңізінің экологиясы Маңғыстау жұртшылығын ғана емес, әлемнің көптеген елдерін алаңдатады десек артық айтқандық емес. Осы орайда, теңіз деңгейін, тазалығын сақтау мақсатында қандай жұмыстар атқырылуда? Мұнай қалдықтарының су айдынын шектен тыс ластамауы назарда ұсталып отыр ма?

-ҚР энергетика министрінің 2015 жылғы 23 ақпандағы №134 бұйрығымен бекітілген Теңізде және Қазақстан Республикасының ішкі су айдындарында мұнай төгілуінің алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ұлттық жоспардың 24 тармағына сәйкес Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен Жұмыс тобы құрылған. Теңізде мұнайдың төгiлуінiң алдын алу және оны жою жөнiндегi өңірлік жоспары әзірленіп, ол облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Сондай-ақ, Теңіздің Маңғыстау секторында қайраңға тұрып қалған шетелдік үш кеменің "АРАКС" кемесі тазартылып, жойылды. Ал қалған екі кемеде кесу жұмыстарын жалғастыруда, экологиялық қауіп төніп тұрған жоқ.

Каспий теңізінің Қазақстан секторында 1399,5 қашықтықты құрайтын Түрікменстан шекарысынан Атырау облысының шекарасына дейін су қорғау аймақтары мен белдеулері орналастырылды. Каспий проблемалары ғылыми-зерттеу институты Ақтау филалының кешенді бағдарламасын жасақтау үшін облыстық бюджеттен 40,0 млн теңге бөлінді. "Астана" халықаралық ғылыми кешені "Маңғыстау облысы бойынша экологиялық жағдайды жақсартудың 2026 жылға дейінгі мерзімді қамтитын бағдарламасын" жасақтап аяқтады. "Маңғыстау облысы бойынша экологиялық жағдайды жақсартудың 2026 жылға дейінгі мерзімді қамтитын бағдарламасындағы" 27 ғылыми-қолданбалы зерттеу жобасын іске асыру үшін  тиісті органдарға жіберілді.

-Соңғы жүз жылда саны 90 пайызға кеміген итбалықтарды қызыл Кітапқа енгізу жайы талқылануда. Сонымен бірге, облыста жергілікті тұрғындар мен туристердің итбалықтарды ұрып-соққан деректері тіркелді. Сіздіңше, Каспий теңізін мекендегін жалғыз сүтқоректі жануардың сақтау, санын көбейту бағытында қандай жұмыстар атқарылуға тиіс?

- "Ақтауда итбалықты сабайды екен" деген мәселе жоқ. Ол интернет әлемін шарлап кеткен бір ғана оқиға! Қоғам болғасын, әртүрлі жағдайлар болып тұрады. Балалыққа салынып, қызық көріп көзге түсіп қалған оқиға деп ойлаймын. Дегенмен, қоршаған орта мен жан-жануарларға күтіммен, мейіріммен, ұқыпттылықпен қарау - әрбір азаматтың міндеті.

Каспий итбалығы – Кеңес дәуірінде құнды кәсіпшілік нысан болып табылды. Оны өндіру, негізінен, қыста Солтүстік Каспийде мұз шөгінділерінде шоғырланған кезде жүргізілді, сондай-ақ, көктемде және күзде - аралдарда жаппай жиналатын жерлерде өндірілді. Итбалықтарды өндіру итбалықтардың санының азаюына теріс әсерін тигізді. 1980 жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі, қарқынды кеме қатынасы, бекіре тұқымдас балықтарды браконьерлік аулауда торларға итбалықтардың түсуі, әсіресе, балық кәсіпшілігінің күшеюі сияқты басқа да себептер итбалық қоректенетін балық қорының азаюына әкелді.

Маусымдық сипаттағы өзекті экологиялық проблемалардың бірі -Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында Каспий итбалықтарының жаппай қырылуы. Жыл сайын сәуір –мамыр айларында Солтүстік Каспийде мұз еріген соң Құлалы аралдарының жағалауында, Қаламқас, Қаражанбас кен орындарында, Түпқараған ауданында өлген итбалықтарды лақтырады. 1968, 1971, 1972, 1977, 1979, 1997, 2000, 2006 жылдары өлген итбалықтардың шығарындылары жаппай орын алды. Әсіресе, 2000 жылы Қазақстан жағалауында шамамен 10 000 итбалық, ал бүкіл Каспий теңізінде шамамен 40 000 итбалықтың жаппай қырылуы болды. 2020 жылы өлі итбалықтардың тушасын лақтырудың 4 жеке жағдайы анықталды.

Каспий итбалығы популяциясы санының динамикасын зерттеу, қауіп факторларын кешенді бағалау және оларды азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында "Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар аумақтық инспекциясы" РММ "Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС-мен және "Гидробиология және экология институты" мекемесімен бірлесіп, 2020 жылғы 10-30 қазан аралығында Кендірлі шығанағы жанындағы аралдарға экспедиция ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, биыл жаз айларында "InAktau.kz" ғаламтор желісінде Қарақия ауданы, Құрық ауылынан солтүстік батыс бағытқа қарай шамамен 3-4 шақырым қашықтықтағы "Пирс" деп аталатын жердегі Каспий теңізінің жағалауында белгісіз адамдардың итбалық жануарын қолдарындағы таяқтарымен ұрып жатқаны туралы бейнежазбасы жарияланды. Алайда, оқиғаға қатысушылар итбалықты жағаға шығарып, қызықтағандарын, балалардың қорқып қашқандығын және итбалықтың теңізге қайта кіріп, өз жөніне кеткендігін мәлімдеген. Итбалықтың өлігін немесе жарақаттанғанын анықтау мақсатында Қарақия АПБ шұғыл тергеу тобымен бейнетаспа түсірілген жерге барып қарап, оқиға орнынан итбалық жануарының өлігі немесе жарақаттанған жануар анықталмағанын хабарлады.

2019 жылы 6 тамызда Ақтау қаласында Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы ашылды. Орталықта жараланған немесе жағалауларда жалғыз кездескен итбалықтар зерттеліп, қоректендіріліп, емделіп, қайта өмір сүру ортасына жіберіліп отырады. Биыл осындай 4 оқиға болды. Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен Ақтау қаласының орталық көшелеріне Каспий теңізін сақтау мен  итбалықты қорғауға шақырған билбордтар ілінді.

-Маңғыстау өңірі – туристік нысандарымен танымал өлке. Қысы-жазы әлемнің әр түкпірінен кісі ағылып келіп жататын Бекет ата қорымының өзі неге тұрады? Одан бөлек, Кендірді демалыс аймағын, биыл карантин кезінде ашылған "Rixos Aktau" қонақ үй кешені қонақтарды қабылдауда. Биылғы пандемия жергілікті туризм саласына қаншалықты әсер етті? Туристер көп баратын жерлерде карантин талаптары қалай сақталды?

-"Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" аясында республикалық туристендіру картасы жасақталып, ТОП-10 басым өңірлердің ішіне "Маңғыстау туристік аймағы" енгізілді. Еліміз бойынша Каспий теңізі жағалауында Ақтау қаласына Құрық портына дейінгі учаскелерінде теңіз курортын, жағажай туризмін дамыту туризмнің перспективті бағыты болып айқындалды. Карантин нормалары жеңілдегеннен кейін Ақтау қаласының, әсіресе, теңіз жағалауындағы қонақ үйлерінде жаз мезгілінде бос орын болған жоқ екендігі, бұл біздің өңірге деген қызығушылықтың белгісі, яғни ішкі туризмнің қарқынды дамуының көрсеткіші деп білеміз.

Сонымен қатар, қазіргі коронавирус жағдайына байланысты, Ақтау қаласының алты қонақ үйі уақытша медицина қызметкерлері үшін бейімделіп, 478 медицина қызметкері орналастырылды. Биылғы көктем-жаз айларындағы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып,  шілде айынан бастап "Риксос Актау" қонақ үйі және тамыз айынан "Холидей ИНН Актау" қонақ үйі кешенінің аквапаркінің ашылғанын атап өтуге болады.

Бізге демалуға келген қонақтарды тексеру жұмыстары әуежайға келген сәттен басталады. Ол үшін арнайы "Ресепшн деск" жұмыс істеп, мамандар келген қонақтардың жағдайын тепловизормен қарайды. Қонақ үйлерде бірден маскалар, санитайзерлер таратамыз. Келген жүк дезинфекцияланып, содан кейін ғана бөлмеге жіберіледі. Барлық қонақ үйде арнайы санитарлық дәрігер бар. Кез-келген белгілер пайда болған кезде жедел жәрдем шақыртылады. Өңірге келген қонақтардың қауіпсіздігін қадағалау мақсатында  барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуда.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу