Түркістанда өткен кездесу 0:2 есебімен аяқталды. Матчтың 34-минутында француз легионері Уго Видемон алғашқы голды соқты. 76-минутта Темірлан Ерланов екінші голды соқты. Бірақ Юрий Логвиненко ойыннан тыс қалып, пас бергендіктен гол есепке алынбады. Екі минуттан соң қонақтар тағы бір гол соқты. Бұл жолы ресейлік Сердер Сердеров көзге түсті. Ойынның қалған бөлігінде есеп өзгеріссіз қалды. Осылайша, "Ақтөбе" 29 ұпай жинап, турнир кестесінде көш бастады. Одан кейінгі "Астананың" 27 ұпайы, ал "Ордабасының" 26 ұпайы бар.
Матч аяқталған соң "Ақтөбе" командасының жартылай қорғаушысы "Тұранға" қарсы өткен жеңісті ойынға қатысты (2:0) пікір білдірді.
"Қиын ойын болды деп айта аламын. Өйткені қарсыластың біліктілігі жеткілікті. Қарсы шабуылдарда жақсы ойнайды. Олар Премьер-лигада ең аз гол жіберген команда. Көптеген матчтарда олар жеңілген жоқ. Біз қиын матч болады деп күттік. Бірақ, 2:0 есебімен жеңіске жеттік. Негізінде, біз матч барысын бақылап, допқа көбірек иелік еттік. Әсіресе бірінші таймда. Мүмкін бірінші голдан кейін олар қорғанысқа назар аударды. Біз қарымта шабуылдарда ойнауға тырыстық. Екінші таймда "Тұранның" гол соғатын мүмкіндігі болды. Жалпы, қос тарап та әсерлі ойын көрсетті. Бүгінгі матчқа қатысқан жанкүйерлерімізге жылы лебіздері үшін алғыс айтқым келеді", - деді Рамазан Оразов.
Ал үшінші турда кейінге қалдырылған ойында "Шахтер" өз алаңында "Ақсуды" жеңіп, ҚПЛ кестесіндегі бәсекелестерінің біразынан артқа тастады. Қарағандыда өткен ойын 4:2 есебімен "Шахтердың" пайдасына аяқталды. Алаң иелері алғашқы таймның өзінде үш гол соғып үлгерді. "Кеншілер" сапында Тоқтар Жаңғылышбай, Роман Мұртазаев және Иван Граф мергендік танытты. Бірақ екінші таймда "Ақсу" Асланбек Кәкімов және Еркебұлан Тұңғышбаевтың голымен жауап қатты. Ал ойынның қосымша уақытында Роджер Каньяс пенальтиді сәтті орындады. Сондай-ақ кездесудің 24-минутында Эдин Рустемович, 92-минутта Евгений Задоя алаңнан қуылды. Осы жеңістен кейін "Шахтер" 20 ұпаймен тоғызыншы орынға көтерілсе, "Ақсу" 17 ұпаймен оныншы орынға түсті.
Ермұхамед Мәулен