"Біз Каспий теңізінің жағасындағы қаласында тұрамыз. Бірақ біздің шаһардағы жағалу туризмінің дамуына көңіліміз толмайды. Дубай, Түркия, Грузия, Әзірбайжан елдері сияқты неге жағалау туризмін дамытпасқа? Теңіз жағасында соқпақты жартастан басқа көз тойып, көңіл сергітетін жер жоқ. Қаланың сыртында демалыс орындары бар. Оларға жаз бойы бас сұғу мүмкін болмады. Бір күндік демалу бір айлығымызбен тең. Бұқара халық демалатын, бала-шаға асыр салып ойнайтын, отбасымен еркін баратын нысандар салуын талап етеміз", – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Махаббат Нұржанқызы.
Құжатқа қол қойғандар бірауыздан жағалауды абаттандырып, онда жаңа серуендеу аймақтарын, демалыс орындарын, заманауи бес жұлдызды қонақ үйлерді, қала тұрғындары мен туристерді тартатын орталықтарды, аквапарктерді, спорт аймақтарын, яхталық демалысты, балалар мен спорт алаңдарын, жүгіру және веложолдарды және т.б. салу қажет екенін ашық айтты.
"Мұнайға байланып отыратын уақыт кетті деп дабыл қағасыздар. Туристер мен инвесторлардың ақшасы қалада қалсын десеңіздер, неге жаңа жұмыс орындарын ашып, сервистен табыс тауып, Ақтауды Қазақстанның туристік астанасына айналдыра алмаймыз?", – дейді олар.
"Маңғыстау мұнай саласынан біртіндеп бас тартуы тиіс болса, онда балаларымызды мұнай саласына оқытуды доғарып, Түркиядағыдай туризм мен сервиске назар аударатын кез келді. Осылайша, біз бәсекеге қабілетті бола түсетініміз анық. Ақтау – Каспий теңізінің нағыз жауһарына айналатынына сенімдіміз. Ақтауда туризмді дамытуды қолдаймыз!", – делінген петицияда.
Тасым Жаңай