Ақтөбенің ақ тарысы қайда?

1055

Тары өсіруден теңдесі жоқ рекорд орнатқан әйгілі диқан Шығанақ Берсиевтің ұрпағы өкінішін айтты.

Ақтөбенің ақ тарысы қайда? Фото: inbussines.kz

Даңқты диқан Шығанақ Берсиев – Ақтөбенің Ойыл ауданында дүниеге келген. 1938-1939 жылдары тұқымды қолдан сұрыптап, әр гектарынан 25 центнер тары алса, 1943 жылы  суармалы егістіктің әр гектарынан алған бұл көрсеткіш 201 центнерге дейін жеткен. Қарапайым ауыл шаруасының еңбекқорлығы бүкіл одаққа таралады. Бүгінде тары – Ақтөбенің брендіне айналған дәм. Алайда, атақты Шығанақ суармалы жерге жерге өсіріп, өзі қолмен сұрыптаған ақ тарының тұқымы бүгінде сақталмапты. Бұл туралы көзі тарышының ұрпағы айтты.

"Атамыздың ақ тарысын сақталмағанына, әрине, өкінішіміз бар. 1960 жылдары біздің үйде оның тұқымы болды. Сол өнім береді деп сеніп жүрсек, бекершілік болып шықты. 1989 жылдары Ақтөбедегі тәжірибе стансасына алып барғанымызда, мерзімі өтіп кеткенін айтты. Дұрыс сақталмаған деді. Енді өнім бермейді деді. Басқа жақта дәл сол ақ тары бар деп одан кейін естімеппін", – деді Шығанақ Берсиевтің жиені Ешмұқан Мұхамбетқали. 

Ақсақалдың айтуынша, Шығанақ Берсиевтің ізін қуып, егін салумен айналысқан балалары жоқ. Тек инженер-механик болғандары бар.

"Мен Ақжібек Берсиева деген қызынан тудым. Көбісі нағашы атамның тары өсіруден рекорд орнатқанын айтады. Ал шын мәнісінде ол сондай жетістікке  тарыны баптаудың шеберлігі, өзінің еңбегінің арқасында келді. Бір түйір тарыдан бәленбай масақ шығады, әр масақтан мыңның үстінде тары шығады. Өзі көпшіл кісі еді.  Ашаршылық кезінде халықты жұмысқа жұмылдырып, ұйымдастыра білді", – деді Ешмұқан Мұхамбетқали.

Шығанақтың ақ тарысынан тұқым сақталмағанын Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы колледжіндегілер де айтып отыр. Аталған білім ошағы диқанның есімімен аталады. 2006 жылы ақтөбелік селекционер ғалымдар Шығанақ сортын шығарады. Колледждегілер сол шығанақ сұрпы мен "Яркая 6 " деп аталатын тары тұқымын егіп, ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр екен. 

 "Колледждің 20 га астам жері бар. Шығанақ атамыздың тарысын өсіріп көрейік деп  тары ектік. Ондағы ойымыз – жоғары сұрыптан өнім алуға алуға мүмкіндік бар ма? Зерттеу жұмысына студенттерді де жұмылдырдық. Тамшылатып суару әдісін қолдандық. 2022 жылы тәжірибе стансасында ғалым Владимир Цыганковпен бірлесіп "Яркая 6" сортын сынап көрдік. Алған нәтижеміз жаман болған жоқ. Мысалы, суармай еккен жерде гектарына 8 центнер алсақ, ал суармалы еккен жерде 27 центнер өнім берді. Әрине, біз Шығанақ атамыздай бола алмаймыз, бірақ, біздің мақсатымыз оған жету емес, мамандарымызды жоғары, мол өнім алуға баулу. Сол сұрыпты көбейтіп, аудандастыру", – дейді Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің оқытушысы Гүлнар Ещанова.

Шығанақ еккен ақ тары сақталмаған болса, дастарханымызда тұрған қай тары деген сұрақ туындайды? Ғалымдардың айтуынша, қазір шаруалардың егіп жүргені  қызыл тары екен. Тарының отаны саналаған Ойылдың өзінде тары егумен үш шаруашылық айналысып отыр.

Аудандық әкімдіктегілердің айтуынша, "Жақып", "Тәжібай-агро" ЖШС және "Еңсеген" өндірістік кооперативтері осы шаруаны қолға алған. Биыл әр гектарынан 8-9 центнерден өнім алыпты. Ауданда жалпы аумағы 700 га жерге егін салса, соның 400 гектар аумағына тұқымын сепкен. Ойылдың тарысына сұраныс үлкен. Ақтөбе ғана емес, көрші Атырау, Орал, Ақтаудан тапсырыс беріп, алғызатындар да бар екен.

Ойылдықтардың  дастарқанынан тары үзілген емес. Өзге өңірде тарыны шәйдің дәмін келтіретін дәм, жент ғана дайынданса, Ойылдың халқы 14 түрлі дәм әзірлейді. Тіпті, тарының талқанын қосып торт пісіріп жүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу