Ақтөбе облысында тұрғындар шошқа фермасын жабуды талап етуде

2238

Жерге көмілген қалдықтың мүңкіген исі маңайға жайыла бастаған. 

Ақтөбе облысында тұрғындар шошқа фермасын жабуды талап етуде

Ақтөбе қаласына жақын орналасқан Бестамақ ауылының тұрғындары он жылдан бері шошқа фермасын жабуды талап етіп келеді. Кәсіпкер Гайк Тертерянға тиесілі мал шаруашылығы фермасы 2008 жылы  индустриалды-инновациялық даму картасы аясында ашылған.  Әуелде бұл жерде аустралиялық түйеқұстар өсірілетіні айтылған.  Экзотикалық құстардың орнында шошқа жануарының болатынын тұрғындар мекеме жұмыс істей бастаған кезде бір-ақ білген.

Қазіргі күні Бестамақта 26 базада 40 мыңға жуық шошқа бағылып, күніне 280 мал етке өткізіледі екен. Шошқа қалдықтары 900 шаршы метр аумақты алып жатыр. Бұған дейін шошқа фермаларының қалдықтарын Байбақты өзеніне ағызып келген. Бұл су тұрғындар суын тұтынып отырған Елек өзенінің суымен қосылады. 2014 жылы Байбақтыда балықтар қырылып қалып, оның шошқа шаруашылығындағы қалдықтардан болғаны анықталды. Алайда шенеуніктер кәсіпкерлерді тексеруге мороторий бар екенін және өзен суының таза болып шыққанын айтып  мәселені жылы жабумен келген.

Амалы таусылған бестамақтықтар енді шошқа фермасын жабуды талап етіп, ашық наразылық білдірді. Айтуларынша, сойылған талпақ танаудың қан-жынын енді ауыл маңына көме салатын болыпты. Одан шыққан мүңкіген иіс тыныс алдырмай, көршілес ауылдарға дейін жеткен. Ферма Есет батыр кесенесінің түбінен орын тепкен. Ауылда мешіт, "Ақтөбе" медресе-колледжі бар. Кей тұрғындар сол себепті де кездесуге келген Ақтөбе облысы және Алға ауданы әкімдігінің өкілдерін "әруақтан да қорықпайсыңдар" деп сөкті.

Белгілі болғандай, соңғы жиырма күн ішінде шошқа фермалары жерге алты мың тоннадай өндірістік қалдықты көміпті.

Ондағы атқарушы директор  Нұрым Құмаровтың айтуынша, олар қалдықты жемге қосатын ұн жасау үшін өңдейді екен. Ол үшін жұмыс көлеміне қарай "мыңдық" және "бесжүздік" деп аталатын екі экструдер болған. Бірақ пандемия басталғасын "мыңдықтың" қосымша құралдары келмей қалады да, олар бар-жоғы бес жүз келі өңдейтін құрылғымен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ол үлгермегендіктен амалсыз шошқа қалдықтарын каустикалық содамен араластырып, жерге көміп отырғандарын мойындайды. 

"Бірнеше ай бұрын бізге шошқа фермасын көрсетіп, "бәрі керемет" деп бізге дүрсе қоя бергендер енді не деп жауап берер екен?! Сол кезде Алға ауданының әкіміне, шошқа базасының қожайыны Тертерянға "бізге 4 мың шошқаның қалдығының өңделетінін, зарарсыздандырылатынын көрсеттіңіз, ал 54 мыңдыкі қайда кетіп жатқанына есеп беруіңіз керек" деп ескерткенбіз. Облыстық қоғамдық кеңес отырысында соны тыңдайық деп мәселе көтергенмен, карантин, анау-мынау деп созылып, түк қозғай алмай жүргенде  аузы піскен шиқандай мәселе мына жақтан жарылды. Енді ашынған халыққа жауап берсін", –  дейді қоғам белсендісі Бақыт Жаншаева.

Қазіргі күні комиссия құрылып, тексеру аяқталғанша шошқа союға тыйым салынған. Жергілікті халық бұған дейін Ақтөбе облыстық экология департаментіне жазбаша арыз түсірмеген екен, ол енді ғана жазып тапсырылған.

"Бестамақ тұрғындарының шағымы бойынша қорытынды шамамен он күн ішінде шығарылуға тиіс. Егер аталған жайлар анықталса, ферманы жабу жөнінде сотқа ұсыным жолдай аламыз", - дейді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов. Тас-түйін бекінген халық болса "шошқа фермасы сот шешімімен жабылмаса оны өзіміз барып, тас-талқан етеміз",– деп отыр.

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу